Желіде біреулердің бізді үнемі алдағысы келетіні рас па? «Логикалық айла-шарғыға» қалай түспеу керек? Медиасауатты адам болу үшін не істеу керек? Фактчекинг жайындағы осы және басқа да сұрақтарды түсіну үшін біз фактчекер, оқытушы және қазақстандық мектептерге арналған медиасауаттылық оқулығын құрастырушы Павел Банниковпен сұхбаттасқан едік.
Әдия Ахмер
21 тамыз 2023
Фактчекингке қалай келдіңіз? Неліктен бұл сіз үшін маңызды болды?
Бір қызығы, мен фактчекингпен ол әлі тренд болмаған кезде айналыса бастадым. Фактчекингке алғаш рет 2006 жылы Men's Health журналының қазақстандық редакциясына редактор болып жұмысқа тұрғанда тап болдым. Атап айтқанда, медицина мен денсаулыққа қатысты материалдардағы фактілерді тексерумен айналыстым. Берілетін кеңестерді тексеру – шынымен де өте маңызды, өйткені олардың біреуі оқырманға зиян келтірсе, бұған оны жазған адам емес, жариялаған басылым жауапты болады. Журналистикамен қош айтысып, лингвистикалық зерттеумен шұғылданған кезім де болды, бірақ біраз уақыттан кейін қайтып оралып «РадиоТочка» басылымында жұмыс істедім, алайда Панама қағаздары (Panama papers) бойынша бірқатар материал жарияланғаннан кейін басылымды «жаншып», жауып тастады. Содан кейін Factchek.kz басылымына келдім. Алғашқыда жобаны алға бастыру маманы, кейін бас редактор болдым. Бес жылда атқарған жұмысымыз нәтижелі деп ойлаймын. Команданың қазір не істеп жатқанын бақылап отырамын – бұл өте жақсы және дұрыс.
2022 жылы фактчекингтің кәсіп ретінде пайда болғанына 100 жыл толды
Бұл жаңа құбылыс емес. Баспасөз басылымдарында материал жарыққа шыққанға дейін онда мазмұндалған ақпараттың анықтығын тексеретін адамдар әрқашан болған. Тек олар басқаша аталған. Бастапқыда бұл әйелдердің кәсібі болды. XX ғасырдың басында әйел адам үшін журналистикаға автор ретінде кіру қиын, тіпті мүмкін емес еді. Көп қыз өз жолын фактчекер ретінде бастады. Олар ер адам авторлардың не жазғанын, қате жібермегенін немесе бәрін ойдан шығармағанын тексеретін. Ақпаратты энциклопедия, анықтамалық бойынша тексерді. Фактчекинг әдіснамаға, яғни ақпаратты тексеру әдісіне негізделген.
Фактчекинг қазіргі форматына XX ғасырдың екінші жартысында, ашық деректердің айтарлықтай ауқымды көлемі пайда болған кезде келе бастады. Біз қазір ала алатын ашық деректердің көлемі фактчекті жай ғана ішкі редакциялық кәсіп емес, сонымен қатар журналистикадағы бөлек мамандыққа айналдырды. Бақытымызға орай, қазір біз «фактчек» деген сөзге үйреніп қалдық. Фактчекер тек басылып шығатын БАҚ қана емес, электрондық басылымдардың да айтарлықтай маңызды бөлігіне айналып отыр.



