ӨМIР

Жас өркенге – жаңа өмір

Өскелең ұрпақтың тәрбиесі туралы ойланатын салиқалы жасқа келген журналист, Manshuq сайтының колумнисті Мәди Мәмбетов өзінің ұстанымдарынан сабақ алған келесі буын өкілдері аға буынға ұқсамай, өзгеше болып өседі деп үміттенеді.

Мәди Мәмбетов

17 қыркүйек 2020

Бұл жазбамды немере інім Макске, жиен інілеріме, өкіл балаларыма, достарымның ұлдарына және де дүние есігін ашқан барлық бөбектерге арналады (Және балалық шақтан жасөспірім шаққа ауысқан балаларға да арналады).

– Қол көтеру – қиындықтан шығар жол емес. Ешқандай мәселе күшпен шешілмейді!

Біз – адамбыз, біздің өзге тіршілік иелерінен айырмамыз – тіліміз, мәдениетіміз, әдебіміз, заңымыз және санамыз бар. Біз тіл табысып өмір сүре аламыз. Егер сіз біреуге қол көтерсеңіз, оның жүрегінде дақ қалып қояды. Бұл өмірде ешкімге күш көрсетуге болмайды (әдетте психологиялық қысымды ажырату қиын, алайда оның өзіне жол беруге болмайды). Бала күнімде мен өте сирек төбелесетінмін. Төбелескеннен кейін үйге марқайып, ерекше қуанып оралатынмын. Өйткені өзімнің бұрышта тығылып қалмайтыныма, маған тиіспеңдерші деп жалынбайтыныма, қарсы соққы беріп, тиіскендердің тұмсығып бұзып қайтаратыныма (қарсыласым мені қан-жоса қып жерге құлатып кетсе де, өйткені мен мықты палуан емеспін) масаттанатынмын. Бірақ қазір ол қылығым үшін мақтанбаймын да, ол күндердің қайта оралғанын қаламаймын да. Мен төбелескеннен жігіт болып кеткен жоқпын. 

Иә, мен ешқашан ешкімге бірінші болып қол көтерген емеспін

– Адамның адамдығын, жігіттің жігіттігін танытатын – оның бұлшық еті мен білек күші емес. 

Ежелгі грек мүсіншісі Праксительден бастап бүгінгі күнгі көше жарнамаларына дейін сыртқы сымбат, күшті бұлшық ет, сұлу келбет пен беттің тегістігін ерекше әспеттейді. Мен өмірімде толық та, арық та, беті кедір-бұдыр да, көзі қисық та адамдарды кездестірдім, алайда олардың мінезі мен іс-әрекеті Микеланджелоға қарағанда әлдеқайда көркем көрінетін. Әрине, «Ержүректер клубындағы» Питт сияқты жауырыны қақпақтай жігіт болып, Burberry-дің жабысып тұратын пальтосын киіп жүруді кім армандамайды дейсіз?! Бірақ адами тұрғыдан алып қарағанда, ол аса маңызды емес. Мені тіпті қылтанақтай арық болған күнімді де, салмақ қосып, толып кеткенде де жақсы көргендер, маған ынтыққандар бар. Демек, сұлулық пен мінсіздікке арбалған әлемнің өзінде махаббат пен ынтықтық өз биігінде қала береді.

тәрбие, ұлдар

- Сыртқы келбетіңмен не істесең де өзің білесің.

Мен татуировка салғанды ұнатпаймын, жалғыз ғана пирсингім бар еді, оның өзі бітеліп қалды, өз басым оған өкінбеймін. Саған айтарым, бірдеңе бірдеңе істегің келе ме, істей бер. Ыңғайлы киім кигің келе ме, кие бер. Әдетте ыңғайсыз екенін білсем де, суық ауа-райында менің көзім көшедегі тар джинсылар мен жеңіл күртелерге түсе береді. Бірақ сен ұзын шашыңды ерекше ренкке бояғың келсе, болмаса қысқа белдемше не өлшемі үлкен жемпір кигің келсе, айналаңа жалтақтама! Есіңде болсын, біз тек қана екі ережені сақтауға міндеттіміз. Бірнішісі, тәніміз эксцесстеріміздің кесірінен зардап шекпеуі үшін (қыста жылы киініп, ыстықта күн тиіп ауырып қалмауды қадағалауымыз керек) оның алдында жауапты болуға және оны жақсы көруге міндеттіміз. Екіншісі – айналамыздағы адамдардың алдында мәдениет сақтау: біз оларды жиіркендірмеуіміз керек (сол үшін жиі жуын, киіміңді таза ұста). Қалғанының бәрі – далбаса.

– Жарысу мен бәсекелесу – жаман емес.

Олар бізді жетілдіреді, қанымызды тулатады. Мақсатқа ұмтылу, ынталану, мотивация – алға жетелейді. Алайда бұл – бөтен еркектермен жарысу немесе спортта және мансапта бәсекелес болу деген сөз емес. Бұл өмірде біз, яғни қатардағы ер адамдар байқай бермейтін жайттар бар. Солармен жарысу керек. Мәселен, асықпай, баппен, ерекше еңбекқорлықпен күнге ұмтылған жабайы жүзім ағашымен, азға қанағат етіп, қазіргі адамдар көзге де ілмейтін қарапайым заттардан өмірдің мәнін іздеуді үйренген ежелгі және қазіргі монахтармен, ақиқат пен шешім іздеген ғалымдармен, шыдамды, кешірімді, мейірімді, еңбекқор, келісімді, ең бастысы жанашыр әйелдермен бәсекелесу керек.


Өзіңмен-өзің жарыс: өткенге көз тастап, былтырғыға қарағанда ақылың толысып, шыдамың шыңдалып, мейірімді бола түскеніңді көргеннен артық ләззат жоқ. Мені мансаптағы жетістіктерден гөрі осындай жетістіктер көбірек қуантады.


Сексуалдық тұрғыдан жеңіске жеттім деп ешкімге мақтанудың қажеті жоқ, бұл сенің жеке мәселең, сенің құпияң. Достарыңның алдында оларды қызықтырамын деп түнгі сырыңды ақтару, ақжайманың астындағы өміріңді ойынға айналдыру – ақымақтық әрі тұрпайылық.

– Қадіріңді сақтап, бекзат мінезді болу маңызды.

Бұл ережелер ежелден бар, оны болмашыға біреуді өлтіруге немесе жекпе-жекке шығып, өзін құрбандыққа шалуға дайын мушкетерлердің жалған намысымен шатастырудың қажеті жоқ. Саған сенім білдірген жанның құпиясын сақта (егер ол әрине қазынаға қол сұғушы шенеунік болмаса), жаралы қарсыласыңды одан сайын ұрып өлтіруге тырыспа, күшіңді біреулерді қорлауға жұмсама, асылында, өзіңнен әлсіз адамдарға кеңпейіл бол. Жәбір көргендерді жақта, тату болуға ұмтыл, ұрыс отын тұтатпа, сұраған кезде ғана ақыл айт. Есіңде болсын, керуеннің жылдамдығы – ондағы ең әлсіз адамның жылдамдығы. Біз де сапарды жоспарлаған уақытта көштегі әлсіздер мен баяу адамдарды ескеруге тиіспіз. Алайда оларға бола көш бастаудан бас тартпа. Кез келген мәселенің шетін тұсы болады және бұл әлемде барлық сұраққа дұрыс жауап беретін адам жоқ. Сол үшін көбірек оқы, танымдық фильмдер көр, өзіңе сұрақ қой. Бәлкім саған дейін шешімін таппаған сұрақтардың жауабын табу қолыңнан келіп қалар. Мейірімді бол, басқалардың сезімін түсінуге тырыс. Адамның күші – мейірімді жүрегі екенін ұмытпа. Мейірімсіз күш ешқашан ізгілікке апармайды.

— Өзіңнің артықшылықтарыңды ұмытпа.

Сенің ұл бала, ер азамат болып дүниеге келгеніңнің өзі нәзік жандылармен салыстырғанда әлдеқайда өміріңді жеңілдетеді. Сен басқаларға сөзіңді өткізе аласың, сені жұрт тыңдайды, сенің өр мінезді, өжет, табанды болуға қақың бар, себебі саған ер адам болып туу бақыты бұйырды. Сондай-ақ, он екі мүшең сау болса, денсаулығыңды күтсең, Жер бетіндегі миллиондаған адамнан бақыттысың. Ата-анаң тірі болса, оның үстіне абыройлы, жақсы адамдар болса, өмірде жолың болып, бағыңның жануына да ықпал етеді. Тұрған жеріңде ыстық су, үйіңде жарық болса, бәрінен бұрын басыңда баспанаң, жаныңда отбасың болса, мектепте орта білім алуға мүмкіндігің болса, ал университетке түсу – қол жетпес арман емес, өміріңнің бір жоспары болса, егер сен жазу-сызудан хабары бар, сауатты адам болсаң, мүмкіндігің жеткенше бір-екі тілді меңгерсең, демек СЕН «қалыпты» адамдардың қатарындасың деген сөз. Демек, сенің маңдайыңның бағы бар. Біреулер туралы ғайбат айтқанда, өзгелерді сынағанда осыны ешқашан есіңнен шығармай, шүкіршілік ет. Мен басқаларға ашуланған кезде, болмаса біреуді кемсіту арқылы өзімнің бағамды арттырғым келгенде осыларды есіме түсіріп, тәубәма келемін.


Есіңде болсын, біреудің арқасында жеткен жетістігіңе, өзіңнің қолыңнан келмейтін іске кеудеңді керіп мақтанудан асқан ұятты қылық жоқ.

– Күндердің күнінде сен біреуге ғашық боласың. Адамның ең ұлы қасіреті – жауапсыз махаббат.

Егер сен сүйген адам сені сүймесе, таңың атпай, күнің батпай қояды. Аспаныңды бұлт торлап, құса боласың. Тамаққа тәбетің тартпай, өміріңнің мәні жоғалады. Бұл қасіретіңе махаббатқа қатысы жоқ жайттар әсер етпеуін тіле. Мәселен, жауапсыз махаббатың сені қаламаса, жүрегіне әмір жүргізе алмаса, тағдырдың маңдайға жазғаныны деп қабыл аласың. Ал егер оның сені сүйе алмауына ешқандай маңызы жоқ факторлар, яғни қоғамдағы дәрежең, ұстанған дінің, қай елдің азаматы болғаның, ұлтың, дәстүр-салтың әсер етсе, дүниеден бұдан асқан қасірет жоқ. Ғашық болуға қорықпа, ал мен сен ер жетіп, алғаш рет ғашық болғанға дейін бұл әлемді қажетсіз шарттардан тазалауға барымды саламын. «Ромео мен Джульеттаның» трагедиясы – олардың қосылуына кедергі жасаған феодал әулеттерінің ит ырғылжыңы. Олай болмағанда, қос ғашықтың бақытты болуына ештеңе кедергі келтірмес еді. Ештеңеге алаңдамай ғашық бол, ал егер жолың болмаса, жауапсыз махаббаттан өзге мұңаюға себебің болмасын.


(Мен сенің адамдық болмысыңды сақтап өсетініңе сенемін. Сен ешқашан кәмелетке толмаған балаға, қан жағынан туысың немесе ділдік ақаулығына бола ештеңенің салдарын түсінбейтін жанға ғашық болмайсың. Бұл қоғамда жай ғана мезі қылатын нормалардан өзде де көптеген тыйымдар бар).

– Күндердің күнінде жұлдызың жанып, бір адамға ғашық болып, ол адам сені де сүйіп, отбасын құрғың келеді. Ұмытпа, бұл шешім сенің біреудің алдындағы «парызың емес», жүрегіңнің қалауы болуы тиіс.

Ешқашан ешкімнің «міндетті» болғаны үшін отбасын құрып, өмірге бала әкелуге қақы жоқ. Некеңді қияр сәтте жарыңа адал болуға, өмір бойы сүйіп және қамқорлап өтуге ант бересің. Ант – сенің жүрегіңнен шығуы керек. Және өмірдің бұралаң жолдары барын, ұзақ жылдар бойы ол адаммен бірге болатыныңды ұмытпа. Уақыт өте келе көңілің суып, сезімің өшуі мүмкін. Кейде бұл орны толмас қасірет, ал кейде өмірдің шындығы. Уақытпен бірге махаббат қамқорлыққа, қимастыққа, түсіністікке, сыйластыққа айналмаса, жарыңды алдауға немесе опасыздық жасауға тырыспа. Кей жағдайда кетуді, соның ішінде, отбасын сақтап қаламын деп жұмсаған күшіңнің зая кеткенін түсінсең, дер кезінде кетуді білгенің жөн. Әйтпегенде, бір кездері өліп-өшіп ғашық болған сүйіктің өміріңдегі ең қауіпті дұшпаныңа айналуы мүмкін. Жағдайды оған жеткізбе. Некеге отырар алдында таңдаған жарыңмен тең құқылы болуға, бір-біріңді басынбауға келісіп алуың керек. Бұл жолға түспес бұрын бәрінің бетін ашып алған абзал.


Бірақ есіңде болсын, біз балаларымыздың өмірі үшін жауаптымыз және одан ешқашан тайқып кетуге болмайды. Перзентіңмен арадағы қарым-қатынасыңа оның анасымен арадағы қарым-қатынасың ешқашан әсер етпеуі керек. Балаларыңның анасына деген көзқарасың қандай болса да, әрқашан жақсы әке болып қалуға тиіссің. Отбасымен бірге тұрсаң да, ажырассаң да, басқа отбасын құрсаң да, балаларыңа жақсы әке болуға міндеттісің!


Кез келген уақытта кетуге қақың бар екенін ұмытпа, бірақ солай екен деп қалғың келіп тұрса да, кетіп қалма. Ал егер ақыры кетуге бел бусаң, өзгені сүйіп қалсаң да, екінші рет отбасын құрсаң да, тағы балалы болсаң да, бұған дейінгі балаларыңа деген махаббатың мен оларды дүниеге әкелген жанға деген құрметің жоғалмауы керек.


Отбасын құру мен ата-ана болу – екіжақты еңбек екенін естен шығарма. «Мен осы үйдің асыраушысымын» деген желеумен жұмысты сылтауратып, балаларды жуындыру, тамақ беру, ұйықтату, сабақ оқыту, жұбату, олармен ойнау, уайымын басу – бәрін тек қана анасының (егер біржынысты неке болса, екінші жартыңның) мойнына іліп тастау – өрескел қателік. Ата-аналық борышыңнан қашуға болмайды. «Аталарымыз солай өмір сүргені» үшін ғана әйеліңді үйге қамап, жұмыс істеуге тыйым салып, бала тәрбиесі мен асүйдің қызметін мойнына артып тастауға болмайды. Біздің заманымыз басқа, біздің қоғамда әйелдер мен ерлер тең құқылы, олардың да біз сияқты мансап қууға, ақша табуға, отбасына қаражат әкелуге қақы бар. Осы мәселемен бірге тағы бір жайттың шеті шығады. Кейбір ер адамдар отбасының асыраушысы деген атын асыра пайдаланып, басқалардың үстінен билік жүргізгісі келеді. Алайда дағдарыс жағдайында жұмысынан айырылса, қолына сырасын ұстап, теледидардың алдындағы диванға жайғасып алып, бала тәрбиесі мен үй шаруасына қоса, отбасын асырауды да әйелінің мойнына артып қояды. Бұл біздің еркек деген атымызға дақ түсіретін нағыз масқара әрекет! Бір қарасаң, бұл парадокс болып көрінеді. Әйткенмен, қазіргі қоғамнан осындай парадокстарды жиі байқаймыз.

– Әрдайым есіңде болсын «еркектікке жат» немесе «ер адамдарға тән емес» деген міндеттер болмайды.

Бала көтеру мен өмірге әкелуден басқа міндеттің бәрін-бәрін барлық адам жасай алады. Жөргекті ауыстыру, түскі ас әзірлеу, кір жуу, үтіктеу, қарттардың жағдайын жасау, жылау, мейірімді болу, балет билеу, тоқты жөндеу – адам алаламайтын жұмыстар.


Егер кейбір жұмыстар қолыңнан келмесе, YouTube желісінде қажетті жазбалар толып жатыр.

Суреттер: Роман Захаров
Данная публикация произведена в рамках проекта MediaCAMP и стала возможной благодаря помощи американского народа, оказанной через Агентство США по международному развитию (USAID). Manshuq Media несет ответственность за его содержание, которое не обязательно отражает позицию USAID или Правительства США, или Internews.
M

Читать также: