
Альпинист Ада Молгачева: «Тау бәріне ортақ»
5 cәуір 2023
Мен альпинизмге қалай келдім?
Альпинизммен айналыса бастағанда жасым 23-те еді. Үш жасар қызым бар, күйеуім мен ата-анамыз қолдап, достарымның нұсқауымен федерация жанындағы альпинизм секциясына жазылдым. Жарты жылдай уақыт жаттығу мен дайындыққа кетті: стадионда жүгіріп, биікке өрмелеп, құрал-саймандармен жұмыс істеуді үйрендік. Содан кейін ғана алғашқы биігіміз – Пионер шыңына шықтық.
Альпинизм басқа спорт түрлеріне ұқсамайды. Әдепкі спортта қарсылас бар, оның сізбен жынысы бір. Ал альпинизмдегі қарсылас – тау. Тауға сен еркексің бе, әйелсің бе, бәрібір. Сондықтан әйелден де, еркектен де бірдей дайындық талап етіледі.
Қазақстандық әйел альпинистер жайлы
Эверестке шыққан алғашқы қазақстандық әйел Людмила Савина тұғын (1997 жылы). Светлана Шарипова сегіз мыңдық үш шыңға көтерілді. Қазіргі күні Қазақстанда Светланадан асып түскен альпинист әйел жоқ.
Шыңға шығумен іс бітпейді
Альпинистер шыңды бағындыру деген сөзді ұнатпайды. Біз жай ғана тауға барып қайттық, шыңға шықтық дейміз. Өйткені тауды бағындыру мүмкін емес. Біз оның биігіне шығып, біраз тұрдық, одан бізге бағынған тау жоқ.
Шыңға шыққанда кеудемді керемет сезім кернейді деп айта алмаймын, биікте тұрғанда бәрін дұрыс ұйымдастырып, төменге түсу жайлы ойлаймын. Өйткені альпинизмде бастысы биікке шығу емес. Таудан аман-есен түсіп, базаға қауіпсіз жету өте маңызды. Бәлкім қазір нұсқаушы болғандықтан болар, бар назарым – командада. Олар өзін қалай ұстады, қандай қателіктер жіберді, соған мән беремін. Сондықтан кейінгі кезде тауға педагог ретінде барамын.
Барлық альпинист Эверестке шығуды армандайды деп айта алмаймын. Эверест бүгінде өте коммерцияланып кеткен жоба. Ал спорттық альпинизм тұрғысынан Эвересттен де қиын, қызықты маршруттар өте көп. Жалпы альпинизмде биіктік емес, маршрут маңызды.
Тау шыдамыңды шыңдайды
Әр маршруттан кейін талқылау өтеді. Онда тауда әр адамның өзін қалай ұстағаны, қандай қателік жібергені айтылады. Мұндай талқылау адамның психикасын тексеруге арналған. Өйткені осындай әр кездесуден кейін сен физикалық тұрғыдан ғана емес, психикалық тұрғыдан да мықты бола түсесің. Себебі тауда бұдан да қиын, қауіпті жағдай туындауы мүмкін. Сен соның бәріне дайын болуың керек.
Тау ешкімді бөтенсінбейді деп ойлаймын. Тауға әркім әрқалай келіп, іздегенін табады. Әндерде, әдебиетте тау тек таңдаулы адамдарға арналған деп жиі айтылады. Бірақ меніңше, олай емес.
Қорқыныш – пайдалы сезім
Өзім өте сақ адаммын. Нұсқаушы болғандықтан да шығар, қарамағымдағылар үшін уайымдаймын, қорқамын. Өйткені кез келген қауіпті қимыл қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінемін.
Бірде екеу болып тауға шықпақ болдық. Қасымдағы адам аяқ астынан жағдайы нашарлады: не жоғары, не төмен жүре алмайтынын айтып айқайға басты. Маған ешқандай эмоция білдіруге болмайтын еді, өйткені жағдайды ушықтырып алуым мүмкін. Олай бола қалса, екеуміз де таудан түсе алмайтын едік. Әйтеуір аман-есен төменге түстік. Бірақ іштей қатты қорықтым.
Альпинизм – тәуекелі көп спорт
Жалпы қауіпті спорт түрінде адамдар әріптесін құтқару үшін бәрін жасауға дайын. Мысалы, спортшылардың жүрек-өкпе реанимациясын 15 минут емес, одан да көп уақыт, тіпті 1 сағаттай жасағаны туралы естігенбіз. Мұны көмек көрсетіп жатқан адамның өз психикасын құтқару үшін жасаған амалы деуге болады. Қолдан келгеннің бәрін жасадым деп өзін сендіру үшін. Өзіңе кінә арту – құрдымға сүйрейтін тұзақ іспеттес.
Шыңға шығу – қызықты фитнес
Алматылықтар тауға шығуға қызықты фитнес ретінде қараса деймін: жұмыс күндері жаттығып, демалыста тауға шығасың. Ал шын қызыққан адамдар өмірін альпинизмге арнап, биік шыңдарға шығуға дайындалса болады.