Мағжан Жұмабаев ХХ ғасыр ата-аналарына қандай кеңестер берген?
8 қараша 2023
Педагогикалық жолымның басында Мағжан Жұмабаевтың “Педагогикасы” туралы жиі еститінмін. Әріптестерім “бұл еңбекті әр мұғалім міндетті түрде оқуы керек” деп айтатын. Алайда кітаппен осы жазда ғана танысуға мүмкіндігім болды. Кітап мені бірден баурап алды, сондықтан ол туралы мейлінше көп адам білгенін қаладым. Бұл кітап 1922 жылы жазылса да, өзектігін әлі де жоғалтпады деп ойлаймын. Егер сол уақыттан бері бұл кітапты әр ата-ана оқыған болса, қазір бала денсаулығына қатысты мәселелер азаяр ма еді?!
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабынан ата – аналарға 10 кеңес:
«Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма – осыларды дұрыс біліп отыру үшін мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда (баланы) күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде (аптасына) екі-үш рет, екінші жылда жетіде (аптасына) бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл».
«Баланың да, жетілген адамның да жылылығы бір тәулік ішінде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден (нормадан) асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты – таңертең. Жоғарылайтын кезі – кеш. Дене жылылығы «термометр» деген құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күнде өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшемде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны».
Мағжан баланың демін ояу кезінде санау қиын екенін айтады: «Ойнап, қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы, ұйықтап жатқанда санау».
Мағжан ата-аналарға бала жатқан бөлменің жылылығы мен жарығына да көңіл бөлген жөн екенін айтады. «Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, нашар болып өседі. Сондықтан бала жатқан бөлменің жарығы мол болуы керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін терезелері оңтүстік күн шығысқа, не оңтүстік күн батысқа қарауы шарт».
«Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек заттың бәрі бар. Ана сүті бала өскен сайын өзгеріп отырады. Ана бір себептерден баласын емізе алмайтын болса, әрине қолдан асырауға тура келеді».
Жазушы баланы ананың өзі емізгеннен абзалы жоғын айтады. Сол кездегі статистика бойынша, бір жылда ана сүтін емген жүз баланың 15-20-сы көз жұмса, қолдан тамақтандырған жүз баланың 65-і қайтыс болған.
Ата-аналарға қарата айтылған тағы бір кеңес: «Балаға берілетін сүт сау сиырдың жаңа сауылған сүті болсын. Әр сиырдың сүтін бергеннен бір ғана сиырдың сүтін берген дұрыс. Сүт ыдысы таза болуы керек және берілетін сүтті қайнату керек».
«Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, ауру болмауына, мінезінің дұрыс қалыптасуына да әсер етеді. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала ауру болады. Асқазаны бұзылады, ішкен-жеген тамағын сіңіре алмайды».
Автор бала киімін үлкендердің киімімен бірге жууға болмайтынын айтады. Үлкен кісі киімінен бала киіміне бір нәрсе жұғуы мүмкін. «Баланың киімі қолпылдаған кең, денені қысып тұрғандай тар да болмасын, шақ болсын. Балаға биік өкшелі етік кигізіп, белін белбеумен қысып тастауға болмайды. Жалпы айтқанда, бала киімді әдемі болсын деп емес, ыңғайлы болсын кигізген жөн».
«Тамаққа тоя сала ұйықтату – біздің жалпы зиянды әдетіміз. Ұйқы – дене мүшесінің бәрі демалатын, тыншығатын шағы, осы уақытта асқазанға сен тынықпа, мынау жеп-ішкеніңнің бәрін қайнатып, денеге сіңір деу тіпті жөнге келмейтін бір зорлық емес пе? Ол сорлы қайтсін, бұл қызметті атқара алмайды. Міне, осындайдан асқазан бұзылып, адамда неше түрлі аурулар пайда болады».
Мұқаба: Manshuq