МАНСАП

Кәсіпкер болу үшін не қажет: қазақстандықтардың әңгімесі

Жеке кәсіп ашу және өзіңе жұмыс істеу – көпшіліктің көкейтесті арманы. «Болашақ мамандықтары» арнайы жобасының жаңа материалында қазақстандық кәсіпкерлер өз бизнесін қалай жүргізетіні – қалай бастағаны, қазір қандай қиындықтарға тап болып жатқаны және кәсіпкерлікпен айналысуда олар үшін ең жақсы нәрсе не екені туралы әңгімелейді.
Әся Әкімжанова

13 қазан 2021 

Алима Болатбек және Гүлнұр Есболат

Күнделікті киюге арналған негізгі киім сататын Nymph онлайн дүкенінің негізін қалаушылар
Алима:
Біз 2020 жылдың көктемінде киім тігуге шындап кірістік. Оған дейін Гүлнұр фотосурет түсірумен және киім жасаумен айналысатын, ал мен fashion-блогингпен шұғылданып жүрдім. Біз бір-бірімізді бірнеше жылдан бері білеміз.


Біздің көзқарасымыз көп жағынан бір-біріне сәйкес келеді, менің ойымша, әріптес болуымыздың себебі – екеуіміздің дүниені сезінуіміз бірдей. Мүмкін, содан болар, арамызда жанжал туындамайды – біз идеяларды талқылап, бірден келісімге келеміз. Екеуіміз де әдемі киінгенді, сырт келбетімізге мұқият болуды ұнатамыз. Nymph дүкенінде негізгі киім ұсынылғанмен, ол көз тартарлық. Біз тігетін киім өзіміз сияқты қыздарға арналған. Әйелдерге жұмыс гардеробын, әр күнге арналған база қалыптастыруға көмектескіміз келеді. 

Біз Қазақстан әйелдерінің елімізде тігілген сапалы киім кигенін қалаймыз
Бастапқыда тап болған жалғыз қиындық, әрине, іске кірісетін кезде басталған карантин еді. Бірақ бұл жағдай жақсырақ жұмыс істеуге ынталандыра түсті. Қазір жағдай басқа болғанда кәсіпті қалай бастау керегін тіпті елестете де алмаймыз. Киім тігу саласында қиындық бар, себебі Қазақстанда бұл жағынан бәрі әлі де күрделі: біз үнемі жақсы тігіншілер мен мата жеткізушілерді іздейміз. Біздің ойымызша, Қазақстанда тігін кәсібін бастаған әрбір адам ерте ме, кеш пе өзінің жеке шеберханасын ашатын сияқты көрінеді, бірақ әзірге аутсорс тәртібімен киім тігуді қанағат етеміз.

Кәсіпкер – бұл…
Белсенді әрекеттің адамы, өз идеяларын іс жүзіне асыратын және күн сайын өз мақсатына қарай жүретін адам.


Көпшілікті сәтсіздікке ұшыраймын деген қорқыныш тоқтатады. Ал мұны тек кәсіпті бастау арқылы жеңуге болады – бірінші қадам жасаған кезде қорқыныш сейіліп кетеді. Бізде көп күмән болған жоқ, өйткені қазір үлкен бизнес құрамыз деп ойламаған шығармыз – әйелдерге арналған киім брендін жасап, табысқа жете аламыз ба, жоқ па деп байқап көргіміз келді. Іске кірістік, қолымыздан келетін болып шықты. Әрине, форс-мажор жағдайлары да болды: бір рет Ресейге тапсырыс жөнелттік, ал курьерлік қызмет тауарларымызды жоғалтып алыпты. Кінәлілерді әрең таптық және клиенттің алдында өте ыңғайсыз жағдайға қалдық. Бірақ әрқашан өз қателігімізбен жұмыс істейміз, оны дауыстап айтамыз және шешімін бірге іздейміз.

Өз кәсіпорнын ашқысы келетіндерге кеңес
Ең маңызды нәрсе - қорықпау керек. Бәсекелестік пен жанжал кез келген салада болады. Бір нәрсенің іске аспайтыны қалыпты жағдай. Белсенді әрекет жасау арқылы ғана қорқынышымызды еңсере аламыз.


Өкінішке қарай, әр маусымда тонна-тонна киім тігетін және кейін өнімі қажет болмай қалатын Zara сияқты алыптарға әсер ете алмаймыз. Бірақ адамдарды саналы түрде тұтынуға, сізге бірнеше жыл бойы сапалы түрде қызмет ететін негізгі киімді сатып алуға үндейміз.

Сүйікті жергілікті бренд
· Getgaini


· Salta


· Kirpi.

Біз үшін киім тігу – ерекше рахат, өйткені өзімізге ұнайтын және өзіміз киетін киім тігеміз. Инстаграмға контент жасаған кезде үлкен шабыт аламыз. Клиенттерімізден кері байланыс болғанын ұнатамыз. Жақында Almaty Pop Up Store іс-шарасына қатыстық, онда өз клиенттерімізбен тікелей таныстық.
Клиентпен жеке қарым-қатынас жасау маңызды. Сондықтан командада әуел бастан бұған үйретілген және әр клиенттің бабын табуды білетін сатылым жөніндегі менеджер бар. Кейбір тұрақты клиенттерімізбен қазірдің өзінде сенімді қарым-қатынас орнады. Өз клиенттеріңді шынымен жақсы көруің керек. Тіпті экранның екінші жағында да адам сенің қаншалықты адал екеніңді сезеді. Әрине, сапалы өнім жасау маңызды. Біздің бренд кеңейеді, бізбен креативті жастар жұмыс істейді және бүкіл әлемде біздің өнімге риза клиенттердің кең желісі құрылады деп армандаймыз. 

Ғазиз Есмұхаметов, Арсен және Айнұр Оспановтар

Қазақстандағы бірінші foodmarket негізін қалаушылар, Restopark – бұл fast casual street food сегментіндегі асханалары бар кеңістік
кавычки
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеудегі Даниловский базарының негізінде бұған ұқсас алғашқы формат пайда болды. Онда күрделі қайта құру жұмыстары жасалып, әлдебір қызықты концепті бар гастро-ынтагерлер шақырылды. Негізінен, бұл әр елдің тамағының бір үлгісі ұсынылатын моноконцепттер болды. Бұл үрдісті басқа рестораторлар жалғастырып, небары үш жылдың ішінде Мәскеуде 30-ға жуық фуд-маркет пайда болды.
Ғазиз: 
Мен Мәскеуге бардым, барлық фуд-маркеттерді аралап шықтым, олардың басқарушыларымен, директорларымен және меншік иелерімен таныстым, толық ақпарат жинауға тырыстым. Сөйтіп Алматыдан қолайлы үй-жай іздей бастадым. Бұған шамамен жарты жыл кетті. Инвестиция іздеп, қазір бізбен бірге жұмыс істейтін серіктестерді: Арсен мен Айнұр Оспановтарды тарттым. Біз тақыр қабырғаларынан басқа ештеңесі жоқ үй-жайды алып, бәрін өзіміз істедік. Бастапқыда кеңістікті сен әлі көшеде жүргендей сезінетін етіп ұйымдастырғымыз келді. Атауымыз да осыдан шыққан. Сондықтан бізде көше шамдары, субұрқақ, жасыл желек көп. Идеяларымызды жүзеге асырған дизайнеріміз Айжан Оспановаға рахмет.


Қазақстан нарығының fast casual сегментіне қатысушылар онша көп емес – мысалы, Rocket Japan өзінің стартапын біздің форматқа келтіріп арнайы нөлден құрды (10 жыл бұрын оның негізін қалаушылар Manga Sushi желісін ашты). Сондай-ақ бізде екі ресейлік франшиза бар – біріншісі «Лепим и Варим», онда алуан түрлі толтырмасы бар тұшпара дайындалады, және екіншісі Ресейдегі ең танымал ресторатор Аркадий Новиковтың «Фарш» деп аталатын бургерлік желісі. Сонымен қатар, дарынды аспаз Ақмырза Кәкеновтің жетекшілігімен «Паста Бар» мен «Пицца моно» біздің форматқа сай жабдықталды. Барлығы 13 асүй мен екі барымыз бар.


Фуд-маркет құру трендіне сыртқы экономикалық факторлар да әсер етті. Біздің аудитория – бұл сапалы тамақты бағалайтын, бірақ енді мейрамханаға жиі баруға мүмкіндігі жоқ адамдар. Мейрамхананың дәмді тағамдарын ақылға қонымды ақшаға ұсынамыз, бірақ қызмет көрсетпейміз. Бізге серіктес достар мен отбасылар жиі келеді, бізде бәріне ұнайтын нәрсе бар. Менің ойымша, бұл сегмент тек өсе береді.


Командамыз фуд-маркеттің өзін басқарумен шұғылданады. Тазалық пен шаруашылық бөлімі, барлық коммуникациялардың техникалық жағынан қамтамасыз етілуі үшін жауап береміз, сонда асүйлер бүкіл уақытын тамақ дайындауға арнай алады. Сондай-ақ Restopark кеңістігін алға бастырумен және маркетингпен айналысамыз – біздегі әр корнерге назар аударамыз, контент жасаймыз, әртістерді, музыканттар мен аниматорларды шақырамыз, әр түрлі іс-шара өткіземіз. Командамыз шағын – 8 адам, әкімшілік қызметкерлер, менеджерлер. Құрылтайшылар да операциялық қызметпен айналысады, біз әрқашан осы саланы бүге-шігесіне дейін білеміз.

Кәсіпкер – бұл…
Қызығушылық өрісі өте кең адам. Бұл үнемі қозғалыста және адамдардың өмірін неғұрлым жеңіл немесе қызықты етудің жаңа жолдарын іздейтін адам. Табысты кәсіпкерге керемет қарым-қатынас жасау дағдылары, дәстүрлі емес көзқарас және дамыған креативті ойлау тән.
Өз кәсіпорнын ашқысы келетіндерге кеңес
Ең әуелі өз идеяңыз туралы мұқият ойлануға кеңес берер едім. Мұны кім үшін істеп жатқаныңызды және бұл қазір қаншалықты маңызды екенін түсінуіңіз керек. Егер бұл сұрақтардың нақты жауабы және сенім болса, онда ешкімді тыңдаудың қажеті жоқ, тек істі бастау керек. Ештеңе жасамағаныңа өкінгеннен гөрі, кәсібіңді жасаған және өкінген жақсы. Оның үстіне, егер сен жас болсаң, бірдеңенің ойдағыдай болмауында ешқандай қателік жоқ. Кез келген сәтсіз тәжірибе – бұл да тәжірибе. Ең бастысы – берілмеу, өз бойыңнан күш табу және қайтадан іске кірісу. Бәрі де бекер емес. 
Сүйікті жергілікті бренд
· Kaspi


· Toimart


· Air Astana.

Қазіргі уақытта бірден-бір қиындық, әрине, пандемия. Бұл сенің еркіңнен тыс болып жатқан сыртқы жағдай, бірақ ол бизнеске – қаржы мәселелеріне және жалпы адамдардың ынтасына тікелей әсер етеді. Мейрамхана бизнесі, туризм, мұның бәрін бірінші болып бастан кешірді және әлі де оның зардабын тартып отыр. Былтыр карантиннен кейін ашылғанымызда, бірден үш концепттен айырылдық, содан кейін төртіншісі де жоқ болды. Адамдар жағдайға шыдау үшін қажетті қосымша қаражат таба алмады немесе тәуекелге барғысы келмеді. Өйткені, мұның қашан аяқталатынын ешкім білген жоқ және әлі де білмейді. Сондықтан біз неғұрлым орнықты «қаржылық көпшігі» бар жаңа жалға алушыларды іздей бастадық. Қайта керісінше, мықты ойыншылардың өз ауқымын кеңейтіп, жаңа орындарды ашып немесе жаңа концепт ойлап тауып жатқаны қуантады.


Пандемиядан басқа форс-мажорға тап болған жоқпыз. Бір жыл ішінде барлық бизнес-процестерді жолға қойдық және күтпеген оқиғаларды болдырмау үшін барлық ережелерді сақтауға тырысамыз. Біз өз қателіктерімізді мойындаймыз. Өзімізге сын көзбен қараймыз. Әрқашан ұжымда ашық пікірталас болуын құптаймыз, бір-бірімізбен ақылдасамыз.

Юлия Дерябина

Wogau Sity компаниясының негізін қалаушы, дұрыс тамақ өнімдерінің дистрибуциясымен шұғылданады
Мен жаратылысымнан ұйымдастырушымын, барлық процесті жолға қоюды, жұмысын оңтайландыруды жақсы көремін. Ірі компаниялардың қызметкері болған кезімде өз компаниямды құра алатынымды және ондағы барлық процесті тәртіппен іске асып, пайда әкелетіндей етіп ұйымдастыра алатынымды сездім. Менің әрқашан өз компаниямды құрғым және дамытқым келетін, бірақ әлдебір қорқыныш пен күдіктің әсерімен бұл кәсіпті кейінге қалдырып жүрдім. Екінші балама жүкті болған кезімде маған жұмысқа және отбасыға уақыт бөлу үшін ыңғайлы жұмыс кестесі қажет екенін түсіндім, және, әрине, көбірек ақша тапқым келді. Осы себептерге байланысты кәсібімді дамытумен айналысамын деп шештім.


Менің компаниям эко және СӨС (салауатты өмір салты) бағытындағы тамақ өнімдерін дистрибуциялауға маманданған. Нарыққа шыққанымызға төрт жыл болды.

Болашақ мамандығын, білім, әңгімесі
Мен тап осы бағытты таңдадым, себебі дұрыс тамақтануды ұнатамын. Бұл мен қандай да бір шектеуді ұстанамын деген сөз емес, керісінше, мен тамақтануға қатысты дұрыс көзқарасты жақтаймын. Өмірімде әрқашан дұрыс тамақтану мен фитнеске көңіл бөлемін, тіпті Санкт-Петербургтегі Бен Вейдер атындағы колледжде «Ас қорытудың анатомиялық-физиологиялық және биохимиялық негіздері» модулі бойынша оқудан өттім. Егер менің кәсібім дұрыс тамақтану саласына байланысты болса, онда жұмыс процесінің өзі ұнайтынын білдім.


Содан кейін мен бұл бағытта қандай бизнесті масштабтай алатынымды ойлай бастадым. Өйткені, мысалы, дұрыс тамақ жеткізу желісін іске қосуға болады, бірақ бұл бизнестің өз шегі бар. Сөйтіп мен пайдалы тамақ өнімдерін өндіру туралы ойладым, бірақ бәрін есептегеннен кейін менде мұндай қаржылай мүмкіндік жоғына көзім жетті, сондықтан дистрибуциямен айналысамын деп шештім. Дегенмен, өзім азық-түлік желісін өндіретін күн алыс емес.

Кәсіпкер – бұл…
Өзінің кәсібімен айналысатын адам қандай тәуекелге баратынын біледі және қорықпайды. Табысты кәсіпкер өз командасы үшін жауап береді, міндеттерді жүктей біледі, алға қойылған мақсатқа жетеді және тәуекел етпес бұрын бәрін ақыл таразысына салады.
Өз кәсіпорнын ашқысы келетіндерге кеңес
Өзіңе ұнайтын және сүйсініп істейтін кәсіпті ғана бастау керек. Бизнес-жоспар құру, бастапқы кезеңінде сенің командаңа кім қажет болатынын түсіну, негізгі шығын баптарын ескеру қажет. Ең бастысы – қиындық туындаған кезде еңсені түсірмеу. Бүгін тіптң қаржы көзі болмаған жағдайда да өз бизнесіңді бастауға болады, және оның табысты болу ықтималы жоғары болады. Мәселе адамның өзінің кәсібі етіп таңдайтын бағытпен айналысуға ынталы болуында. Оның трендтік емес, жүрекке жақын және түсінікті болғаны жақсы. Егер адам өзі ләззат алмайтын нәрсені жасайтын болса, ол мұнымен 24/7 режимінде шұғылдана алмайды, ал кәсіпкер дәл осылай жұмыс жасайды.
Сүйікті жергілікті бренд
· Manshuq – мен шынымен Manshuq сайтын жақсы көремін және барлығына бір-екі жылдан кейін бұл Қазақстандағы ең жақсы интернет-басылым болады деп айтамын


· Something Else


· Mamma Mia – менің ойымша, чегі орташа мейрамханалар желісі үшін олар ұзақ уақыт сапасы мен беделін жоғары деңгейде сақтап келе жатыр


· Beauty Island

Біздің компанияның портфеліндегі барлық өнімдер адамдарға пайда әкелуге бағытталған. Біздің миссия – адамдарға пайдалы болу.


Қазір қазақстандық клиент экотауарларды сатып алуға бет бұрды, себебі барлық үрдіс бәрібір Батыстан келеді және біз оларды тез болмаса да, біртіндеп қабылдаймыз. Сатылым көлеміне қарағанда, тұрақты өсім байқалады және адамдардың бұл салаға қызығушылығы күн санап артып келе жатқаны анық. Бұл үрдісті елімізде экотауарлар сататын дүкендердің ашылып жатқан санынан да байқауға болады. Егер бұрын біз клиенттерді іздейтін болсақ, қазір клиенттер бізге өздері келеді. Демек, сұраныс артуда.


Әрине, бастапқыда басқалар сияқты менде де күмән болды. Компанияға ең аз инвестиция салу керек болды және бұдан нәтиже шықпаса, не болады деген қорқыныш болды. Бірақ ең бастысы – кәсіпті бастауға бел буу және іске кірісу. Мен үшін ең қиын нәрсе – міндеттерді басқа адамға жүктеуді үйрену болды – өйткені барлық процесті бақылауды ұнатамын.


Жұмысты қызметкерлерге сеніп тапсыруға және оған өзімнің қатыспауыма үйрену қиын болды. Командам – мен үшін компаниядағы ең құнды нәрсе. Олар әрқайсысын өте ардақтайтынымды біледі. Биыл команданы кеңейту бойынша үлкен жоспарымыз бар, қаржылық мүмкіндігімізге қарай біртіндеп осы бағытта алға басып келеміз.


Кәсібімізді алғаш бастаған кезде командада төрт адам болды – мен, сатылым жөніндегі менеджер, жүргізуші және қашықтан жұмыс істейтін бухгалтер. Қазір бізде 30-ға жуық адам бар, мен ұйымшыл команданың жұмысынан рахат аламын.

Чихун Джонг

Flask Coffee кофехана желісінің негізін қалаушы
Мен шамамен 10 жыл бұрын Оңтүстік Кореядан кетіп қалдым, себебі әлемді аралағым және туған елімнен тыс жерде адамдардың қалай өмір сүретінін көргім келді. Мамандығым суретші, Бостон университетінде магистратураны бітірдім, содан кейін Нью-Йоркте бір-екі жыл тұрып, жұмыс істедім. Кейін Буэнос-Айресте жарты жыл және Парижде бірнеше ай тұрдым. Көркем өнермен айналыстым, сурет салдым, әр түрлі стильдерді байқап көрдім, фотосуретке түсірдім, түрлі шығармашылық жобаларға жетекшілік еттім.


Сондай-ақ Орталық Азияға саяхат жасадым, әсіресе Қырғызстанда көп уақыт өткіздім, оның табиғатына ғашық болдым. Бішкекте Chicken Star мейрамханасын аштым, ол сәтті жоба болды, бірақ мен әрқашан кофеге құмар болдым. Кофені өте жақсы көремін, оны жоғары мектептен бастап – яғни, шамамен 22 жыл бойы күн сайын ішемін. Ол кезде Кореяда шай мәдениеті жоғары дамыған еді, сондықтан жақсы кофе ішуге болатын жерлер аз еді. Ондай жерлерді тауып, бос уақытымды сонда өткізетін едім. Студент болған кезімде Starbucks кофеханасында жұмыс істедім және бұл концепті үздік ең жақсы кофе екеніне сендім, бірақ кейін жақсы кофеде басқа да көптеген нәрсе бар екенін түсіндім. Кофе бизнесін әдепті түрде жүргізу туралы ойландым.


2017 жылы Бішкекте өзімнің кофеханамды ашуға мүмкіндік туды, сөйтіп бірінші Flask Coffee сол жерде пайда болды. Шынымды айтсам, алғашқы екі жылда біз көп пайда таппадық. Бұл мен ұнататындықтан және кофе ішуді өте жақсы көргендіктен айналысып жүрген хоббиге көбірек ұқсайтын еді. Бір-екі жылдан кейін Алматыға көшіп келіп, мұнда Chicken Star / Flask Coffee біріктірілген мекемесін аштым, бірақ пандемия кезіндегі дағдарысқа орай оны жабуға тура келді, сөйтіп біз Құрманғазы көшесіндегі кішірек локацияға көштік. Мұнда біз Flask Coffee-ге көбірек көңіл бөлеміз деп шештік, өйткені карантин жеңілдетілген соң кофеханаларға адам көбірек келеді деп ойладық. Көптеген адамдар үйдің тамағын жеуді жөн көретін болды, бірақ қазір де кофені үйден тыс жерде ішу әлдеқайда жағымды. Бұл шешім дұрыс болып шықты: өткен жыл қиын болғанына қарамастан, біздің өрісіміз кеңейіп, Бәрібаев көшесінде тағы бір Flask Coffee аштық, жылдың соңына дейін Бішкекте бір және Алматы мен Астанада тағы екі кофехана ашуды жоспарлап отырмыз.

Кәсіпкер – бұл…
Жақсы көретін кәсібімен айналысатын адам нарықтағы белгілі бір мәселені шешеді. Мен суретшімін, сондықтан бизнес жасау – мен үшін өнердің тағы бір түрі. Сен әр бөлшекті өз талғамыңа сай өзгерте аласың, әр ұсақ нәрсені жақсартуыңа болады. Нөлден бастап жоба құрасың және оны өзіңнің балаң сияқты әлпештейсің, себебі қазірдің өзінде оған жаныңның бір бөлшегін салдың. Кәсібіңдегі әр кішкентай жетістікті байқайсың, сондықтан үлкен жетістікке жету әсіресе жағымды.
Өз кәсіпорнын ашқысы келетіндерге кеңес
Сіз өз сұрағыңызға нақты жауап беруіңіз керек – бұл кәсіппен не үшін айналысқыңыз келеді? Бұл сұрақты жауабыңыз таусылғанша қоя беруіңіз керек – сонда сіз атап көрсететін барлық себеп сіздің көзқарасыңыз болады. Визуализация – қажет нәрсе. Бұл сізге мотивация беретін және дұрыс бағыт беретін және дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін құрал.
Сүйікті жергілікті бренд
· Local Pizza


· Bangkok


· Spice Mantra


· Spectre Coffee


· Blue Bar.

Клиентпен жеке байланыс – ең маңызды құндылықтарымыздың бірі. Кофеханада уақытын өткізіп, кофеден дәм татқан қонақтарда тек қана жақсы әсер қалғаны біз үшін өте маңызды. Біздің мәзірде өзіме ұнамайтын өнім жоқ. Кофені дайындауға ерекше мұқият қараймыз, әр граммын өлшеп, судың температурасы мен сапасын тексереміз. Егер клиентке бірдеңе ұнамаса, сусынды қайта жасауға немесе басқасын ұсынуға әрқашан дайынбыз. Әрине, біз жай адамдармыз және қателік жіберуіміз мүмкін, бірақ оны әрқашан мойындаймыз және олармен жұмыс істейміз. Клиенттерімізге жақсы болу үшін жеке байланыс болуы өте маңызды.


Менің ойымша, көптеген адамның өз кәсібін жалғастыруына шыдамы жетпеуінің себебі – оларға бұл жұмыс әуел бастан ұнамаған. Егер сіздің бірден-бір мақсатыңыз ақша табу болса, онда қиындық атаулыны еңсеру сізге өте қиын болады.


Қиындық – сен ең басында ғана тап болатын нәрсе емес. Кәсіпкер болу – күн сайын түрлі қиындықтарға тап болу деген сөз. Бұл сенің өмір шындығың, бірақ сен осы қиындықтарды жеңе отырып, мықтырақ боласың. Бұған үйреніп кететінің соншалық, қандай да бір шешілмеген мәселе жоқ болғанда, оны жанталаса іздей бастайсың.

Мұқаба: Азиза Киреева

Суреттерді материалдың эксперттері ұсынған

This project is supported by a grant provided by the U.S. Embassy in Nur-Sultan, Kazakhstan. All opinions expressed are those of the author and do not necessarily reflect those of the U.S. Government or the U.S. Mission to Kazakhstan.


Данный проект реализуется с помощью гранта от Посольства США в Нур-Султане, Казахстан. Мнения, выраженные в материалах, принадлежат их авторам и не обязательно отражают точку зрения Правительства США или Дипломатической Миссии США в Казахстане.

M

Читать также: