Ұлдай Онбаева:
«Біз жас мамандарды ұжымға тартып, белсенді болуға шақырамыз. Байқаулар болсын, спорт жарысы болсын, әйтеуір, бірге қатысып, бірге бірдеңе ұйымдастырсақ дейміз. Қазіргі жастар өте алғыр, заман талабына сай, ойлары да тың, ерекше. Олардың бастамаларын біз әрдайым қолдауға тырысамыз. Егер ұжымымыз жақсы болмағанда, мен баяғыда-ақ бұл жерден кетер едім. Ал бізде бәрі шынайы, көңілді, бір-бірімізге бауыр басып қалғанбыз. Өзім де күлкі мен қалжыңды жақсы көрем. Кейде көңіл күйім болмаса да, жұмысқа ондай түрмен келмеуге тырысамын. Көңіл-күй деген – адамның өзі жасап алатын дүниесі. Үй ол үй, ал жұмыс – үнемі барғың келіп, өз орныңдай көретін жер болуы керек».
Ұлдай барлық еңбегін, тынымсыз жұмысын қызы үшін жасағанын айтады. «Қызым кішкентай болғанда оқуға кеттім, сосын жұмысқа орналастым, – дейді ол. – Ол кезде ұялы телефон деген жоқ. Түнде жұмыстан шығып, қызымның дауысын есту үшін сөйлесу пунктіне жүгіріп баратынмын. Ол жылайтын, ал мен бекем болуға тырысатынмын. Мұның бәрі соның болашағы үшін еді. Қызым ештеңеден таршылық көрмесе екен, жақсы білім алса екен, армандай білсе екен, өмірі менікінен жарқын болса екен дедім. Біз – еңбек өтілімін жоғалтып аламын деп қорқып өскен ұрпақпыз. Қазір бәрі басқаша ғой — жұмыстан шығып, жаңасын табуға болады. Ал бұрын ондай болмаған. Сол үшін де көп еңбек еттім».
Бүгінде Ұлдайдың қызы 26 жаста, Ақтөбеде тұрып жатыр және анасын өз қамқорлығына алған. «Мен оны ешқашан еркелеткен емеспін, – дейді Ұлдай. – Есесіне қазір өзі мені еркелетеді. Қызым бәрін түсінеді».
Жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында Ұлдай көп әріптесіне бейресми тәлімгер болып кеткен. Ең қатты мақтан тұтатыны – білгенін жастармен бөлісе алатыны.
«Мысалы, менімен бірге жұмыс істеп жүрген Диана деген қыз бар. Жасы жиырма алтыда. Мен оған «Бір орында отырма. Білім ал, машинистка бол, не басқа мамандықты меңгер, жас кезде мүмкіндікті бос жіберме» деп айттым. Қазір мүмкіндік көп қой. Онлайн-курс дейсің бе, тағылымдама дейсің бе – бәрі бар. Энергия бар кезде пайдалану керек», – дейді Ұлдай.
Ұлдайды шахтаға келіп жатқан әйелдер саны көбейіп жатқаны ерекше қуантады. Қазіргі қыздардың ештеңеден қорықпайтыны, оқуға көңіл бөлетіні және батыл қадамдар жасайтыны Ұлдайды шабыттандырады екен.