ӨМІР

Гендер, жыныстық сауат және суицид жайлы ойлар: жасөспірімдердің ата-анасын жиі мазалайтын сұрақтар


Арнайы жоба Орталық Азиядағы Нидерланд Корольдігі елшілігінің қолдауымен дайындалды 

Жыныстық қарым-қатынас, біржынысты қарым-қатынас және суицид сияқты тақырыптарды баламен ашық талқылау керек пе? Нені назарда ұстаған жөн? Ізденіс пен есеюдің күрделі кезеңінде жасөспірімдерге қалай қолдау көрсетуге болады? Ата-аналарды толғандыратын осы және өзге де сұрақтарды сарапшыларға қойдық. Сіздерге акушер-гинеколог, Қазақстандық Жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастықтың (КМПА) вице-президенті, ЮНФПА ұлттық тренері Мира Сауранбаеваның, Алматы қаласындағы ҚАРО Жастар және отбасы денсаулығы орталығының клиникалық психологы Елена Акчалова мен Just Support қорының жетекшісі, психолог Светлана Богатырёваның пікірін ұсынып отырмыз.
Татьяна Делль

29 қазан 2024

Жасөспірім «Маған ұлдар/қыздар (өз жынысындағы адамдар) ұнайтын сияқты» немесе «Мама, мен геймін/бисексуалмын» десе, не істеу керек? Мұндай сипаттағы мәлімдемелерге қалай жауап берген жөн?  

Елена Акчалова, клиникалық психолог: 
Егер балаңыз бұл туралы сізге ашық айтса, онда сіз ол үшін сенім білдіре алатын және қолдау күтетін адамсыз. Бұл өте жақсы! Себебі бұл сіз бен ұлыңыздың немесе қызыңыздың арасында сенімді қарым-қатынас бар екенін білдіреді. Сонымен қатар бұл жасөспірімнің өзі де түсінбеушілікке тап болғанын және жағдайды анықтағысы келетінінің белгісі болуы мүмкін. Мұндайда еш байбалам салмай, баланы айыптамай, жай сөйлескен жөн. 

Мұны қалай жасаған дұрыс? 

Сөйлесу үшін ыңғайлы, ешкім кедергі жасамайтын орын таңдаңыз,
өйткені бұл өте жеке тақырып. Балаңыздың ойына құлақ түріңіз. Одан «Саған өз жынысыңдағы адамдар ұнайтынын қалай түсіндің және бұл ой алғаш рет қашан пайда болды?» деп сұраңыз.  
Жасөспірімнің жауабын сабырмен тыңдаңыз. 
Бұдан кейін балаңызға былай деп айта аласыз: «Сырыңды бөліскенің жақсы болды. Маған сенім артатыныңды білу мен үшін өте құнды. Алайда мен «сияқты» деген сөзді естідім. Бәлкім сен күмәнданып жүрген боларсың? Үрейге берілмей, бәрін сабырмен анықтайық. Сенің қандай күмәнің бар?»  

Мұндай жағдайда ата-ана қандай қате жібереді?

Нені айтпаған жөн және қандай әрекетке бармаған дұрыс?

Елена Акчалова, клиникалық психолог:
Көбіне ата-аналар мұндайда баланы айыптап, тіл тигізе бастайды, оны басқа адамдармен салыстырады, сезімдерін жоққа шығарады. Жасөспірімге «Мұның бәрі бос сөз», «Енді көршілерге қалай қараймын?» немесе «Мені ұятқа қалдырдың!» деп айтуға болмайды. Сонымен қатар өз сезімдеріңізді де жоққа шығармаңыз. Егер балаңыздың жағдайы көңіліңізге қорқыныш ұялатса, мұны маманмен талқылаған дұрыс. Жеке кеңес алу үшін психологқа жүгініңіз. Маманмен сөйлесу барысында ішкі күйзелістен арылып қана қоймай, жасөспіріммен интим тақырып бойынша қалай сөйлесу керегін үйрене аласыз.

Балама қалай қолдау көрсете аламын?

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  

Жасөспіріммен мұндай тақырыпта әңгімелесу кезінде ересек адамның эмоциялық тұрғыда тұрақты болғаны маңызды: айқайлап, байбалам салуға болмайды. Сол кезде жасөспірім ішкі ауырлықтан арылып, ойын ашық айта алады. Ата-ана мен бала арасында сенімді әңгіме өрбіген кезде жасөспірім іштей жеңілдеп, өзін және сезімдерін жақсы түсіне алады, ал ата-ана баласына не болғанын түсінеді. Сіз балаға күрделі сұрақтардың жауабын бірге табуға ниетті екеніңізді көрсетуіңіз керек. Балаңызға былай деп айтыңыз: 


«Мен сенімен біргемін. Сен маған арқа сүйей аласың. Егер саған қолдауым қажет болса, өзім білетін нәрселер бойынша саған қуана көмектесемін. Ал егер бір нәрсені білмей жатсам, біз екеуміз маманға жүгіне аламыз».  

ЮНФПА мен Қазақстандық Жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастығы бірлесіп мұғалімдерге арналған «Валеология» пәні аясында жыныстық және репродуктивтік денсаулықты қорғау бойынша күшейтілген компонент енгізу жөніндегі әдістемелік нұсқаулықты жасақтаған.


Оқу құралында жалпы және репродуктивтік денсаулықты сақтау және нығайту, профилактикалық білім беру мәселелерін қамтитын заманауи әрі интерактивті әдістер ұсынылған.

Балалармен гендерлік кімдік жайлы қай жастан бастап сөйлескен дұрыс?

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Гендерлік кімдік жайлы бала мұндай сұрақты қойған кезде сөйлескен дұрыс. Ал жыныстық айырмашылықтар жайлы балаларға ерте жастан, оларға түсінікті тілде түсіндіру керек.  
Мира Сауранбаева, акушер-гинеколог:  
Бала өз жынысын бір жарым-екі жасында түсіне бастайды. Бұл негізінен ата-аналар мен айналасындағы ересектердің баламен қалай қарым-қатынас жасайтынына байланысты және ересектердің ұл немесе қыз бала қандай болуы керек деген түсінігінің көрінісі деуге болады. Мысалы, бала қандай түстегі және қандай киім киюі керек деген сияқты. Үш-төрт жасқа таяғанда балалар әдетте өзінің қай жынысқа жататынын түсінеді, қандай киім киетінін және қалай жүріп-тұратынын өзі шеше бастайды. Сондықтан төрт-бес жасқа келгенде бала өзін нақты бір жынысқа жатқызуы керек. Егер қандай да бір белгісіздік туындаса, мысалы, бала басқа жыныстың киімін киюді қаласа, оның себебін анықтау қажет – баланың өз биологиялық жынысын жоққа шығаруға не мәжбүрлейтінін түсіну керек. Бұл сұрақпен психологқа жүгінуге болады.

Егер баламның әлеуметтік желілерде біржынысты қарым-қатынас туралы контентке қызығушылық танытқанын байқасам, не істеуім керек? Жасөспірімдерде мұндай қызығушылық не себепті туындайды?  

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Егер сіз балаңыздың біржынысты қатынастар туралы контентке қызығушылық танытқанын байқасаңыз, оған бұл қызығушылығы туралы сөйлесуді ұсына аласыз. Әңгімені былай бастауға болады: «Сенің қарым-қатынастар туралы контент қарап жүргеніңді байқадым. Бәлкім сенде сұрақтар бар шығар. Бұл туралы менімен сөйлескің келе ме?». Балаңызбен басқа нәрселер жайлы қалай сөйлессеңіз, бұл тақырыпты да солай талқылаңыз. Сабырлы және байыпты болыңыз, ашуланбай, наразылық танытпай сөйлесіңіз. Көп жағдайда жасөспірімдер біржынысты қатынастар туралы контентті жай ғана зерттейді, өйткені олар зерттеу арқылы айналасында болып жатқан нәрселерді түсінгісі келеді. Бәлкім осындай еркін әңгіме барысында балаңыздың мұндай қызығушылығына не себеп болғанын анықтай аларсыз.


Алғашқы реакцияңыз негативті болуы мүмкін, себебі бұл тақырып айналасында миф пен түсінбеушілік көп. Сізге бұл жағдай балаңызды және бүкіл отбасыңызды «жаман атты» еткендей болып көрінуі мүмкін. Бұл біздің қоғамда стигмаланған тақырып болғандықтан, ұят немесе басқа да жағымсыз сезімдерге бой алдырарсыз бәлкім. Бірақ жасөспірімнің еш кінәсі жоқ, ол бәрібір сіздің балаңыз болып қала береді, ал оның жеке қалауы ешкімді алаңдатпауы керек.

Егер жасөспірім балам біржынысты махаббаты туралы айтпаған болса, ал мен кездейсоқ біліп қойсам, қалай әрекет еткен жөн немесе үндемеу керек пе? 

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Егер бұл сізді алаңдатса, үнсіз қалмаған жөн. Ыңғайлы уақыт пен орынды таңдап, балаңызбен сөйлескеніңіз дұрыс. Егер әңгімені қалай бастарыңызды білмей, қобалжып, уайымға салынсаңыз, әңгіме алдында психологпен сөйлескеніңіз дұрыс.  

Баланың біржынысты жұбына қалай қарау керек?

Елена Акчалова, клиникалық психолог:

Оған қарапайым адам ретінде қараңыз. Балаңыздың жұбы – сіз секілді адам. Ол да біреудің баласы.

Егер кіші мектеп жасындағы бала дәстүрлі емес жыныстық көзқарастағы адамдар туралы сұраса, не деп жауап беру керек?  

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Балаға қалай бар, солай түсінікті тілде жауап беріңіз. Мысалы, былай түсіндіруге болады: «Бұл ұлдың ұлды, ал қыздың қызды жақсы көруі. Мұндай қарым-қатынас жай достық деуге келмейді. Бұл дәстүрлі жыныстық көзқарастағы адамдардың қарым-қатынасы сияқты: ұл қызға ғашық болып, оның көңілін табуға тырысады, кездесуге шақырып, сыйлықтар береді. Дәстүрлі емес қатынаста ұл мен ұл немесе қыз бен қыз кездесіп, бір-біріне қамқорлық танытады».

Балалармен секс туралы қалай және қашан сөйлескен жөн? Әр жасқа арналған арнайы кітаптар бар ма?  

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Балаларға жыныстық білім беру туған кезінен басталуы керек. Балаңызды шомылдырып жатқанда, жыныс мүшелерін дұрыс атаңыз. Балаға ұл мен қыздың қандай айырмашылығы барын түсіндіріңіз. Гигиенаны сақтауды және өз репродуктивті денсаулығына ұқыпты қарауды үйретіңіз. Шамадан тыс қажетсіз ақпарат бермеңіз.
Әр жастағы балаларға арналған кітаптарды бірге оқуға болады:  
Робби Г. Харрис «БҰЛ туралы сөйлесейік» («Давай поговорим про ЭТО»)  
Робби Г. Харрис «Балалар қайдан пайда болатыны жайлы сөйлесейік» («Давай поговорим о том, откуда берутся дети») 
Гейл Зальц «Бұл туралы алғашқы әңгімеміз» («Наш первый разговор об этом»)
Джерри Бэйли «Менің денем өзгеруде: жасөспірімдер білгісі келетін, ал ата-аналар айтуға ұялатын барлық нәрсе» («Моё тело меняется: всё, что хотят знать подростки и о чём стесняются говорить родители»)  
Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген жасөспірімдер мен жастардың жыныстық және репродуктивтік денсаулығы жайлы ата-аналарға арналған «Дені сау жасөспірімнің дамуы немесе пубертаттан қалай өту керек» нұсқаулығы (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы қоры (ЮНФПА). Нұсқаулықты shyn.kz сайтынан таба аласыздар.
Жыныстық және репродуктивтік денсаулық бойынша түрлі тақырыпты қамтитын жасөспірімдерге арналған11 брошюрадан тұратын серия (қазақ және орыс тілдерінде):

- «Жастар денсаулық орталығы – сені күтетін жер»

- «Ыңғайсыз тақырып туралы ыңғайлы брошюра, немесе ЖЖБИ (жыныс жолдарымен берілетін инфекциялар) туралы не білу қажет»

- «Менің алғашқы сезімім. Өмірден алынған оқиғалар»

- «Алымсақтық: оны тану, қарсы тұру және қорғану»

- «Қудалану қандай болады және оны қалай тоқтатуға болады»

- «Гинекологқа алғаш рет»

- «Адам папилломасы вирусы немен қауіпті?»

- «Қауіпсіз қарым-қатынас»

- «Денеңнің құпиялары_қыздарға»

- «Денеңнің құпиялары_ұлдарға»

- «Маңызды сұрақтарға жауап – АИТВ туралы біл».

Мира Сауранбаева, акушер-гинеколог:  
Отбасы адамгершілік және жыныстық тәрбие мәселесінде басты рөл атқаруы керек. Кез келген бала ерте ме, кеш пе, өзінің қалай дүниеге келгені жайлы ойланады. Әдетте бұл қызығушылық төрт-бес жаста пайда болады. Сондықтан балаға отбасы, махаббат, достық, романтикалық қарым-қатынас, толеранттылық, құндылықтар, мәдениет, қол сұқпаушылық құқығы жайлы түсінік беру өте маңызды. Баланың сенім білдіре алатын ересек адамы болуы керек, бұл ата-анасы болса, жақсы, әрине. Алайда ондай адам жасөспірім үшін беделге ие жақын ересек те бола алады.
ЮНФПА және КМПА сарапшылары серіктестермен бірлесіп, ата-аналар үшін қазақ және орыс тілдерінде түрлі ақпараттық материал әзірледі:  
«Бала жасөспірімге айналуда» ата-аналарға арналған нұсқаулығы 
«Неге болашақ әке де «жүкті» болады?»  
«Жақсы әке атанудың 5 тәсілі»  
«Жасөспірім кезең және жыныстық жетілу. Ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі».
Сонымен қатар КМПА және ЮНФПА сайттарында басқа да көптеген материалды табуға болады.
Бұдан бөлек Виржини Дюмонның «Мен қайдан келдім? 5-8 жастағы балаларға арналған жыныстық энциклопедия» («Откуда я взялся? Сексуальная энциклопедия для детей 5-8 лет») атты кітабын ұсынамын. Бұл кітап балаларға арналған осы тақырыптағы әдебиеттердің ең жақсы үлгілерінің бірі.
Светлана Богатырёва, психолог:
Жыныстық тәрбие, кез келген басқа тәрбие түрі сияқты, бала дүниеге келгенде басталып, оның ата-ана үйінен кетіп, жеке өмірге аяқ басқан кезінде аяқталады. Бұл бала белгілі бір жасқа келгенде өткізілетін бір ғана дәріс емес. Секс – біздің өміріміздің бір бөлігі, сондықтан бұл тақырыптағы тәрбие де біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Бәрі кішкентай баламен қалай қарым-қатынас жасайтынымыздан басталады: оның ұл немесе қыз екенін ерекше атап көрсетеміз бе, гендерлік рөлдерді талқылаймыз ба? Бұл да жыныстық тәрбие саналады.


Секс тақырыбына келгенде, ата-ананың алдында екі негізгі міндет тұр. Біріншісі – техникалық жағын талқылау. Мұндағы мақсат — баланы жоспарланбаған жүктіліктен немесе жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғау, репродуктивтік жүйенің қалай жұмыс істейтінін және оның табиғи міндетін түсіндіру. Екіншісі – рухани және моральдық тұсы, өйткені секс өз бетінше жеке нәрсе емес. Ол махаббат пен адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір бөлігі. Сондықтан осының бәрін кешенді түрде айтып жеткізу маңызды, тақырыпты шектеп, тек техникалық мәліметтерге әкеліп тіремеу керек.


Егер анасы жасөспірімге «бұл туралы» кітапты беріп қана қоймай, онымен сөйлесетін болса, жақсы болады. Сонда бала ақпаратты интернеттен іздемейтін болады немесе достарынан сұрамайды. Сізде таңдау бар: не балаға өзіңіз сенімді ақпарат беріп, оның кез келген мәселе бойынша сізге ұялмай жүгінуіне жағдай жасайсыз, не ол бәрібір керек ақпаратты өзі іздеп тауып алады. Екінші жағдайда ақпарат бұрмаланған немесе стереотиптерге толы болса, жасөспірімнің қарым-қатынасы сол ақпарат негізінде қалыптасуы мүмкін.

Балалармен жыныстық қатынас туралы сөйлесу оларды белсенді әрекетке итермелей ме?  

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Жыныстық тәрбие мен жыныстық қатынас туралы дұрыс әңгіме адамның репродуктивті денсаулығы туралы білім беруге бағытталған. Мұндай әңгіме жыныстық қалауды ояту үшін емес, сауатсыздықтың алдын алу мақсатында жүргізіледі. Сенімге негізделген әңгіме, егер оның контексінде азғырушы сөздер болмаса, жасөспірімді белсенді әрекетке еш итермелемейді.
Мира Сауранбаева, акушер-гинеколог:  
Жасөспірімдермен секс туралы сөйлесу оларды белсенді әрекетке итермелемейтінін дәлелдейтін көптеген зерттеу бар. Керісінше, жасөспірімдер ерте жастағы қарым-қатынастың түрлі салдары жайлы ойлана бастайды, осылайша жыныстық өмірді кейінге шегеріп, ересек, саналы жасқа қалдырады.

Секс туралы әңгімені өзім бастаған дұрыс па, әлде жасөспірімнің сұрақтарын күту керек пе?  

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Жыныстық тәрбие және репродуктивті денсаулық мәселелерін қажет болған кезде талқылауға болады. Жасөспірімнің денесіндегі өзгерістер туралы сөйлескен кезде, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, олардан және жоспарланбаған жүктіліктен қорғану туралы ақпарат бере аласыз. Сонымен қатар сенімді кітаптарды оқуға ұсынуға болады. Әңгіме барысында жасөспірім сұрақ қойса, сауат ашу мақсатында жыныстық қатынас туралы айтып өтсеңіз болады. Егер жасөспірім ыңғайсызданып, бұл тақырыпты талқылауды қаламаса, интим мәліметтерге тереңдемеген жөн.  
Мира Сауранбаева, врач – акушер-гинеколог:
Егер жасөспірім мен ата-ана арасында бала кезден сенімді қарым-қатынас орнаған болса, әдетте қиындық туындамайды. 4-5 жастан бастап баламен отбасылық қарым-қатынас, міндеттер және балалардың дамуы, жыныстық жетілу кезеңі туралы сұрақтар талқыланады. Балаға белгілі бір жағдайда «жоқ» деп айтуды, жеке шекараларды қалай сақтау керегін түсіндіру маңызды. Сенімді қарым-қатынас бар жерде секске қатысты сұрақтар бөлек деп саналмайды, ол ата-анамен талқыланатын көптеген тақырыптардың бірі ғана. Егер жасөспірімде сұрақтар туындайтын болса, ол ата-анасының ойынан қорықпай, ашық түрде сұрай алады.

Балада суицид туралы ой бар екенін көрсететін сыртқы белгілер бар ма? Жасөспірімнің мінез-құлқы, сыртқы келбеті, сөзі мен іс-әрекеттеріне қатысты қандай нәрсе алаңдауға себеп болуы мүмкін?

Светлана Богатырёва, психолог: 
Егер балаңыз қоштасып жүргендей көрінетін болса, қырағы болыңыз: мұндайда адам барлық ісін тездетіп аяқтауға тырысады, көптен көрмеген туыстарымен кездеседі, сүйікті заттарын таратады, бұл туралы әлеуметтік желілерде жазады. Осындай белгілер тобы болуы мүмкін, алайда жасөспірімдерге келсек, олардың суицид жасауы көбіне импульсивті, еш дайындықсыз және еш белгісіз болады. Мұндайға әсіресе импульсивті, «қызуқанды» балалар бейім, жалпы алғанда ондай балаларға импульсивті әрекет тән. Бұдан бөлек мына белгілер де алаңдауға себеп болуы мүмкін: баланың депрессиялық, тұнжыраған көңіл-күйі, шамадан тыс жылай беруі, мінез-құлқындағы және достарымен қарым-қатынасындағы күрт өзгерістер, ұйқы мен тәбетке байланысты мәселелер.
Елена Акчалова, клиникалық психолог:
Суицид — бірнеше апта, бірнеше ай немесе тіпті бірнеше жылға созылуы мүмкін процесс. Алайда ол бірнеше минут ішінде – адамның санасы тарылып, жағдайдан шығар басқа жолды көрмеген сәтте жүзеге асады. Жасөспірімде суицид жайлы ой бар болуы мүмкін екенін мына сөздерден байқауға болады: «Мен ешқашан бақытты болмаймын», «Менің өмірімнің мәні жоқ», «Ұйықтап, оянбай қалсам, жақсы болар еді», «Менде болашақ жоқ». Жасөспірімнің мінез-құлқында байқалған тосын өзгерістер де алаңдауға себеп болуы мүмкін. Мысалы, тұйық мінезді бала кенеттен ашық-жарқын күйге еніп, белсенді және көңілді болып кетсе. Не болмаса керісінше, бұрын шығармашылықпен немесе спортпен айналысқан бала кенет барлық нәрсеге қызығушылығын жоғалтса, ойланған жөн.  
Жасөспірімнің мінез-құлқындағы мынадай өзгерістер алаңдауға себеп болуы мүмкін: 


мектептен жиі қалуы және тәртіп бұзуы;  
өз заттарын басқаларға таратуы;  

жалғыз қалуға ұмтылуы;  

сырт келбетіне қызығушылығының жоғалуы;  
жабырқаңқы көңіл-күй, апатияға бейімдік, эмоциялық тұрақсыздық; 
бір істен рахат алу қабілетінің жоғалуы;  
өзіне тән емес агрессияны көрсетуі.

Егер баламның түрлі топтарда, достарымен, желідегі таныстарымен немесе сыныптастарымен суицидті талқылағанын көрсем, не істеуім керек? Бұл туралы онымен қалай сөйлессем болады? Қайда жүгінген жөн?

Светлана Богатырёва, психолог:
Егер балаңыз басқалармен тек суицид туралы ойын емес, жоспарын – қалай және қай жерде өз-өзіне қол жұмсауға болатынын талқыласа, нақты болған суицид жағдайлары туралы ақпарат іздесе, бұл сізді алаңдатуы керек. Мұндайда баламен сөйлесу қажет.

Бұл тақырып туралы әңгімеден қорқудың еш қажеті жоқ. Барлық нәрсені өз атымен атаңыз. Сұрағыңызды турасынан қойыңыз, бүкпелеп, бұрмалаудың қажеті жоқ. Қолдау көрсетіп, маманға жүгінуді ұсыныңыз:


«Өзіңе зиян келтіру немесе өміріңді қию туралы ойлаған кезің болды ма? Бұл өте маңызды мәселе, бірге маманға барайық, маманды екеуміз бірге іздеп, табамыз. Ол адам біз сенім білдіретін психолог, психотерапевт немесе психиатр болуы мүмкін. Ал сен онымен еркін сөйлесе аласың. Мен саған қолдау көрсеткім келеді. Сені өте жақсы көремін және сенің амандығың мен үшін маңызды. Алайда мен маман емеспін, сондықтан осы мәселенің шешімін тәжірибесі бар адаммен бірлесіп табайық. Шешілмейтін мәселе жоқ».


Сіз тегін қызмет көрсететін Психикалық денсаулық орталығына, Жастар денсаулық орталығына немесе осы мәселемен айналысатын кез келген жеке психологқа жүгіне аласыз. Бастысы – балаңыз екеуіңіз сенім арта алатын маманды бірлесіп таңдау маңызды.

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  
Егер балаңыз достарының ортасында суицид туралы ойын айтқан болса немесе осы тақырыпқа байланысты топтарда жүргенін білсеңіз, мүмкіндік туындаған бетте баламен сөйлесуіңіз керек. Оған турасын айтыңыз:


«Мен сенің суицид туралы ойлап жүргеніңді білдім. Бұл туралы сөйлесе аламыз ба?». Жасөспірімге өз ойын айтуға мүмкіндік беріңіз. Оны айыптамаңыз және сынамаңыз. «Бұл түк те емес қой!» Ренжитін нәрсені тапқан екенсің» деп айтпаңыз. Оның орнына былай деңіз: «Маған айтып бергенің жақсы болды. Қазір саған өте қиын сияқты. Мүмкін, бұл жағдайдан шыға алмай жүрген шығарсың. Саған қалай көмектесе аламын? Шығар жолды бірге іздеп көрейік». Балаңызбен суицид, өмір және өлім туралы барынша ұзақ әңгімелесіңіз. Бұл баланың бойындағы эмоциялық қысымды жеңілдетуге көмектесіп, алғашқы көмек ретінде әсер етеді. Әрі қарай балаңызға Жастар денсаулық орталығының психологына немесе тұрғылықты мекенжай бойынша психотерапевт дәрігерге жүгінуді ұсыныңыз.

Елена Акчалова, клиникалық психолог:  

Суицид жасауға бейім жасөспірімдерге келесі қатерлі факторлар тән:  


- психикалық бұзылыстар, тұқымқуалаушылық;

- ПБЗ (психикалық белсенді заттарды) қолдану;

- психологиялық травмалардың болуы;

- өмірінде стресс туғызған оқиғалар;

- тұрмысы нашар отбасы;

- қатерлі, импульсивті-агрессивті мінез-құлық;

- эмоциялық тұрақсыздық;

- тұйықтық;

- ұйқының бұзылуы;

- тамақтану тәртібінің өзгеруі;

- отбасындағы суицид тарихы.

Қалай болғанда да, мынаны естен шығармаңыз: егер жасөспірім сізге қандай да бір күмәні немесе мәселесі туралы айтса, бұл сіздің оның өміріндегі маңызды адам екеніңізді білдіреді және ол өз уайымын сізге бөліскісі келеді. Ата-ана мен бала арасында ашық және сенімді қарым-қатынас орнаса және бала өзін мазалаған әрі уайымға салған сұрақтарды қоя алса, бұдан екі тарап та ұтады. Егер балаңызды еш айыпсыз тыңдап, көңіл бөліп, қолдау көрсете алсаңыз, жақсы болары сөзсіз. Ойға қамалғанның орнына жағдайды дұрыс бағалап, шынайылықтан қашпау үшін балаңызға не болып жүргенін өзінен білген жөн. Егер мұндай әңгімеге дайын болмасаңыз, маманға жүгініңіз. Оның көмегімен сіз «ыңғайсыз» сұрақтарға қалай жауап беру керегін, баланың қасында өзіңізді қалай ұстаған дұрыс екенін және белгілі бір жағдайды қалай қабылдаған жөн боларын түсіне аласыз.
Бұл бойынша мына жерлерге көмекке жүгінуге болады:
Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы

Әбіш Кекілбайұлы көшесі, 117а,

сенім телефоны: +7 708 983 2863

дүйсенбі- жұма: 8:00-17:00, үзіліс: 13:00-14:00

Балалар мен жастарға арналған тәулік бойы қызмет көрсететін «111» жедел қызметі  
– 111 нөмірі арқылы байланысуға болады  
Астанада тәулік бойы қызмет көрсететін психологиялық көмек қызметі  
– 150 нөмірі арқылы байланысуға болады   
Алматыда балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны  
– 150 нөмірі арқылы байланысуға болады, WhatsApp: +7 708 106 0810  
Иллюстрацияларды салған: Азиза Киреева
M

Читать также: