9 қаңтар 2025
Қараша ортасында Алматыны басып қалған қалың қарды жарып таксиде келе жатырмыз. Құрбым екеуіміз достарымыздың қала сыртындағы үйінде өткен сауық кештен қайтып барамыз. Такси қала шетіндегі ауданның тар көшелерін кезіп, орталыққа апаратын жолға бет алған. Иін тірескен жер үйлер өзінше үйлесіп-ақ тұр. Кенет алдымыздан полиция жарығы ойнаған көліктер ию-қиюлап шыға келді. Түннің бір уағы. Бұрын саяжай болған аудандағы қап-қараңғы көшеде төрт көлік бірінен соң бірі полицияның құлақ тұндыратын сигналын қосып, көз қаратпас қызыл-көк жарығын ойнатып кетіп барады. Зәрем қалмады. Бір орнымда тапжылмай отырып қалдым да:
— Сұмдық бірдеңе болған сияқты, — дедім.
— Жоға, саспа, — деді таксист. — Қыз ұзатып әкеле жатыр.
Құрбым екеуіміздің үнсіз таңданысымызды таксист бөлді. Қазір ұзатудан кейін қалыңдықты осылай полицей мәшинесіне ұқсаған көлікке отырғызып, тізілген кортежбен әкету әдетке айналған екен. Қызыл-көк жарық пен сиренаны сатып алу сөз емес. Тәртіп сақшылары не қарап жүр дейсіз бе? Олар да адам, түсінеді ғой. Ертең олар да ұлы мен бауырларын үйлендіреді.
— Дәстүр солай, — деп таксист әңгімесін аяқтады.
«Дәстүр солай» дегеннен кейін бірдеңе деу қиын өзі. Кейбір тәртіп жылдар бойы қалыптасқандықтан, оған құрметпен қарауымыз керек. Әне, Қытайға қараңыз, әлі күнге дейін кейбір өңірінде марқұм болып кеткен адаммен некелестіре береді. Дәстүр солай дейді. Олары — біздің қалыңдық әкелетін кортежсымақ сияқты жаңа сән емес, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ғұрып. О дүниелік жігітке қалыңдық етеміз деп қызды әдейі өлтіретіндер де болады екен.
Әлсіздеу туған шақалалақтарды Тайгет тауының биігінен лақтырып жіберуді спарталықтар да жап-жақсы дәстүр санаған. Жыл сайын илоттардың бір бөлігін еш себепсіз қырып тастайтын криптия дейтін дәстүр де осы спарталықтардікі. Илоттар — Cпартаның басқыншылар құлына айналған байырғы халқы. Илоттар жер игеріп, азық-түлік өндіріп, спарталықтардың жайлы өмір сүруіне бар жағдайды жасады. Бірақ олар көк тиын құны жоқ құл еді. Саны да көп болды. Илоттарды азайтып тұру үшін мемлекет крития жасайтын. Дәстүрі сондай.
Бір кездері әлемнің шалғай бір бұрышында аз ғана адамға ортақ рәсім болған ғұрыптар бүгінде туристердің көңілін көтеретін ермекке айналып кетті. Кейбірі әлдебір сенімдерге еніп, діни догма мен өсиет ретінде құбылды. Ислам мен иудаизмдегі шошқа етін жеуге тыйым, тарихшылар мен археологтарға сенсек, әуел баста Арабия мен Палестинаның аптап ыстығында қабан етін қақтау мүмкін болмағаннан шыққан деседі. Қой етін, сиыр етін, тіпті түйе етін де кептіріп, қақтап қою оңай болса, шошқа еті көп сақталмай, сасып кете беріпті. Оны жеген адамдар уланып өлетін болған.
Адамзат тарихына үңілсек, дәстүрлер туралы көп қызыққа куә боламыз. Жүздеген, мыңдаған жыл өткен соң оларды жаңаша көзқараспен саралауға болады.
Отбасы, үлкен әулет, тайпа, этностық топ, ұлт, биологиялық түр аман қалу үшін дәстүр керек болған. Өмір сүру оңай болған жоқ. Ресурс шектеулі. Табиғат заңы қатал. Дәстүр атадан балаға берілетін тірі қалу құпиясы ғана еді. Қандай да бір рәсім әулеттің аман қалуына көмектессе, ұрпақтан-ұрпаққа заң ретінде айтылып отырды. Пәк қызды құрбандыққа шалғанда індеттің беті қайтты ма? Демек бәрі ұстануы керек жаңа дәстүр енгіземіз. Әйтпесе қырылып қаламыз.
Бүкіл жерде, барлық мәдениетте қай дәуір мен кезеңде де осылай болды. Жаратқанға діндар адам шошқа етін жей ме, жоқ па — бәрібір сияқты. Бірақ еврейлер мен арабтардың арғы аталары Таяу Шығыстағы ми қайнатар ыстықта тұрды емес пе?
***
Кейінгі кездері дәстүр туралы көп айтылып жүр. Талқы әсіресе әлдебір көзқарасқа ұстанатын адам не адамдар тобы айналасына өзінің пікірін таңуға тырысқанда қыза түседі. Айналасы ғана емес, барлық этнос пен әлеуметтік топ кіретін тұтас ұлт біз сияқты өмір сүрсе дейтіндер бар. Қырықтан асқан мен мына елде ондайды көп көрдім. Сөзі ұнағаны аз.
Мұндай адамдардың бәріне ортақ бір ерекшелікті анық байқадым — олардың ұстанымы өте жүйесіз. Есімде, бірер жыл бұрын бір кісі желіге видео түсірген қыздар ұлттық киімді қорлады деп шыр-пыр болып еді. Киім деген қасиетті ұғым емес пе, ал олардың істеп отырғанын қара!? Кейін журналист әріптесім ондай киім кеңес уақытында операға арнайы тігілгенін, ата-бабамыз ондай киімді тіпті көрмегенін де дәлелдеп шыққанда еріксіз күліп едім.
Өзі айтып жүргендей өмір сүрмейтін адамдар да сөйтеді. Бұл бүкіл әлемде бар. Америкалық баспасөз Библияның он өсиетін пысқырмайтын, ұры әрі зинақор, әйтеуір істемейтіні жоқ, бірақ көпшілікке «христиан» және «америкалық» құндылықтарды дәріптеп жүретін адамдарды жиі әшкерелеп жатады. Мәселен, Трамқа қараңызшы. Христиан консерватизмін ұстанатын ең танымал адам да, үш рет үйленген, ажырасқан, барлық әйелінің көзіне шөп салған да — өзі (жасаған күнәсін тізсек, біраз жерге баруға болады).
Ондайлар бізде де көп. Ойнас жасағаны үшін әлдекім ақша төлейтіндей жүріс жүретін екіжүзді біраз адамды білем. Бір танысым, расымен, әлдекіммен көңіл қосқаны үшін ақша алатын. Бірақ көп өтпей ол мұнысын ұмытты да, жұртты инабатты, ибалы болуға шақыратын адамға айналып шыға келді. Мұндай адамдар басқаларды сөге жамандауға бейіл, әлеуметтік желіде жала жабуға құмар, тәрбиесіз адамдарға петиция мен шағым жазуға асық. Ата-бабаның жолынан адаспауға, жат нәрсенің бәрінен жерінуге үндейді. Айтпақшы, олар үндеуінің бәрін қазаққа жат сматфонынан жазады.
Осындай адамдарға қараймын да, айтарға сөз таппаймын. Не жетпейді екен соларға?!
Дәстүр, ұлттық құндылықтар деген әңгімемен олар түпкі пиғылын жасырғысы келеді. Сол адамдардың бірі «дәстүрлі ұлттық құндылықтар» деген қызыл сөздің бәрін ысырып қойып, шын сөзін айтса:
— Өйткені мен солай болғанын қалаймын, — дер еді.
Мұндайда заңды сұрақ туады: Айналайын-ау, өзіме ұнамады екен деп біреуге бірдеңе істеуге тыйым салатындай сен кім едің? Ал олай десең, бірден «біздің ата-бабамыз өйтпеген, сөйтпеген, дұрыс емес деген, рұқсат етпеген» деген жаттанды уәжін қарша боратады. Әңгіме ауаны ол жаққа ойысып кеткені маған ұнамайды. Бұған бірнеше себеп бар.
Біріншіден. Бұл — халықтың/ұлттың бұрын болмаған, қазір де жоқ, келешекте де болмайтын біртұтас бейнесін қалыптастыру ұмтылысы.
Ана тілін білмейтін, мұсылмандық жолын ұстанбайтын, ұстанымы берік чайлд-фри әрі домбыраны ессіз сүймейтін мен бала кезінен қазақша сөйлейтін, көп балалы үйдің отағасы болып отырған, ұлттық аспапта ойнайтын басқа адамнан қазақтығым бір мысқал да кем емес. Қазақтығым президент Тоқаевтан да, киіз үй ішінде биік өкше киіп билеген бозбаладан да кем емес. Оның жалғыз себебі бар. Біз, қазақтар, әртүрліміз. Және бәріміз де қазақпыз.
Екіншіден. Бұл — өткеннің образымен бүгінгі прогресті тоқтату амалы.
Шеті мен шегі жоқ жазықта сақтар, массагеттер, үйсіндер, қыпшақтар, оғыздар, моңғолдар мен ұлан-ғайыр даламды мекен еткен тағы басқа ата-бабам қалай өмір сүрсе де, бұл халықтардан көшпелі өмір салты туралы, мал шаруашылығына негізделген еңбек моделі жайлы, патриархал дәстүр туралы идеялық синкретизм, тәңіршілдік, ежелгі нанымдар мен ислам нормаларының қоспасы бар қандай өсиет қалса да, бәрі құрметке лайық және кейбірін пайдаға жаратуға да болады. Бірақ соған еліктеудің, көзсіз мойынсұнудың қажеті жоқ. Себебі әлем түбегейлі өзгерді. Қазір «Жеті жарғы» немесе «Домострой» бойынша өмір сүру өнімсіз, мәнсіз әрі көңілсіз тірлік қана емес, тіптен мүмкін емес нәрсе.
Осы тұста әмеңгерлік дәстүрі еріксіз еске түседі. Бұрын жесір қалған әйел лажсыз марқұм күйеуінің бір бауырына не басқа туысына тұрмысқа шығатын. Осының арқасында өзі де күн көріп кетіп, балаларын да жеткізетін. Бұл сол кездері керек дәстүр болды. Бірақ қазір мұндайға тіпті ең дәстүршіл деген адамның өзі таңырқай қараған болар еді. Норма деген, міне, осылай өзгереді.
Ал қоғамды тәрбиелегісі келетіндер айтатын шартты түрдегі «дәстүр» қазір қалыптасқан жағдайды сақтап қалу үшін, тіпті, мүмкін болса, қоғамды кері кетіру үшін ғана қолданылады.
Біздің жағдайда қоғамда патриархал норманың сақталғаны — ешкімге керегі жоқ бос сергелдең көбейеді деген сөз. Ең алдымен «дәстүрлі қоғамда» отағасының (еркектің) жеке меншігі саналып, оған еріксіз мойынсұнатын, сөзіне құлақ асудың, қалауымен санасудың керегі жоқ деп саналатын әйел мен баланың күні қиындайды.
Сол себепті әйел мен бала құқығы туралы, әсіресе олар зорлық-зомбылық пен алалаудың ешбір формасына төзбеуі керек деген әңгіме айтыла қалса, «дәстүршілдер» тез жұмыла кетеді.
Әдеттегі патриархал көзқараста қып-қызыл тирания «қорғау» мен «қамқорлық» деген көзбояушылықтың астына жасырылады да, баланы мемлекеттік және құқықтық қорғау талпынысы «дәстүрлі отбасын» бұзуды көздеген әрекет деп қабылданады.
«Дәстүршілдер» өткір сынайтын ешбір заң жобасында қамқоршылық қызметке не ювеналдық полицияға шектен тыс құқық берілмеген. Бірақ олар «балаңа айпад әпермесең, сені полицияға ұстатып жібереді екен» деп даурығып жатады. «Дәстүр» қорғаушылары заң жобаларын оқымайды. Бейтарап талдау мен бұлтартпас айғақ орнына олар алаңдаған ата-анаға эмоцияға толы қисынсыз долбар ғана ұсынады.
Бір қызығы, қазіргі жағдай осы күйінде қала бергенінен еркектердің өзіне де еш пайда жоқ. Токсик маскулиндік туралы ондаған мақала жазған шығармын, таяуда тағы біреуі шығады. Бірақ осында да айтпай өткенім болмас. Патриархаттан еркектер де зардап шегеді. Тек өздері мұны түсінбейді. Маған және менің бауырларыма таңылған «нағыз еркек» образы ауылыңа азуы алты қарыс жолбарыс лап қойғанда, елге жау шапқанда, кең жазықта көшіп-қонып жүргенде керек болған да шығар.
Бірақ қара күшті, жүгенсіз агрессия мен батыл шешім қабылдауды ұлықтағанды, еркектерді эмоционал мешел ететін ұстамды әрі салмақты деген сипатқа сай болуға мәжбүрлеуді, батылдықты сақтықтан жоғары қойғанды, жақсы нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіріп жүрген бітпейтін бәсеке мен жеңіске ұмтылғанды — бәрін тоқтатуға тиіспіз!
Қорытындылай айтқанда, жеке бір ұлттың елден ерек құндылығы, әдет-ғұрпы мен дәстүрі туралы әңгіменің аса мәні жоқ.
Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет таныту, баланы жақсы көру, әлсізге қамқорлық жасау, қонақжай болу, ата-ананы сыйлау мен бір тілім нанның (тура мағынасында да, бейнелеп айтқанда да) қадірін білу, арамдықтан жеріну, қылмысты айыптау — мұның ешбірі белгілі бір ұлтқа, мәдениетке не дінге ғана тән құндылық емес. Бұл — бүкіл адамзатқа ортақ нәрселер. Олар Манхэттеннің зәулім ғимараттарында да, ненецтердің күркесінде де, Тигр өзенінің лайы басып қалған көне зиккуратта да, қазақтың қара үйінде де маңызды. Осы құндылықтар сақталса болды. Қалғанының бәрі — өзгенің өміріне киліккісі келген адамның көмескі пиғылының бүркеншік желеуі ғана. Ондай дәстүрлерді мен мойындамаймын.