МАНСАП

Жеке тәжірибе: дипломымды қашықтан қалай қорғадым 

Пандемияға байланысты көптеген студент онлайн оқып қана қоймай, дипломдарын да осы режимде қорғады. Олардың арасында Manshuq SMM редакторы Алина Ерофеева бар.
Алина Ерофеева 

19 қаңтар, 2022

Университетте оқып жүрген кезімде бітіру курсым қандай болады, біздің топта диплом тапсыру салтанаты қалай өтеді екен деп жиі ойлайтынмын. Бәріміз үлкен залға жиналып, мантия мен қалпақ киіп, салтанатты сөз сөйлеп, осы қуанышты сәтті ата-аналарымызбен бөлісетінімізді көзіме елестетіп жүрдім. 

Өкінішке орай, менің үмітім шындыққа мүлдем сәйкес келмеді
Өткен жылдың наурыз айында қашықтан оқытуға көшетініміз белгілі болды. Студенттер бұл жаңалықты бейтарап қабылдады, өйткені біз көп ұзамай бәрімізге үйреншікті форматқа ораламыз деп ойладық. Пандемия, локдаун, қызыл аймақ, карантин. Біздің «жақын арада» дегеніміз бір жылға созылды. Сондай-ақ сіздерге айтарым, онлайн оқу бір қатарлы нәрсе емес.

Бастапқыда кемшілігінен гөрі артықшылығын көбірек байқайсың: ерте тұрудың қажеті жоқ, жол жүруге уақытың кетпейді, керуетте жатып-ақ лекция мен семинарға қатыса аласың. Бұл жерде ең бастысы – сәтті жіберіп алмау, «Сәлеметсізбе! Иә, мен осындамын» деп айту керек, ал содан соң сабақ жүріп жатқанда өз ісіңмен шұғылдануыңа болады.


Группаластармен бірге Zoom платформасындағы сабақтарға және «үй тапсырмасын» университет порталына жүктеп салу керек екеніне тез үйреніп кеттік. Ол студенттер легінің үлкен болуына байланысты үнемі іркіліп қалатын – ыңғайлы деп айтуға болмайды, бірақ аса қорқынышты нәрсе де емес. Айтпақшы, дәл сол семестрде сессия тапсырған жоқпыз. Бізге суммативті бағалау нұсқасы ұсынылды, біз, әрине, оны пайдаландық. Менің үшінші курсым осындай түсініксіз және мүлдем жаңа ырғақпен аяқталды.


Төртінші, бітіру курсы да басталды. Біз тура солай қашықтан оқи бердік. Ол кезде бізде көптеген қызықты және шығармашылық жобалар болды, бірақ тапсырма саны да бірнеше есе артты, сондықтан ноутбук алдында бірнеше сағат отыруға және межелі мерзімге дейін бәрін жасап үлгеруге тура келді. 

Содан кейін диплом қорғау және өмірімдегі үлкен стресс уақыты басталды
Шынын айтқанда, күздің соңына дейін диплом туралы ешкім көп ойланбайтын. Студенттер мен оқытушылар диплом қорғайтынымызды, бұған дайындық бастайтын кез келгенін білсе де, ешқандай әрекет жасалмады. Олар арқаны кеңге салып жүрді және бұл бекер еді! Өйткені, содан кейін дүрбелең басталды да кетті, біз бірнеше күнде ғылыми кеңесшіні таңдап, дипломдық жобаның тақырыбын анықтауға тиіс болдық. Біріншісі қиын болған жоқ, өйткені мен бұрыннан бірге жұмыс істегім келетін оқытушымен келісіп қойғанмын. Ал екінші міндет қиындық туғызды, өйткені мен не туралы жазғым келетінін мүлдем білмедім. Бақытыма орай, бұл мәселеде ғылыми кеңесшім көмектесті. Менің тақырыбым «Қайырымдылық – PR-белсенділіктің құралы ретінде» деп аталды, ал оқыған мамандығым «Қоғаммен байланыс» еді.


Диплом жазу процесі толығымен онлайн режимде өтті, сол себептен коммуникация жағынан жиі-жиі қиындыққа тап болдым. Мысалы, университетте өзіңе қажетті оқытушыны оңай тауып, оған өзіңді қызықтыратын сұрақтарды қоя алатын болсаң, онлайн форматта бәрі басқаша. Ол үшін жетекшіңе хат жазып, жауабын күтуің керек, ал егер ол жауап бермесе, хабарламаңды бірнеше рет қайта жіберіп, қайтадан жауабын күтуің керек. Кейде бұл бірнеше күнге созылып кететін. Жалпы, дипломға қатысты кез келген ақпаратты тым кеш біліп отырдық.

Сондай-ақ мен тағы бір өте маңызды нәрсені түсіндім: көптеген оқытушы әлі күнге дейін студенттерге «мотивация» беру үшін қорқытуды пайдаланады
Осындай «көмектің» арқасында менің кортизолым аспанға көтеріліп, сол жерден маған қолын бұлғап қоятын. Неге бәрін әншейін түсіндіруге болмайды екен? Міндетті түрде қорқыту керек пе? Жоқ, оқытушыларымыздың бәрі бірдей соншалықты қатыгез, қорқынышты деп айтқым келмейді, мүлде олай емес. Олар жақсы мамандар және тамаша адамдар. Тек маған бізге әсер етудің жалғыз жолы деп қорқыта беретіні ұнамады.


«Қорқыту» дегенде, мен жалған фактілерді айтып отырмын. Мысалы, алдын ала диплом қорғау болатыны туралы оған екі күн қалғанда білдік. Егер жұмысты уақытында жүктеп үлгермесек, бізді қорғаудың өзіне жібермейді деп айтты. Осы екі күнде бәрін дер кезінде жасап үлгеру үшін нағыз «соникке» айналдық. Алдағы диплом қорғаудан басқа ештеңе туралы ойлана да алмадық және бұл сұмдық стресс болды. Бірақ ақырында, алдын ала қорғау... болмайтын болды. Айтпақшы, мен дипломымды бір жарым айда жаздым, бірақ көбіне қас қарайғанша отыруға, ақпарат іздеуге, достармен кеңесуге және бұрыннан жатқа білетін мәтінді өңдеуге тура келетін. Ең бастысы, дипломда не болу керек және оны қалай рәсімдеу керегі туралы нақты нұсқау болмағаны қиындық туғызды. Соған бола мұғалімдер әр жолы дипломды кері қайтарып, барған сайын көбірек түзету енгізіп отырды.


Жалпы, диплом жазу – мен үшін зерттелмеген сала, оның үстіне пандемия жағдайы. Мен бұл процесті ережесін ешкім білмейтін ойынмен салыстырар едім. Онда сен бас кейіпкерсің, саған анда-санда нұсқау беріледі. Достар мен группаластардан құралған одақтастарыңмен бірге жалғыз мақсатыңа қарай жүресің.


Диплом қорғаудың өзіне іс жүзінде дайындалған жоқпын. Бір күн бұрын презентация жасап, сөзімді бірнеше рет жатқа қайталадым. «Айтулы» оқиғаның қарсаңындағы түні «ертең бәрі бітеді және мен, сайып келгенде, жақсылап демаламын» деп ойладым.


Таңертең қашып құтылмас нәрсені қабыл аламын деген оймен ояндым. Презентацияны алдын ала ашып, ноутбукта барлығы жұмыс істеп тұрғанын тексеріп, іштей дайындалдым. Менің кезегім келгенше бәрі жақсы өтіп жатты. Бірақ «зұлымдық заңы» бойынша менде дыбысқа қатысты проблема туды, оған қоса экран демонстрациясын істей алмадым. Оған менің де кінәм болғанын түсінемін, бірақ мұндай жағдай кез келген адамның басына келуі мүмкін.

Техникалық ақаулық – онлайн оқытудың үлкен кемшіліктерінің бірі
Диплом қорғайтін кезде алаңдайтын нақты себептердің бірі де осы. Жауап беріп жатқанда үйіңде жарық өшпейді, интернет немесе ноутбук іркіліп қалмайды деп сенімді түрде айта алмайсың. Мұны болжау мүмкін емес. Сонда бойымды үрей билей бастағанын сездім, бірақ жағдайды тез түсініп, презентациямды оған жіберуімді сұраған құрбыма рахмет. Сөзімді аяқтағаннан кейін, әлдебір аяқталмағандық сезімі қалды, өйткені бәрі мен елестеткеннен мүлдем басқаша болды. Нәтижені шамамен жарты сағаттан кейін жариялады. Маған мүмкін болатын жүз ұпайдан 99 балл қойыпты. Ал екі аптадан кейін университет түлектерін құттықтау рәсімі өтті – ол да онлайн. Сонда менің дипломым қызыл екенін білдім.
Болашақ мамандығын, білім, диплом

Сәлден соң группаластарыммен бірге осынау маңызды құжатты алуға университетке бардық. Карантинге байланысты бізде салтанатты іс-шара болған жоқ, сондықтан оны өзімізге өзіміз ұйымдастырамыз деп шештік. Бәріміз көшеге шықтық та, жақын досым топтың дипломдарын жинап алып, салтанатты әуенмен бізге табыс етті. Бұл көңілді және өте әсерлі болды. Бірақ күткеніміз мүлдем басқаша еді.

Білесіз бе, енді студент емес екеніңді түсіну бір түрлі екен. Енді ересек өмір басталды, бірақ, шынымды айтсам, бұл маған тіпті ұнайды да. Қашықтан оқимыз деп жүйкемді тоздырып алыппын. «Магистратураға түсуді жоспарлап отырсың ба?» деген туыстарымның сұрағына «жоқ» деп нық сеніммен айтамын. Қазір, сірә, демаламын.

Мұқаба: Азиза Киреева
M
This project is supported by a grant provided by the U.S. Embassy in Nur-Sultan, Kazakhstan. All opinions expressed are those of the author and do not necessarily reflect those of the U.S. Government or the U.S. Mission to Kazakhstan.


Данный проект реализуется с помощью гранта от Посольства США в Нур-Султане, Казахстан. Мнения, выраженные в материалах, принадлежат их авторам и не обязательно отражают точку зрения Правительства США или Дипломатической Миссии США в Казахстане.

Читать также: