ӨМІР

Жанна Уразбахова:

«Зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің жалғыз мақсаты — «бүгін аман қалу»

KAZ Minerals қолдауымен жүзеге асып жатқан үйдегі зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты арнайы жоба аясында маңызды сұрақтарға жауап іздеуді жалғастырамыз. Бұл материалда біз былтыр көктемде Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе Нүкеновтер отбасының мүддесін қорғаған заңгер Жанна Уразбаховамен сұхбаттастық.

Виталина Калкаева

26 наурыз 2025

Жанна, Қазақстанда сізді зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің құқығын қорғайтын заңгер ретінде таниды. Дәл осы бағытты не себепті таңдадыңыз?
Шын мәнінде мен экономикалық қылмыстарға маманданған адвокатпын. Бірақ 2017 жылдан бері тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қорғаумен айналысып келемін. 2017 жылы маусымда сот ғимаратының ішінде маған қарсы тараптың өкілі қол көтерді, ал сот пен полиция қызметкерлері немқұрайлық пен әрекетсіздік танытты. Сол кезде еліміздегі зорлық-зомбылық құрбандары сезінетін немқұрайлықпен мен де бетпе-бет келдім. Сол сәтте «Егер адвокат болып істейтін менің өзіме бұл жағдай қиын тиген болса, басқа әйелдер қандай қиындықты бастан кешеді екен?» деген ой келді. Осылайша бос уақытымда оларға көмек көрсетемін деп шештім.
Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткішінің осыншама жан түршігерлік деңгейге жетуінің себебі неде?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық әлемнің барлық елінде бар, бірақ біздің елде бұл мәселе гендерлік теңсіздікке байланысты күрделі сипатқа ие болып отыр. Еркектерді биік қоятын дәстүрлер әлі де берік сақталып келеді – ұл баланы құдды бір құдайдай көріп, оған бәрін кешіреді, көз жұма қарайды. Әлі күнге дейін қыздарға «Ұлболсын», «Ұлкерек» деп ат қоямыз. Оған қоса әйелдің рөлін құнсыздандырып, екінші қатарға ысырып қояды. Әйелге ошақтың ұйытқысы, бала күтуші, үй қызметшісі, ас пісіруші рөлі берілген. Мұның ешқайсы да тең құқық ұғымына сай келмейді.
Ұлым әйелін құрметтеп, оған қол көтермейтіндей өсуі үшін не істеу керек және қызым болашақта зорлық-зомбылыққа тап болмауы үшін қандай тәрбие беру керек деген сұраққа жауап тапқысы келетін аналар бар. Мектепке құқықтық тәрбиені енгізу жағдайды жақсартуға көмектесе ала ма? Заңгер ретінде ойыңыз қандай?
Ең алдымен, мәселені түсініп, оның барын мойындауымыз керек. Мәселенің бар екенін мойындаған соң, онымен күресуге де кірісе аламыз.
Қазақстандық әйелдердің көмекке жүгінбеуіне не себеп? Жеке тәжірибеңіз бойынша не айта аласыз?
Зорлық-зомбылық жағдайында өмір сүрмеген, абьюзермен қарым-қатынаста болмаған адамға ол әйелдердің психологиясын түсіну қиын. Олар әбден қорқып қалған, ойлауы да басқаша. Олардың жалғыз мақсаты – бүгін аман қалу! Мұндай әйелдің үнемі ойлайтыны: «Күйеуімді кезекті рет ашуландырмау үшін не істеуім керек?». Екінші фактор – зорлық-зомбылық көрген әйелдерді ұят қысады. Өйткені күйеулері оларға үнемі барлығына өзі кінәлі екенін, оларды ұрып-соғуға өздері итермелегенін айтып, сендіреді. Мұндай әйелдерді қорқыныш билейді: қоғам айыптайды, түсінбейді деп, тіпті айтқаныма сенбейді деп қорқады. Сондықтан олар жылдар бойы өте қиын жағдайда, үрей мен кінә сезімін арқалап өмір сүруге мәжбүр.
Біздің елде жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға әділ жаза тағайындалады деп ойлайсыз ба? Бишімбаев ісі бойынша сот отырысын тікелей эфирде бақылаған азаматтардың пікіріне қарағанда, көпшілігі жазаны қатайту керек деп санайды.
Әрине, нақты қандай іс екеніне байланысты. Кейбір жағдайда зорлық-зомбылық жасаған адамға тым жеңіл жаза берілетіні рас. Жалпы алғанда, бізге заңнамалық тұрғыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтіп, басқа да шараларды қабылдау қажет. Мысалы, 2016 жылы Швеция «Әйелдерге қатысты ер адамдар жасайтын зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған жол бермеу жөніндегі ұлттық стратегияны» қабылдады.

Анықтама үшін

Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел гендерлік зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады.
Оның өзінде мұндай істердің 40%-ы ғана сотқа жетіп, тек кейбір қылмыс көпшілікке жария болады.

Былтыр 11 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойды. Бұл заң әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға кепілдікті арттыруды көздейді. Аталған заң Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Жаңа заң денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту тармағын қайта енгізіп (бұл екі қылмыс құрамы 2017 жылдан бері қылмыс деп танылмайтын), құқық бұзушыларға әлдеқайда қатаң жаза қарастыруды көздейді.

Сонымен қатар бұл заң қайталанатын ұрып-соғу немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтіру істерінде тараптардың татуласуына мүмкіндік бермейді.

Қазақстандық әйелдердің көмекке жүгініп, сол арқылы өзін және балаларын зорлық-зомбылықтан құтқаруы үшін не істей аламыз?
Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандардың бәріне психологиялық және заңгерлік көмек көрсететін кешенді әрі тегін мемлекеттік бағдарлама қажет. Әйелдер өз құқықтарын біліп, ол үшін күресуге психологиялық тұрғыда дайын болған кезде абьюзив қарым-қатынастан шығу да әлдеқайда жеңіл болады.
Оң өзгерістерге үміт бар деп ойлайсыз ба? Әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің шешілетініне сене ала ма?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін бізге ондаған жылдар қажет деп ойлаймын. Өйткені менталитетті, қалыптастып қалған көзқарастарды өзгерту керек, зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбейтін орта қалыптастыру қажет. Әйелді екінші сорттағы адам ретінде қабылдауға негіз болатын гендерлік теңсіздік мәселесін шешу керек. Өскелең ұрпақпен осы тақырыпта сөйлесу маңызды. Ең бастысы, мен бұған дейін де айтқандай: мәселенің бар екенін мойындаған сәт – өзгеріс жолына бастайтын қадам болмақ.
M

Читать также: