2024 жылдың соңында Instagram мен Facebook платформаларынан қазақстандық музыка жоғалып кетті. Stories, жазбалар мен Reels-ке отандық әртістердің әндерін қосу мүмкін болмай қалды. Әншілер тректерінің қанша рет қолданылғанын, қаншалықты таралғанын бақылай алмады. Тыңдарман сұрақ қойып, ал кейбір музыканттар жағдайды түсінбей, ашық пікір білдірді. Уақыт өте келе, олардың атынан келіссөзді басқа ұйымдар жүргізіп жатқаны анықталды. Бұл жайт музыканттардың цифрлық құқығы жүйесіндегі олқылықты айқын көрсетті. 2025 жылдың 9 сәуірінен бастап қазақстандық музыка Instagram мен Facebook платформаларына қайта орала бастады. Бірақ музыканың қалай, кімнің ықпалымен және қандай шартпен оралғаны әлі белгісіз.
Биылғы ақпан-наурыз айларында Manshuq авторы Гүлзада Ксан «Шешім журналистикасы зертханасына» қатысып, осы мәселеге терең үңілді. Жұмыс барысында ол лейблдер музыканттардың құқығын қорғай алатын құрылым екенін анықтады. Материалда лейблдердің қазақстандық музыканың цифрлық құқықтарын қорғаудағы мүмкіндіктері қарастырылады.
Гүлзада Ксан
10 сәуір 2025
Өткен жылдың қарашасында құрбым 25 жасқа толған туған күнін атап өтті. Ол туған күн суреттерін Мейрамбек Бесбаев пен Тоқтар Серіковтің орындауындағы «Жиырма бес» әнімен бірге жариялауды ұзақ уақыт бойы армандап жүрген еді, бірақ ән қолжетімді болмай шықты. Instagram-да қазақстандық әндердің көбі жоқ екенін сол сәтте ғана байқадық.
Алғашында техникалық ақау деп ойладық. Біз ғана емес, қазақстандық желі қолданушылардың көпшілігі солай ойлады. Алайда кейінірек ақпарат құралдарында бірнеше мақала мен сараптамалық материал жарық көріп, жағдайдың мән-жайы ашыла бастады. Бұған дейін Қазақстандық авторлық құқықтар қоғамы (ҚазАҚ) мен Meta арасында келісім болғаны және соған сәйкес, платформа Stories, Reels пен жазбаларда қолданылған қазақстандық әндер үшін роялти төлеп отырғаны белгілі болды. Келісімшарттың мерзімі аяқталуға тақағанда, ҚазАҚ әндер үшін төлем сомасын арттыруды талап еткен. Төлем арттыру бойынша келіссөз кезінде бұрынғы келісімнің уақыты өтіп, күші жойылған, ал жаңасы жасалмаған. Соның салдарынан Meta платформасы ҚазАҚ арқылы тіркелген қазақстандық орындаушылардың әндерін өшіріп тастаған.
Мәселенің ауқымы мұнымен шектелмейді. Көптеген музыкант бұл өзгерістер туралы алдын ала ешкім ескертпегенін айтты. Ал кейбір әншілер өздерінің ҚазАҚ-пен жұмыс істейтінін соңғы сәтке дейін білмегенін және жылдар бойы бірде-бір рет роялти де, қаржылық есеп те алмағанын жеткізді. Dequine мен Akim сияқты танымал орындаушылар ҚазАҚ әндерін әлеуметтік желілерден бөлек, әуе борттарында еш келісімсіз коммерциялық мақсатта пайдаланғанын көпшілік алдында ашық мәлімдеді. Осы жағдай қазақстандық музыканттардың цифрлық кеңістіктегі құқығын қорғайтын ашық әрі сенімді өкілдік жүйесі жоқ екенін көрсетті. Ал авторлық құқықтарды басқарушы ұйымдарға әртістердің сенімі аз әрі олардың қоғам алдында есеп бермейтіні де байқалды. Желтоқсан өтті, қаңтар мен ақпан да артта қалды. Бұл мақала наурыздың соңында жазылған және ол кезде отандық музыка аталған платформаларға әлі де оралмаған болатын. Жаңа тректер жүктелсе де, біраз уақыттан кейін қайтадан жойылып кетіп жүрді. Бұған лицензиялау мәселесімен орындаушылардың өзі де, менеджерлері де, лейблдер де емес, авторлық құқықпен айналысатын ұйымдар айналысуы себеп. Солардың бірі – ҚазАҚ. Бұндай ұйымдар Қазақстанда бір-екеу емес: тіркелгені – он төрт. Олардың әрқайсы авторлардың мүддесін қорғауға және музыканы пайдаланғаны үшін роялти жинауға құқығымыз бар деп есептейді. «Ең сорақысы, авторлық құқықпен айналысатын ұйымдар өзін лицензия беруші етіп көрсетіп, әртістердің атынан келісімшарттарға қол қоюға, келіссөз жүргізуге және музыкалық каталогтарды ұсынуға құқымыз бар дейді. Бірақ шын мәнінде, заң жүзінде олардың өкілеттігі әлдеқайда шектеулі», – деп жазды музыкалық продюсер және менеджер Тимур Назарғалиев 2023 жылдың қарашасында mitt’s corner Telegram арнасында.






