Өмірді айлық цикліне қарай жоспарлауға бола ма? Дәрігер не дейді?
16 июня 2026
Испания, Жапония, Индонезия және бірқатар елдерде айлық кезінде берілетін арнайы демалыс түрлері қарастырылған. Қазақстанда мұндай тәжірибе жоқ.
Сондықтан көптеген әйелдер жұмыс, спорт және демалыс арасындағы тепе-теңдікті өз ағзасының ерекшеліктерін ескере отырып табуға тырысады.
Циклге қарай жоспар құру шынымен көмектесе ме? Және ағзадағы кез келген өзгерісті гормондармен түсіндіруге бола ма? Бұл сұрақтарды гинеколог-эндокринолог Мәншүк Әділовамен талқыладық.
«Шынында да, кейбір пациенттер жағдайының циклдің белгілі бір кезеңдерінде нашарлайтынын байқайды. Бірақ мұндай белгілердің артында тек гормоналды өзгерістер ғана тұрмайды», – дейді Мәншүк Әділова.
Маманның айтуынша, әлсіздік пен күш-қуаттың төмендеуіне:
• темір тапшылығы;
• ұйқының бұзылуы;
• созылмалы күйзеліс;
• қалқанша безінің аурулары;
• D дәруменінің жетіспеушілігі;
• мазасыздық бұзылыстары;
• шамадан тыс жүктеме мен жеткіліксіз демалыс
себеп болуы мүмкін.
«Бірнеше жыл бойы өзін жалқау әрі әлсізбін деп ойлап жүрген пациентім ерекше есімде қалды. Ол үнемі шаршап жүретініне, тіпті демалыс күндерінен кейін де күш жинай алмайтынына, айлығының ауыр өтетініне және басының айналатынына шағымданды. Тексеру барысында көп мөлшерде қан жоғалтуға байланысты оның ағзасында темір тапшылығы бар екені анықталды. Емделіп, жетіспеушіліктің орнын толтырып, гинекологиялық мәселе шешілгеннен кейін оның жағдайы түбегейлі өзгерді: күш-қуаты қалпына келіп, көңіл күйі мен өмір сапасы жақсарды. Бұл оқиға маған маңызды бір нәрсені тағы бір мәрте еске салды. Әйелдердің өзін нашар сезінуін қалыпты жағдай деп қабылдауы бірте-бірте жаман әдетке айналады екен. Негізінде ағза мұндай белгілер арқылы адамға көмек қажет екенін білдіруге тырысады», – дейді маман.
Цикл барысында энергия деңгейі неге өзгеруі мүмкін?
«Егер көңіл күй мен күш-қуаттың өзгеруі соншалықты қатты болып, әйелдің жұмыс істеуіне немесе қалыпты өмір сүруіне кедергі келтірсе, бұл ағзаға көмек қажет екенінің белгісі болуы мүмкін. Қалыпты цикл дегеніміз ай сайынғы «тірі қалу үшін күрес» емес», – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, мұндай жағдайларда айлық алдындағы синдром (ПМС) немесе айлық алдындағы дисфориялық бұзылыс (ПМДБ) туралы сөз болуы мүмкін. Шартты түрде айлық циклі төрт кезеңге бөлінеді. Әр кезеңде әйел ағзасында белгілі бір гормоналдық өзгерістер жүреді, сондықтан энергия деңгейі, физикалық белсенділікке деген ықылас, тәбет пен эмоционалдық күй де өзгеруі мүмкін.
Қатты ауырсыну қалыпты жағдай емес.
Айлықтың алғашқы күндеріндегі шамалы жайсыздық қалыпты құбылыс саналады. Алайда әйелді күнделікті жоспарынан бас тартуға, көп мөлшерде ауырсынуды басатын дәрілер ішуге, төсектен тұра алмай қалуға немесе тіпті есінен тануға мәжбүр ететін қатты ауырсыну қалыпты жағдай емес. Өкінішке орай, көптеген әйелдер жылдар бойы «шыда, бәрінде солай болады» деген сөзді естіп келеді. Алайда мұндай айқын ауырсынудың артында эндометриоз, аденомиоз, қабыну процестері, миома немесе басқа да аурулар тұруы мүмкін.
Дәрігер Мәншүк Әділованың айтуынша, әйел көмекке неғұрлым ерте жүгінсе, созылмалы ауырсыну мен асқынулардың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан қатты ауырсынуға шыдап, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдаудың қажеті жоқ
Қандай тексерулерден өткен жөн?
Алайда жылына бір рет мынадай тексерулерден өтуге болады:
• жалпы қан талдауы;
• ферритин, темір және трансферриннің қанығу пайызы;
• D дәруменінің деңгейі;
• ТТГ талдауы (қалқанша безінің қызметін бағалау үшін);
• гинекологтың тексеруі және қажет болған жағдайда УДЗ.
Сонымен қатар күнделікті өмірде мынадай әдеттерді қалыптастыру пайдалы болуы мүмкін:
• кемінде 7–8 сағат ұйықтау;
• рационда ақуыз бен темірдің жеткілікті болуын қадағалау;
• тұрақты әрі орташа физикалық белсенділік;
• күйзелісті азайту;
• «соңғы демің қалғанша шыдау» қағидасынан бас тарту.
Циклді бақылауға көмектесетін қолданбалар
Гинеколог Мәншүк Әділованың айтуынша, көптеген әйелдерге өз циклін қадағалап отыру ағзаны жақсырақ түсініп, жүктемені өз жағдайына қарай ұқыпты жоспарлау үшін қажет. Айлықтың басталу және аяқталу күндерін, сондай-ақ циклдің қай кезеңі болып жатқанын бақылауға көмектесетін тегін қолданбалардың қатарына мыналар жатады:
• My Calendar;
• Clue;
• Flo;
• WomanLog.
Өз цикліңізді бақылау – өміріңізді толықтай оған бағындыру дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл өз ағзаңызды жақсырақ түсінуге және оған көбірек қамқорлық жасауға көмектесетін құралдардың бірі. Ал егер ауырсыну, әлсіздік немесе көңіл күйдің өзгеруі күнделікті өмірге айтарлықтай кедергі келтірсе, оны «бәрінде солай болады» деп ойламай, дереу дәрігерлерге жүгінген жөн. Сақтықта қорлық жоқ!
Иллюстрации: YouTube канал Sprouts





