
Гендерлік таптаурындарсыз білім алу және мансап құру: «әйелдерге тән емес» мамандықтарды таңдаған бойжеткендердің хикаялары
2021 жылы Қазақстанда «Әйелдердің еңбегін қолдануға тыйым салатын жұмыстар тізімінің» күші жойылды. Дегенмен қоғамда «әйелдерге» және «ерлерге» арналған мамандықтар туралы таптаурын ой әлі де сақталып келеді. Алайда бүгінгі таңда қыздардың көбі ескі түсініктерге қарсы шығып, мамандық таңдауда жыныс пен гендер емес, ниет, талант және табандылықтың маңызды екенін дәлелдеп жүр.
Manshuq пен Bilim Foundation дайындаған арнайы материалда «Жарқын болашақ» бағдарламасының қатысушылары өз хикаяларымен бөлісті. Олар мамандық таңдау, сенімсіздіктен арылу, өз жолыңды тауып, әлемді өзгертуге қалай ықпал етуге болатыны жайлы сөз қозғайды. Олар гендерлік стереотиптерге қарамастан, әрбір қазақстандық қыз өз арманына жете алатынына сенімді.
Перизат Каримкул
8 сәуір 2025
Қарақат Шыршығұл,18 жаста
Жаңаөзен қаласының тумасы
Жол қозғалысы инспекторы мамандығы бойынша Петропавлда білім алып жатыр
Бақытыма орай, мектепте «Жарқын болашақ» бағдарламасы туралы естідім. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Петропавлға МАИ мамандығын игеруге бел будым. Әрине, бұл менің арманымдағы мамандық емес, бірақ өте жақын сала. Оған қоса болашақта қосымша білім алып, өзім қалаған салада жұмысымды жалғастыра аламын. Қазір қай салада қызмет еткім келетіні жайлы нақты шешім қабылдадым, бірақ болашақта әскери салаға да баруым мүмкін.
Біздің топта 25 шақты студент бар, олардың ішінде тек екеуі қыз, қалғаны – ұлдар. Бірақ мен үшін ұлдармен оқу қиын емес. Бірінші курста төрт қыз болған едік, бірақ түрлі себептермен екі қыз оқудан шықты. Басқа топтарда да жағдай осындай – қыздар аз.
Менің ойымша, мамандықтарды «ерлердікі» және «әйелдердікі» деп бөлудің қажеті жоқ. Қазір бәрі бірге жұмыс істейді, және бұл – қалыпты нәрсе. Практика кезінде қыздар көбіне компьютерде жұмыс істеп, ал ұлдар тапсырмаларға шығып жүрді. Бірақ мен бұған қынжылмаймын. Кез келген тәжірибе болашақта пайдалы болады. Мысалы, мен хатшы болып жұмыс істедім және маңызды құжаттарды рәсімдеуді үйрендім. Бұл өте жауапты жұмыс, және оны меңгергеніме қуаныштымын.


Қыздарға ерекше мамандық таңдаудан қорықпай, стереотиптерге бола өзіңе шектеу қойма деп айтар едім. Жүрек қалауын тыңдап, ештеңеге қарамастан алға ұмтылу қажет. Қазіргі заман қыздары өз істеріне адал болып, кәсіби даму жолында аянбай еңбектенсе, әлемді өзгерте алады деп ойлаймын.
Меніңше, егер негативке көңіл бөлмесең, кез келген мақсатқа жетуге болады. Негатив адамның күш-жігерін тауысып, алға жылжуға кедергі келтіреді. Бастысы – қорықпау және қиындықтардан тайсалмау!
Әсемай Бурабекқызы, 17 жаста
Астанада тіс технигі мамандығы бойынша білім алып жатыр
Колледжде бәрі бірден мен ойлағандай бола қоймады. Алдымен фельдшер мамандығына түскен едім, бірақ ол мамандық маған ұнамайтынын тез түсіндім, өз болашағымды бұл кәсіппен байланыстырғым келмеді. Сол себепті тіс технигі мамандығын таңдадым. Маған бұл кәсіпте ұнағаны — зертханада өз бетімше жұмыс істеп, өз қолыммен адамдарға пайдалы заттарды жасай алатыным. Сондай-ақ бұл салада үлкен жетістікке жетуге болатыны да маған шабыт сыйлады.
Қазір маған тіс қаптамасына қатысты нәрсенің бәрін зерттеп, білген ұнайды. Бұдан бөлек біз саясат, құқық, коммуникация негіздері сияқты қосымша пәндерді де оқимыз. Мамандығыма деген қызығушылығым мен сүйіспеншілігім оқу үлгеріміме де әсер етті: мектептегі кезіммен салыстырғанда, колледжде әлдеқайда жақсы оқып жүрмін. Әзірге университетке түсу туралы нақты шешім қабылдамадым. Мүмкін, бір жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинаған соң, сырттай оқуға түсермін. Болашақта Астана медициналық университетіне түсу жоспарымда бар, бірақ басқа да мүмкіндіктерді қарастырып көргім келеді.


Мысалы, полиция қызметкері да дәстүрлі түрде ерлерге тән мамандық деп есептеледі, бірақ бұл салада әйелдер де жұмыс істейді. Менің анам – Жаңаөзенде полиция капитаны. Сол сияқты, менің мамандығымды да ер немесе әйелге арналған деп бөлу дұрыс емес. Жұмысты гендерге байланысты бөліп-жару – әйелдер мен ерлердің құқықтарын шектеп, мүмкіндіктерін шектейді.
Өкінішке қарай, біздің қоғамда стереотиптердің күші әлі де жүріп тұр, соның салдарынан менің өңірімдегі кейбір қыздар ерте тұрмысқа шығып кетеді. Олардың оқуға түсіп, қалаған мамандықтарын таңдауға батылы жетпейді.
Сонымен қатар нақтв мақсат қоя білу маңызды. Егер не қалайтыныңды білмей жүргендей сезім туындаса, әуелі өзіңді қабылдап үйрену керек немесе психологтан көмек сұраған жөн. Меніңше, қыздар әлемді осылай өзгерте алады. Мысалы, анам маған: «Алдымен білім ал, содан кейін ғана басқа нәрселер туралы ойлан», – дейді. Мен онымен келісемін: егер қыздар оқып, дамып, өз кәсіптерін ашып, қоғамда белсенді болса, олар әлемге оң әсер ете алады. Қателесуден қорықпай, өзімізге сенуіміз керек. Бар құпия – осы.
Ерке Журимбаева,17 жаста
Астанада тіс технигі мамандығы бойынша білім алып жатыр
Қазіргі уақытта біз негізінен теорияны оқып жатырмыз, ал практикалық сабақтар енді басталады. Өзіме ұсақ бөлшектермен жұмыс істеген ұнайды, оған қоса бұл ұсақ моториканы дамытады. Сондай-ақ бұл мамандық табандылық пен ұқыптылықты қажет етеді.
Кейде «тіс технигі – ер адамдарға арналған кәсіп» деген пікірлерді естимін. Неге олай ойлайтынын түсінбеймін, өйткені меніңше, ерлерге де, әйелдерге де кез келген кәсіпті меңгеруге болады. Біз әуелі топта тек екі қыз едік, қалғаны ұлдар болатын. Кейін тағы үш қыз қосылды, қазір 19 студенттің бесеуі қыз.


Кейде болашағыма қатысты уайымдайтын кездер болады. Себебі оқуымды аяқтаған кезде небәрі 18 жаста боламын. Астанада қалып, осында жұмыс істегім келеді, бірақ бұл – үлкен қала, өзімді-өзім қамтамасыз ете аламын ба деп алаңдаймын. Ата-анама салмақ салғым келмейді. Ақтауға қайтып, сол жақта жұмыс істесем бе деп те ойлаймын. Бірақ бұл жақта да жақын адамдарымды таптым, жақсы достарым бар, соларды да қимаймын. Алдымда үлкен жауапкершілік тұр: отбасым мені қолдап, болашағыма үміт артып отыр. Сондықтан кейде уайымға берілемін, бірақ өз мамандығымды жақсы меңгеріп кететініме сенімдімін.
Менің мақсатым – оқуымды жақсы аяқтап, жақсы жұмыс тауып, мансап жолында дами түсу. Басқа қыздарға айтарым: егер өз бағытыңызды анықтап, жүрегіңізбен қалаған мамандықты таңдасаңыз, сол салада үздік болуға ұмтылыңыз. Артық уайымға берілмей, өзіңізге сеніңіз.
Ең бастысы – өз таңдауыңызға берік болыңыз. Оқуды ерлерге де, әйелдерге де бірдей мүмкіндік ретінде қарастырыңыз. Қазіргі таңда өзіңді дамытуға мүмкіндік көп, ал ескі көзқарастарға бола олардан бас тарту – үлкен қателік.