МАНСАП

Жеке оқиғалар: кез келген фрилансердің өз баобабы бар

Фрилансердің жұмысын көбінесе романтикалық еңбек деп есептейді де, еркін суретшінің өмірін таңдаушылар кездесетін қиындықтар туралы және фрилансқа қандай шектеулер бар екені жайлы ешкім тіс жармайды. Осы материалдың авторы Әлия Джимран фриланстағы жеке тәжірибесі туралы, сондай-ақ еркін самғаудың жарқын және көлеңкелі жақтарын ашық көрсеткен батыл қыздардың оқиғасын әңгімелейді.
Әлия Джимран

Мынадай әзіл бар: фрилансер әлемнің кез келген нүктесінен жұмыс істей алады (кеңсенің ақылға қонымсыз ережелеріне бағынбай-ақ), бірақ сонымен бірге өз пәтеріндегі ас үйде отырып еңбек етеді. Қазір мен де осы материалды шынымен де ас үйдің үстелінде жазып отырмын. Газда борщты пісіруге арналған ас қуырылып, ал киім үтіктейтін үстелде әлі жинап үлгермеген киімдер жатыр.


Мен фрилансермін. Әртүрлі уақытта жұмыс орным коворкинг, кафе, саябақ орындығы, Қара теңіздің жартасты жағажайындағы шезлонг, ұшақ, саябақтағы көрпе, супермаркет кассасындағы кезек, ойын алаңында әткеншек бола салады. Қолымнан келсе кез келген жерде отырып-ақ жұмыс істей алатыным анық.


Тіпті шөмеле үстінде тұрып, балалар мен сансыз туыстың қасында жұмыс істей аласыз. Бірақ тіпті Будданың клоны болсаңыз да, тынбай еңбектенуге шамаңыз жетпейді. Есіңізде ме, «Кішкентай ханзада» «Күн сайын «арам шөпті» жұлып тастамасаңыз, одан алып баобабтар өсіп кетіп, тамыры кішкентай ғаламшарды құрсап алады» дейтін еді ғой. Фрилансерлердің де жеке баобабтары бар. Фрилансер ғаламшарында жұмыс процесі мен қалған өмірі қатар жүруі үшін мұқият бақылау қажет.


Осы материалмен жұмыс істеу барысында жеке тәжірибеммен бөлісіп қана қоймай, сонымен қатар жұмыс істейтін немесе фриланс жасап көрген тағы екі қызбен сөйлестім. Біздің әрқайсымыздың өз баобабымыз бар екенін ұқтым.

Болашақ мамандығын, білім, фрилансер

Жұмыс кестесінің және ұйымдастырылған жұмыс орнының болмауы кез-келген фрилансерлер үшін №1 баобаб

Дәл осы мәселе шығармашылық самғаудағы еркін адамдар туралы аңызды жоққа шығарады. Соңғы жылдары фриланс ұғымы тым романтикаланып кетті. Мысалы, декреттік демалыстағы зеріккен анадан екі апта ішінде көптеген жобалары бар еркін іскер әйелге айналдыратынын айтып, уәде беретін бірнеше курстар пайда болды. Кеңсе планктондарын мазақ ететін және еркін адамдардың өмірін уағыздайтын мақалаларды оқыған да боларсыз.

Бірінші оқиға

Төрт жылдан бері фриланспен айналысамын. 12 жыл бойы ірі компанияларда жұмыс істедім. Экономика факультетін бітіргеннен кейін мансап сатысымен тез әрі сенімді түрде көтеріле бастадым, қызметтік пәтер мен автокөлікке, тіпті жүргізушіге ие болдым. Мен тағы нені армандай алар едім?!


Жазу туралы. Еркін самғау үшін мұқият дайындалдым. Екі жыл бойы қаржылық қауіпсіздік пакетін жасадым. Бірақ осы күнге дейін жақын-жуығым үшін бақытты жан болып көрінемін. Иә, 2020 жылдың пандемиясы күллі әлемді фриланс пен қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшірді. Одан да ауқымдысы – жүйенің, атап айтқанда оның әлсіз тұстарын ыдырата түсті.

Жұмыс форматым өзіме толығымен сәйкес келеді. Бірақ мен фриланстан көп бос уақыт күткенімді мойындауым да керек
Берілген тапсырыс арасында маневр жасап, кітабымды жазып, әдеби журналдарда әңгімелер мен өлеңдер жариялаймын деп армандадым. Шығармашылық пен фриланс арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай деп ойладым. Олай емес екен. Төрт жыл өтті, шығармашылық жоспарлары толы арба әлі де орнынан қозғалмады. Осы уақыт аралығында мен ана атандым, ал еңбектеген нәрестемен фриланс қиындай түсті. Өлең мен ертегі айтуды емес, уақытты басқаруды үйрену керек болды. Күшім сюжеттерге емес, күнделікті өмірді тыныштандыруға жұмсалды. Бір досым, менің тапсырысым бойынша мәтіндер жазатынымды біліп, бұл жазба қабілеттерін ерікті түрде тұсаулау екенін ескертті. Оның айтқаны рас та шығар. Бірақ қазір мен тепе-теңдікті жиі сақтаймын және «өзімдікін» жазуға күш табамын. Бәрі реттеліп келеді, ендігіде жұмыс, отбасы және шығармашылық арасындағы уақытты сауатты бөлуді жақсылап үйрендім деп ойлаймын.

Фриланста уақыт кестесін сақтау өте маңызды. Бұл жай ғана компанияның жарғысы мен HR-мен емес, өз қолыммен, ерік-жігеріммен реттелетін дүние
Мәжіліс бөлмелеріндегі кездесулер мен жиындарға қайта оралуға өмірдің мәжбүр етпеуін қалаймын. Бірақ біз әрқайсымыз әртүрліміз. Кейбіреулер аптасына бес күн, тәртіппен, иерархиямен және брифингтермен жұмыс істейтін кеңседе қызмет еткісі келеді. Енді біреу бір жүйені ғана таңдағысы келмейді, кеңсе жұмысын және өз жобаларын қатар жүргізуді қалайды.

Өзін-өзі басқарудың жетіспеушілігі – қосымша күш жұмсауды қажет ететін №2 баобаб

Қашықтан жұмыс істеу оңай емес екен. Үстелдегі кокос шырынын рақаттана жұтып қойып, тізеге ноутбукты сүйеп, құмды жағажайдағы пальма ағашының астында жұмыс істесек деп ойлаймыз. Ал шынында барлық гаджеттердің экраны күн сәулесіне шағылысып, көзді қарықтыратыны рас емес пе? Сонымен қатар, нәтижеге жету үшін маңызды машықтарының бірі назарыңызды толығымен жұмысқа аудару оңайлап ажыратқыш тәрізді өшіп-қосылмайды. Жұмсақ төсектен тұрып, жұмысқа кірісу үшін фриланс кейде үлкен күш жұмсайды.

Екінші оқиға

Іс-шаралар агенттігінің қызметкері, «Шай, кофе, сөйлесейік» подкастының авторы және екі баланың анасы Бота кеңседен тыс жұмыс кезінде өзін-өзі ұстаудың қиындықтары туралы былай дейді:


«Студент кезімде фриланста бақ сынап көрдім. Сол кездері бірнеше баспаларда жұмыс істеп мақала жаздым – бұл журналистер үшін қалыпты тәжірибе. Журналистің бір ғана жобада жұмыс істеуі сирек кездесетін жағдай. Мұны фриланс дей алмаймыз, қосымша табыс деп айту дұрысырақ шығар. Мұндай жұмыспен бос уақытта, кешке, түнде немесе демалыс күндері айналысасыз. Бірақ мұнда кеңседен тыс жұмыс істеу принципі де бар.


Англияда магистратураны бітіргеннен кейін Қазақстанның ірі корпорацияларында қызмет еттім. Бірнеше жұмыс орнын ауыстырдым және Самұрық-Қазынада жұмыс істедім. Ұлттық компанияларда жұмыс істеген кезде қазақстандық контексті түсіну маңызды екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда – «кім–кімдікі–кімнен» тақырыбындағы дау-дамайға кезігесіз. Жоғары лауазымда қызмет етсеңіз, мысалы, департамент директоры болсаңыз, сізге қатты қолдау қажет. Бұлай жүргенше жұмыстан шығып, психологиялық комфортты сақтағаным дұрыс деп есептеген талай жағымсыз оқиғамен бетпе-бет кезіктім. Мен бұл жүйеден ешқандай жетістік, қызығушылық немесе қанағаттану сезімін көрмедім.


Сол кезде болашақ күйеуіммен тұрақты қарым-қатынас орнатқан едім. Үндістанға бір, бір жарым айға барғымыз келді. Міне, сол кезде фриланс туралы ойлана бастадым. Клиенттер де табыла кетті, танымал бола түстім, қызметім де сұранысқа ие болды.


Үндістанда жүріп кеңседен тыс жұмыс істеу оңай емесін түсіндім. Тамылжыған күн мен жайбарақат атмосфераға қарамастан, күйеуім Бен тиімді жұмыс істей алатынын байқадым. Ал мен ондай емеспін. Кеңседен тыс тәртіпке көндіруге байланысты қиындықтарға тап болдым. Мүмкін маған нақты жұмыс орны керек шығар? Бұл да бір сылтау еді.


Тапсырыс берушілер көп болды, жобаларға да жеткілікті түрде шақырды. Бірақ мен құрылымды сезіне алмадым, үстімнен бастық қарап тұрған жоқ, қарамағымда да ешкім байқалмады. Жағдайды тұтас елестете алмай, жұмысымның кейбір бөліктерін ғана көрдім

Нәтижесінде дедлайн бұзылды, клиенттерден айырылдым, ол үшін бетімнен отым шығып ұялдым
Солай бола тұра ешқашан фрилансқа ұмтылған емеспін. Дүниенің бәрі тұнып тұрған жарқын түстер емес екенін білдім, өйткені мен шетелде оқыдым, онда оқу үшін өз бетіңмен жұмыс істей де білуің керек. Тұрмысқа шықтым, көшіп келдім, ал жаңа елде жұмыс істеуге рұқсатым болмады. Менің ойымша, локдаунда отырып қашықта жұмыс істеуге мәжбүр болған көптеген қызметкер осындай сезімді бастан өткерді.


Кеңседе тұрақты жұмыс істей жүріп жеке мүддем үшін қосымша жоба алу ең дұрыс жол екенін қазір түсіндім. Екі жылдан кейін Ұлыбританияда жұмыс істеуге рұқсат алдым және бірден кеңседегі жұмыс іздей бастадым. Бірқатар міндеттері бар, кесте арқылы, құрылым бойынша жұмыс істесем деген саналы ниет болды.

Фриланс кезінде кездесетін негізгі үш қиындық:
Бірінші қиындық – адамдармен қарым-қатынас жасау. Мен people-person-мын. Маған адамдар: жанды байланыс, бақылау және ұсыныс керек.
Екінші қиындық – тәртіп. Күні бойы пижамамен жүре аламын, төсекте жұмыс жасай аламын, төсекте тамақтана аламын. Бұл мені селқос ете түседі.
Үшінші қиындық – жобаның тұтас, жаһандық ауқымын көре алмау. Мен үшін үлкен әлдененің бір бөлігі болу өте маңызды.

Фриланс негізіндегі жұмысқа қызығушылықтың болмауы – №3 баобаб

Жалдамалы жұмыста айдың аяғында тәртіппен және компанияның мүдделеріне қатысты жалақы ала алсақ, фриланста тапсырмалармен бетпе-бет қаласыз. Сіз бизнес процесті не ерекше ынтамен орындайсыз, не болашақта тапсырыстарсыз қаласыз да мүлдем ештеңе таппайсыз. Тұрақты табыс табу үшін атыңызға, брендіңізге, қызметтердің сапасына үнемі жан-тәніңізбен берілуіңіз керек.

Жұмыс процесіне балалар мен олардың әр минут сайынғы қажеттіліктерін қосыңыз
Тұрмыс алтыннан қымбат жұмыс уақытын жұта береді. Ал менің серуендегім, жаттығу жасағым, құрбыммен кездескім, өзімді еркін құстай, қалаған жаққа ұшуды сезгім келеді. Барлық айдаһарларды қолға үйретуге болады. Таразы басын тең ұстауды естен шығармаған абзал».

Үшінші оқиға

Тағы бір оқиға – суретші және Piu Wiu брендінің негізін қалаушы Женя Орловскаяның тарихы. Женя фриланстің басқа жағы туралы шынайы оқиғасын айтады, бірақ бұл оның жұмысынан ләззат алуына кедергі емес:


«Шындығында, мен әлі күнге дейін ресми түрде «Газпроммұнай» штабында ұйымдық даму департаментінде бөлім бастығы ретінде қызмет етемін. Қазір декреттік демалыстамын және кеңсеге орала аламын. Менің міндетім жұмыс процестерін оңтайландыру, бір сөзбен айтқанда, бұл ірі корпорациядағы нәтижелі жұмыс туралы.


Ал фрилансқа тез-ақ ауысып кеттім. Идеалды мансап, жоғары жалақы, қызықты тапсырмалар, керемет әріптестер болды. Бірақ анда-санда өзімді одан әрі тани түсу үшін жұмыстан кеткім келді. Керемет лауазымға және жалақыға қол жеткізіп, «ал енді не болады?» деп ойланып-толғана бастадым.

Өте ашуланшақ адаммын, сондықтан жұмыстан кету туралы жазбаша хат әрдайым менің қорабымда болатын
Қайда кетеріңді білмеу қорқынышты. Фриланс тренд пен сәнге енгеніне қарамастан жалпы, ол маған оғаш идея және шындыққа сәйкес келмейтін нәрсе сияқты көрінді. Құрбыларым тәуекел жасап «белгісіздікке» кете алды. Мен мазасыз адаммын. Отбасында ақша немесе оның жетіспеушілігі туралы мәселе ешқашан туындамағанымен (әрдайым қолдайтын жандардың арасында болдым), белгісіздіктен қорқатынмын. Бірақ шешім пісіп жетілді. Бірінші перзентімнің дүниеге келуі, декреттік демалысқа кетуім және күйеуімнің Грузияға жұмысқа ауысуы бәрін шешіп берді. Одан әрі өмір салтын, яғни өзіме үйреншікті ортаны өзгерттім. Санкт-Петербургтегі адамдар мен Грузиядағы адамдар, олардың өмір салты мүлде өзгеше. Осылайша сурет сала бастадым.


Жаңа форматтың ең ұнамды тұсы – ыңғайлылық пен икемділік дер едім. Яғни қандай көлемде жұмыс істесем, сондай деңгейдегі ақысын аламын. Инвестицияларыма сәйкес келетін және әділ деп санайтын бағаны өзім белгілеймін. Келісімшартпен жалданып жұмыс істейтін адамның қажеттілігіне емес, жеке қажеттіліктеріме орай бәрін өзім реттей аламын.


Фриланс арқылы табыс табудың энергиясын сезіне аласыз – міне, сіз жұмыс істедіңіз, тапсырыс беруші ақысын төледі, ол қаржыға, ...мысалы, алма сатып алдыңыз. Күш-жігерімнің физикалық тұрғыдан ақшаға қалай айналғанын сезінемін. Бұл мені бақытты етеді. Кеңседе жұмыс істесеңіз мұндай сезімді бастан кешуіңіз екіталай. Айдың аяғында картаға түсетін жалақы – басқа әңгіме.

Айтпақшы, шынымды айтсам – мен өзіме сәйкес келетін табыс тапқан жоқпын
Қазір Covid-19 кезеңі, шекаралар жабық, туристер жоқ. Менің өнімдерім – кәдесыйлар. Сатылым пандемияға байланысты аздау. Бірақ мен жақсы ақша таба алатынымды білемін – ол үшін ақша салуым, көп жұмыс істеуім және өз бизнесімді дамытуым керек. Менің ойымша, бәрі ойдағыдай болады. Шынымды айтсам, ешқашан клиент іздеген емеспін, олар мені өздері тапты. Шын жүректен сенемін: жұмысыңызға құмар болсаңыз, дамыңыз, өсіңіз, адамдар бұған келіп, төлеуге дайын. Олар Грузиядан сәлемдеме күтеді, сіз белгілеген шарттар мен бағаларға келіседі.


Тағы бір қиындық – фриланс болған кезде үнемі көп жұмыс істейсіз. Ал жалдамалы жұмыс істегенде кеңседен шыға сала өз өміріңіз басталады. Шығармашылық еркіндікті қалаған жағдайда басқа салаға ауысу қиын. Мен қатты уайымдаймын, ой қорытамын, содан кейін қатты шаршаймын. Фрилансты ата-ана тәрбиесімен үйлестіру де қиындықтардың бірі. Карантинде балалар менімен бірге тәулік бойы «жуу, тазалау, тамақ пісіру» режимінде болды. Енді олар бақшаға барады.


Көбінесе кейбір проблемалық жағдайлар да бар, балалар үйде қалады, менде жұмыс көп, бұл өте қиын. Жұмыс уақытымнан балаларыммен өткізетін уақытымды бөліп алуға тырысамын. Олай болмаса не балаларға, не жұмысты аяқтауға уақыт жетпей қалады да, ашуға міне бастайсыз. Балалармен, отбасымен қалып және тұрмыстың жетегіне ерсем, яғни қосымша әлдене істемесем, өзіме көңілім толмайды. Мен үшін тек ана болу жеткіліксіз.

Фриланс режиміне ауысқан кезде дайын болыңыз:
Қаржылық қысым көруіңіз мүмкін.
Кем дегенде, клиенттер қабылданғанға дейін және қажетті ырғаққа жету үшін қаржылық тұрғыдан қысымға ұшырауыңыз ықтимал. Сондықтан өзіңізді тығырыққа тіремеу үшін қаржылық қауіпсіздік пакетін дайындау өте маңызды. Мен отыз үш несиесі бар адамдарға еркін самғауға кеңес бермеймін. Өйткені қаржылық мәселелерді үнемі шешіп отыру қажет болады. Ал ондай кезде өзіңізге уақыт пен күш қалмайды.
Жауапкершілік керек.
Фрилансте барлық жауапкершілік компанияға, бастыққа, клиенттерге және әріптестерге емес, өзіңізге түседі. Адам қатты уайымдаса, алаңдаса, жұмысбасты болып кетеді. Мұндай сәтте өмірдің басқа тұстары сырт қалып, сізді жан-жақтан қинап жібереді.
Мұқаба: Азиза Киреева
This project is supported by a grant provided by the U.S. Embassy in Nur-Sultan, Kazakhstan. All opinions expressed are those of the author and do not necessarily reflect those of the U.S. Government or the U.S. Mission to Kazakhstan.


Данный проект реализуется с помощью гранта от Посольства США в Нур-Султане, Казахстан. Мнения, выраженные в материалах, принадлежат их авторам и не обязательно отражают точку зрения Правительства США или Дипломатической Миссии США в Казахстане.

M

Читать также: