ӨМІР

Шұғыл жәрдем: төтенше контрацепция туралы толық мәлімет

Репродуктивтік Медицина Институтының (РМИ) акушер-гинекологы, ЮНФПА репродуктивтік денсаулық жөніндегі халықаралық сарапшысы, Қазақстандық жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымының (КМПА) атқарушы директоры Галина Гребенниковамен бірге шұғыл контрацепцияның қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі зерделейміз
Ася Акимжанова

2 маусым 2023

Шұғыл контрацепция дегеніміз не?

Шұғыл контрацепция – жыныстық қатынастан кейін жүктілікті болдырмау үшін пайдаланылатын контрацепция әдісі. «Шұғыл» деген сөздің өзі бұл жиі қолданылмауға тиіс төтенше әдіс екенін көрсетеді. Бұл контрацепцияны «қауырт», «төтенше» немесе «таңертеңгілік таблеткалар» деп те атайды.

Шұғыл контрацепция қалай жұмыс істейді?

Шұғыл контрацепция түрлерінің арасында гормонды таблетка мен жатырішілік заттарды ерекше атап көрсетеді. Әйелдер көбінесе контрацепцияның таблеткаланған түрін пайдаланады. Шұғыл контрацепцияға арналған таблеткалар овуляцияны болдырмау немесе кешіктіру арқылы жүктілікті болдырмайды және түсік жасамайды. Құрамында мыс бар ЖІК ұрықтандыруды болдырмайды, ол шәует пен аналық жасуша жанасқанға дейін онда химиялық өзгеріс тудырады.

Шұғыл контрацепция басталған жүктілікті тоқтата алмайтынын атап өту маңызды

Шұғыл контрацепцияны қандай уақытта қабылдау керек?

Ең дұрысы, шұғыл контрацепцияны қорғалмаған жыныстық қатынастан кейін мүмкіндігінше тезірек, пайдаланылатын әдіске қарай бес күннен кешіктірмей қабылдаған жөн. Оның әсері максималды болатын уақыт – қорғалмаған жыныстық қатынастан кейінгі алғашқы үш күн.

Шұғыл контрацепцияны қандай жағдайда қолдануға болады?

Шұғыл контрацепцияны қорғалмаған жыныстық қатынастан кейін, басқасына қоса, егер сізде пайдаланылған контрацептивті заттардың тиімділігіне немесе олардың дұрыс пайдаланылуына күмәніңіз болса, қолдануға болады.

Gedeon Richter KZ компаниясының қолдауымен жүргізілген «Қазақстандағы әйелдер денсаулығының профилактикасы мәселесі жөніндегі зерттеу 2022»* деректері бойынша:

Қазақстандық әйелдердің 45%-ы шұғыл контрацепция туралы естіген.
Негізінен бұл 18-25 жас аралығындағы жас әйелдер (53%).
Сондай-ақ бұл серіктесімен бірге және/немесе азаматтық некеде тұратынын және әлі баласы жоқ екенін көрсеткен әйелдер. 
Респондент әйелдердің 90%-ы өздері білетін шұғыл контрацепция құралдарының арасында таблеткаланған гормонды препараттарды атады.
** Социологиялық зерттеуді 4Service™ халықаралық зерттеу холдингі Gedeon Richter KZ компанисының қолдауымен жүргізді. Қазақстанның 17 облыс орталығында 18 бен 45 жас аралығындағы барлығы 814 әйел сауалнамаға қатысты. Зерттеу онлайн-сауалнама әдісімен жүргізілді. Жүргізілген уақыты: 2022 жылдың жазы.

Шұғыл контрацепция әдісі қаншалықты тиімді және қауіпсіз?

Шұғыл контрацепция, әсіресе, бірінші тәулікте қабылданса, – айтарлықтай жоғары тиімді әдіс. Алайда егер әйел шұғыл контрацепцияны қабылдаса және үш аптадан кейін оның етеккірі келмесе, жүктіліктің бар болу ықтималдығы жоғары екенін атап өту керек. Мұндай жағдайда көбіне-көп не істеу керек деген ой мазалайды немесе жүктілікті қалай сақтау керектігі туралы алаңдаушылық туындайды. Бірақ бұл мүмкін, өйткені шұғыл контрацепция таблеткасының тератогендік әсері жоқ – ол ұрыққа теріс әсер етпейді. Дегенмен, егер соған қарамастан, әйел жүктілікті тоқтатуға шешім қабылдаса, онда мүмкіндігінше медикаментоздық әдісті пайдаланған жөн. Шұғыл контрацепция әдісі қауіпті болса, оны ешкім пайдаланбайтын және ұсынбайтын еді. Бірақ оның шынымен шұғыл әдіс екенін және оны жүйелі контрацепция ретінде пайдалануға болмайтынын түсіну керек.

Шұғыл контрацепцияны қаншалықты жиі пайдалануға болады?

Бұрын шұғыл контрацепцияны жылына екі реттен артық пайдалануға болмайды деген пікір болған. Алайда егер әйел шұғыл контрацепцияны бір рет қабылдаса және бірнеше айдан кейін осы тәсілді қайтадан пайдалану қажет болатын жағдайға тап болса, онда істі өз бетімен жіберіп, жоспардан тыс жүкті болғанша, шұғыл контрацепцияны пайдаланған дұрыс.

Шұғыл контрацепцияны пайдалануға қандай қарсы көрсетілімдер бар?

Шұғыл контрацепцияны кез келген әйелдің қабылдауына болады. Гормонды контрацепцияға қарсы көрсетілім болып табылатын жоғары күретамыр қысымы немесе анамнезде тромбоздың болуы – шұғыл контрацепцияны пайдалану үшін кедергі емес. Сондай-ақ бала емізетін әйелдер де шұғыл жағдайда дәрілік препаратқа арналған нұсқауларға сәйкес қабылдау ережелерінің ерекшеліктерін сақтай отырып, бұл әдісті пайдалана алады.

Шұғыл контрацепцияны қолданғаннан кейін тұрақты контрацепцияға қалай оралуға болады?

Әйел гормонды таблеткалар түріндегі тұрақты контрацепцияны пайдаланды делік, бірақ егер ол таблетканы үш күн бойы қабылдамаса және қорғалмаған жыныстық қатынасқа түскен болса, оған шұғыл контрацепция қажет болуы мүмкін. Төтенше контрацепция таблеткасын қабылдағаннан кейін оның келесі күні өзінің препаратын қабылдауды жалғастыруына болады – бұл жағдайда онда етеккір циклінің іркілісі мен бұзылуы болмайды. Ал егер ол қазіргі уақытта гормонды таблеткалары қабылдамай жүрген болса, онда оның шұғыл контрацепцияны қабылдаған соң етеккір басталғанға дейін тосқауыл әдістерін пайдаланғаны дұрыс. Циклдің бірінші күнінен бастап тұрақты контрацепцияға оралуға болады. Өзіңізге қолайлы дәрі-дәрмекті таңдау мәселесінде мұны дұрыс жасай алатын дәрігермен міндетті түрде кеңесу керек екенін есте ұстаған маңызды.

Басқа әдістердің орнына шұғыл контрацепцияны ойланбастан қолдану неге әкеп соғуы мүмкін? Неліктен ШК жиі пайдалануға болмайды?

Шұғыл контрацепцияда гормондар дозасы айтарлықтай жоғары, сондықтан оны жиі қолдану етеккір циклінің бұзылуына, етеккірдің болмауына немесе етеккір кезінде көп қан кетуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл салдар болашақта жүктілікті жоспарлауға да кері әсерін тигізуі ықтимал.

Безендірген: Азиза Киреева
Бұл ақпарат дәрігердің кеңесін алмастырмайды және өзін-өзі диагностикалау және емдеу үшін пайдаланылмауы керек.
M

Читать также: