ҮН ҚАТҚАН маңызды — елеусіз қалдырма. Айналаңыздағылар сексистік сөздер айтқанда (мұның ішіне көлік айдай алмайтын әйелдер мен «ақымақ блондинкалар» туралы әзілдер де кіреді) пікіріңізді айтыңыз. Басқа еркек әйелге ерсі қылық көрсетіп жатқанда үнсіз қалмаңыз.
Бізді, еркектерді, сөзіміз бен мінез-құлқымызды басқа еркектің бағасына мән беретіндей етіп тәрбиелеген. Осылай бір-бірімізді ақылға сыймайтын не қауіпті жағдайға итермелейміз, бірақ бір-бірімізге жақсы жағына өзгеруге де көмектесе аламыз.
Өзім де басқа еркек достарым не әріптестерім әйелді қорлайтын не құнсыздандыратын әңгіме айтып тұрған жерінен бірнеше рет бөліп жібергенім бар. Одан кейін ондай әңгіме, әйтеуір мен барда, айтылмайтын болды. Бұл мені құрметтегендері ғана емес. Досыңа әйелдер көлікті әлдеқайда жақсы, қауіпсіз әрі тиімді айдайтынын дәлелдейтін әлемдік статистиканы келтірген соң, бұл туралы әзілдеу тіпті жайсыз сияқты.
ӨЗІҢЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛҒАН маңызды. Гендерлік зорлық — жалғыз әйелдердің мәселесі емес. Ол тұтас қоғамға психологиялық, экономикалық, медициналық тұрғыдан үлкен залал келтіреді. Еркектер осыны түсініп, бұл зұлымдықты тоқтату үшін әрбіріміз не істей алатынымызды ойлануымыз керек. Біз өскен, қалыптасқан және өмір сүріп жатқан патриархал парадигма бүкіл ғаламда әйелдерге ғана емес, балалар мен басқа да маргинал топтарға қарсы біз куә болып отырған зорлыққа жол беріп отырғанын ұмытпауымыз керек. Майдан шебінде, ас үйде, көше мен кеңседе — барлық жерде еркектер бірін-бірі өлтіріп жатыр. Зорлық сипаты бар қылмыстың көбін еркектер жасайтынына үйреніп кеткеніміз сонша — мұны ұнамсыз, бірақ бәрібір бола беретін норма деп қабылдаймыз. Бірақ олай емес қой. Бар күшімізді салып, қайтсек те досына сырын айтудан, психологқа барғаннан гөрі адам өлтіруді не зорлық көрсетуді оңайырақ көретін еркек қалыптастыруды тоқтатуымыз керек.
Өз бетіңізші БІЛІМ АЛУ өте маңызды. Кітап, мақала мен ғылыми еңбектер оқыңыз, подкастар мен TED тыңдаңыз, деректі һәм көркем фильмдер көріңіз. Бірақ ең бастысы: айналыңыздағы әйелдерге құлақ түріңіз. Өмір бойы менің айналамда әйелдер жүр — анам, әпкем, апаларым, әжем, құрбыларым, әріптестерім мен партнерларым. Олардың хикаяларын үнемі зейін қойып тыңдағаныма қатты қуанамын. Кімнің айналасында әйел жоқ дейсіз? Әрбір еркектің ақпарат алуға мүмкіндігі бар. Тек ауызды жауып, құлақ қойып тыңдау керек.
ФЕМИНИСТІК ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҰЙЫМДАРЫН ҚОЛДАҒАН маңызды. Олар әйелдер құқығын қорғап, зорлықтан жапа шеккендерді құтқарып, құрбандарға пана беріп, мәселені зерттеп, деректерді жинап, әйелдерге құқықтық қолдау көрсетеді. Өзіңізге жақын шелтерге не «НеМолчи» қорына айына бірер мың теңге жіберсеңіз, пайдасы зор көмек болмақ.
Әке болсаңыз не болғалы жатсаңыз, ҰЛДАРЫҢЫЗҒА ДҰРЫС ҚҰНДЫЛЫҚТАР СІҢІРІҢІЗ. Қыздарға күш көрсетуге болмайтынын үйретіңіз. Олар нәзік не болашақ ана болғаны үшін ғана емес, жалпы ешбір адамға күш көрсетуге болмайды. Қыз деген ең алдымен адам деген ойды сіңірген дұрыс. Мұны жазып отырғанымның өзі күлкілі, бірақ қайталау — білім анасы. Басқа кеңестерді менің бұған дейін жазғандарымнан оқысаңыз болады.
Эмпатияны қосып, мына әлем еркектен гөрі әйелдерге әлдеқайда қауіпті жер екенін есте ұстаңыз. АРА ҚАШЫҚТЫҚТЫ САҚТАҢЫЗ. Жалғыз әйел тұрған лифтіге кірмеңіз. Көшеде, әсіресе қараңғы, кісі жоқ жерлерде алдыңызда кетіп бара жатқан әйел өзін қауіпсіз сезінетіндей қашықтықта жүріңіз. Әйелдің жеке шекарасын сақтаңыз. Бұл — өте маңызды нәрсе.
Бөтен еркектің не еркектердің қасында жалғыз қалып қойған қыздың қандай үрей мен қорқынышты бастан кешетінін көп ер адам түсіне бермейді. «Жақсы адам» екенімізді, ешкімге «зиянымыз жоқ» екенін өзіміз білеміз ғой, бірақ қыздың оны білуі мүмкін емес.
Жалпы ТОКСИК МАСКУЛИНДІК ТҮСІНІКТЕРІНЕН БАС ТАРТУҒА тырысуымыз керек. Бұл — абзацпен де, мақалалар сериясымен де жазып бітіре алмайтын үлкен тақырып. Бірақ сонда да жазып жүрміз. Manshyq сайтында да, желіде де токсик маскулиндік туралы тарқатып түсіндірген жүздеген, мыңдаған мақала бар. Оқып шықсаңыз болады.