ӨМІР

Бала емізетін аналарға арналған контрацепция: оңтайлы таңдау

Біз әйелдердің бала емізген кезде жүктіліктен қалай сақтанғаны туралы әңгімелерін жазып алдық, сондай-ақ бала емізетін аналарға арналған контрацепцияның қыр-сырын түсіну үшін сарапшының кеңесін сұрадық.

Яна Каримова

10 шілде 2023

Жазира

29 жаста:
«Аяғым ауыр болып жүрген кезде құрбыларым маған: «Ең бастысы, баланы жиі және ұзақ еміз – сонда мүлдем сақтанбасаң да болады», – деп айтқан. Олардың бірі қызын бір жарым жыл емізіп, күйеуімен еш алаңсыз жыныстық қатынасқа түскенін айтты. Кейбір әйелдердің лактация кезінде сақтанбай жүретіні туралы мен бұрын да естігенмін, сондықтан құрбыларымның сөзіне тіпті күмәнім болған жоқ. Босанғаннан кейін алғашқы үш айда бәрі жақсы болды, бірақ содан кейін қайтадан жүкті екенімді білдім. Таң қалдым деу – ештеңе айтпағанмен бірдей.

Гинекологтың қабылдауында болғанда ғана ол менің қаншалықты қателескенімді түсіндірді
Нәтижесінде қазір менің тетелес екі балам бар, мен үнемі сақтанып жүремін және ана болуға дайындалып жатқан қыздардың сауатын ашумен шұғылданамын. Олар менің қателігімді қайталамасын деймін».

Наталья

43 жаста:
«Бірінші ұлымды туғанымда интернет әлі онша дамымаған болатын, ал әр сұрақ бойынша гинекологқа бара беру дағдылы нәрсе болмаған. Мен кішкентай қала ішінде тұрдым және әдетті репродуктивтік денсаулыққа байланысты барлық нәрсені анаммен немесе әпкеммен ақылдасатынмын. Босанғаннан кейін бірден дерлік сақтану керек деп ойладым, бірақ ішке қабылдайтын контрацептив туралы тіпті ойланған да жоқпын – маған гормоналды таблетка ішу және бала емізу бір-бірімен үйлеспейтін нәрсе болып көрінді. Ішке қабылдайтын контрацептивтердің көп қарсы көрсетілімі бар екеніне сенімді болдым, оның үстіне жиырма жастағы мен үшін оның бағасы да тым қымбат еді. Сондықтан күйеуім екеуіміз басынан бастап презерватив пайдаландық. Әлбетте, бұл ыңғайсыздау, бірақ қаламаған кезде жүкті болмайтынымды анық білдім».

Айдана

25 жаста:
«Менің әпкемнің төрт баласы бар, олардың арасы небары бір-бір жарым жас. Менің әпкем – баланы емізу – жүктіліктен қорғаныс емес екенінің жарқын мысалы. Оған қарап, мұндай жағдайды қаламайтынымды түсіндім. Сондықтан босанғаннан кейін сәл есімді жиғаннан соң, бірден гинекологтың қабылдауына бардым.

Айтпақшы, дәрігер мені мақтап, мұндай жаңа босанған саналы аналар өте аз екенін атап өтті. Ол маған бала емізетін аналарға арналған бала көтертпейтін таблетка жазып берді
Мен оны бір жылдан бері ішіп келемін, өзімді жақсы сезінемін, ешқандай жанама әсерін байқаған жоқпын. Бірақ ең бастысы, мен кенет жүкті болып қалуым мүмкін деп ойламай, алаңсыз өмір сүріп жүрмін».

Дина

31 жаста:
«Үйленгенге дейін күйеуім екеуіміз төрт жыл кездесіп жүрдік және осы уақыт бойы барша білетін ескі тәсіл – жыныстық қатынасты үзу арқылы сақтандық. Күйеуім күліп айтатындай, бір де бір рет жаңсақтық болған жоқ. Бірінші рет жүкті болғанымда бұл толығымен жоспарланған және көптен күткен нәрсе еді. Босанғаннан кейін біз тіпті арнайы контрацепция туралы ойламадық, бұрын тиімділігі дәлелденген әдісімізді пайдаландық. Бірақ бірдеңе дұрыс болмады, сөйтіп қызымыз туылғаннан кейін дәл бір жыл өткен соң жүктілік сынағында қайтадан екі жолақ көрінді. Ол кезде мен қызымды әлі белсенді түрде емізіп жүргенмін. Біз мұндай жағдайға дайын емес едік, бұл мен үшін де, күйеуім үшін де үлкен стресс болды. Әрине, қазір біз ештеңеге өкінбейміз – сүйкімді екі қызымыз өсіп келеді, бірақ ол кезде жағдай мүлдем қиын болып көрінді».

Неліктен бала емізіп жүрген кезде жүктілік болуы мүмкін? Мұның себебі – пролактин гормонының төмендеуі, соның нәтижесінде овуляция қалпына келеді.


Пролактиннің төмендеуіне әсер ететін негізгі көрсеткіштер:

нәрестені сирек емізу;
емшек сүтімен аралас тамақтандыру немесе сүттің жетіспеуі;
қосымша тағам беру.
Овуляция босанғаннан кейінгі алғашқы етеккір келгеннен ертерек қалпына келуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан тұрақты түрде баланы емізген кезде де контрацепция туралы ойлаған дұрыс.

Шолпан Әлиева

жоғары санатты акушер-гинеколог, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ клиникалық пәндер кафедрасының ассистенті:
«Бүгінгі таңда көптеген жас әйелдің босанғаннан кейін бірден контрацепция туралы ойланатыны өте мақтауға тұрарлық. Бұрын пациенттер жас аналар бала емізетін кезде жүкті болмайтынына сенімді болды. Нәтижесінде жоспарланбаған жүктілікке және одан да ауыр нәрсе – қиын таңдау жасауға тап болды. Сондықтан пациент әйелдер босанғаннан кейін қырық екі күннен соң қабылдауға келген кезде олармен контрацепция туралы сөйлесеміз. 

Бұл кездейсоқ емес: осы уақытта босанғаннан кейінгі кезең аяқталады және жыныстық қатынасты қайтадан бастауға болады
Қырық екі күнде әйелдің жыныстық жүйесі қалпына келеді, өзінің азды-көпті қалыпты күйіне оралады, органдар бұрынғы өлшеміне қайтып келеді. Міне осы кезде міндетті түрде контрацепция туралы ойлану керек.


Көптеген пациент әйел тосқауыл контрацепциясын пайдаланады. Бірақ қазір бала емізіп жүрген кезде гормоналды контрацепцияны пайдалану туралы сұрақ қоятындар да көп. Бұл бала емізетін аналарға арналған заманауи контрацепция әдісі, контрацептивті босанғаннан кейін ең жақын уақытта – оңтайлысы 42 күннен кейін қабылдауға болады. Әдетте, мұндай контрацепцияны үздіксіз режимде қабылдау белгіленеді, яғни мұндай препараттарда 28 таблетка бар. Әйел күн сайын бір уақытта, өткізіп жібермей бір таблеткадан ішеді, ал 29-шы күннен бастап жаңа қаптамасын бастайды.

Бұрын дәрігерлер әр үш сағат сайын бала емізген жөн деп көрсететін. Қазір біз нәрестелерді сұрағанына қарай емізуге кеңес береміз. Сәбиіне бірден режим орнатып, түнде емізбеуге тырысатын аналар бар. Тиісінше, осы уақытта аналық бездер тезірек қалпына келеді және кенет овуляция болуы мүмкін, демек, жүкті болу мүмкіндігі пайда болады.


Бала емізіп жүрген кезде қолдануға рұқсат етілген ішке қабылдайтын контрацептивтерден басқа, бала емізетін аналар тосқауыл контрацепциясын пайдалана алады. Кейбір ерлі-зайыптылар бұл туралы ойлайды және тосқауыл контрацепциясын үнемі қолданады. Әрине, контрацепцияның тәсілі мен әдісі жыныстық қатынастың жиілігіне байланысты: егер ерлі-зайыптылардың жыныстық өмірі белсенді болса (аптасына үш реттен көп), әлбетте, оларға 4-5 жылға орнатылатын ЖІС жатырішілік контрацептиві немесе ішке қабылдайтын контрацептивтер қолайлы. Егер жыныстық өмірі онша белсенді болмаса, презервативтерді, сондай-ақ жергілікті спермицид – қынапта әсер ететін және тікелей жыныстық қатынас алдында орналастырылатын химиялық заттарды пайдалануға болады. Бұл химиялық зат, ол әйелдің ағзасына ешқандай әсер етпейді және тек жергілікті түрде сперматозоидтарға ғана әсер етеді. Оны қолданудың бір ерекшелігі бар: жыныстық қатынастан кейін екі сағат бойы гигиена құралдарын (сабын, себезгі гелін) қолдануға болмайды, өйткені олар контрацепцияның әсерін әлсіретуі мүмкін. Бұл әдістердің контрацепциялық сенімділігі жалпы мойындалған гормоналды контрацептивтерге қарағанда әлдеқайда төмен екенін атап өткім келеді».


Дәл сізге қолайлы контрацепция әдісін таңдау үшін гинеколог кеңесін алу ұсынылады.

Иллюстрациялар: Азиза Киреева
Бұл ақпарат дәрігердің кеңесін алмастырмайды және оны өзін-өзі диагностикалау және емдеу үшін пайдалануға болмайды.
M

Читать также: