МАНСАП

Мен болашақ мамандығын игердім: сити-фермер, бренд визуализаторы және сәулеттік орта дизайнері әңгімелейді

Бұл материалдың кейіпкерлері бір кезде тәуекелге бел буып, Қазақстан үшін мүлде жаңа мамандықтарды игерді. Көп қиындыққа қарамастан, олар қазірдің өзінде нәтижеге жетті. Manshuq авторы Әйгерім Дүйсембай олардың бұрынғы қызмет саласын өзгертуіне не түрткі болғанын және қазіргі жұмыстары қандай екенін білді. 

Әйгерім Дүйсембай

4 қазан 2021 

Уақыт алға жылжуда, технологиялар қарқынмен дамуда, ал кейбір мамандықтар бұл технологиялардан қалып кеткен. Мысалы, мен аудармашы боламын деп оқып жүргенімде, бір тілден басқа тілге аударуды әр адамға қолжетімді әр түрлі бағдарламалардың көмегімен жүзеге асыру мүмкін болды. Мейлі, бұл аудармалар әзірге мінсіз болмаса да, уақыт өте келе аудармашылардың орнын роботтар басатыны анық.


Бірақ сонымен қатар бұрын ешкімнің ойына да кіріп шықпаған мүлде жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Біз ең жаңа мамандықтарды меңгерген адамдармен сөйлесуді жөн көрдік. Олардың кейбіреулерін тіпті әлі университетте оқымайды, бірақ солай болғанымен, олар тез қарқынмен дамуда.

Сити-фермер

Анықтама үшін: сити-фермер қала жағдайында асқа қосатын шөп, көкөніс пен жидек өсіреді. Сити-фермерлік логистика мен ресурстарды үнемдеуге көмектеседі, мұның өзі өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жол ашады. Ал адамдардың алыс жерден тасымалданбайтын, жаңа піскен көкөніс пен асқа қосатын шөптерді жеуге мүмкіндігі бар.
Айтуған Мақажанов

Айтуған Мақажанов

сити-фермер, MyGreen компаниясының негізін қалаушы 
Бір кезде серіктесім екеуіміздің қызықты жобамен айналысқымыз келді. Бізде үй-жай мен ресурстық база болды. Алдымен құлпынай отырғызып көрдік. Бұл еңбекті көп қажет ететін бағыт болып шықты. Содан кейін біз сапалы микрошөпке сұраныс жоғары екенін білдік. Микрошөп – бұл жеуге болатын және тағамдарды безендіру үшін пайдаланылатын өсімдіктердің жас өскіндері.


Біз бір қап әр түрлі тұқымдарды, тұқым себетін науаларды сатып алып, эксперимент жасауға кірістік. Шалғам, насыбайгүл, брокколи және басқа да дақылдарды өсіруге тырыстық. Әр өсімдікке қалай күтім жасау керегін түсінгіміз келді. Бұл жоба біз үшін хобби сияқты болды. Бірақ біраз уақыттан кейін бұның қиын емес екенін түсіндік, сондықтан біз шабыттанып, жұмыс ауқымын кеңейту үшін үй-жай іздей бастадық.


Менің техникалық және гуманитарлық білімім бар. Сити-фермерлікке дейін мен де серіктесім сияқты кәсіпкерлікпен айналыстым. Бизнестегі бұрынғы тәжірибеміз бұл істе де өсуімізге – алаңдарға шығуымызға және ауқымды кеңейтуімізге көмектесті. Біз бәсекелестікке құрылған нарыққа шықтық және «Көк мұхит стратегиясы» кітабында сипатталғандай өз тауашамызды иелендік (авторлары Ким Чан, Рене Моборн. – Ред. ескертуі). Бұл кітапта өзінің бәсекелестері әлі жоқ жаңа нарықта бұрын болмаған сұранысты тудыратын компаниялардың күрт өсуі және жоғары пайдалылығы туралы айтылады.

Мен болашақ мамандығын игердім: сити-фермер, бренд визуализаторы және сәулеттік орта дизайнері әңгімелейді
Мен болашақ мамандығын игердім: сити-фермер, бренд визуализаторы және сәулеттік орта дизайнері әңгімелейді
Сити-фермерлікте тиісті климат пен өсімдіктерге қолайлы жағдайды қамтамасыз етудің зор маңызы бар. Олардың не үшін: бизнес үшін немесе өзің үшін өсірілетінін де түсіну керек. Егер бизнес үшін өсірілетін болса, онда өз клиенттерің туралы түсінік болуы қажет және бизнестің өзі қаншалықты тиімді екенін түсіну керек. 

Бұл салада қажет дағдылар: өсімдік шаруашылығы туралы түсінік болуы, ұқыпты және еңбекқор болу керек
Сити-фермерліктің болашағы зор. Көкөніс пен шөпті жыл бойы өсіруге болады, ал өндіріске көп уақыт пен үлкен үй-жайлар қажет емес. Мысалы, егер құлпынай екі айда өсетін болса, микрошөпті 8-25-ші күннің өзінде кесіп ала беруге болады. Шет елдерде сити-фермерлікке орасан көп инвестициялар салынды.

Жаңадан бастаушыларға кеңес:
бірдеңені – асқа қосатын шөпті немесе көкөністі тіпті үйдің ішінде, терезенің алдында өсіріп көріңіз. Бірақ есіңізде болсын: бұл тез арада іске асатын процесс емес, сондықтан шыдамды болуыңыз керек. Айтпақшы, қазір өсіруге арналған арнайы жинақтар сатылады – солардан бастауға болады.

Бренд визуализаторы

Анықтама үшін: бренд визуализаторы тұжырымдама жасайды және әлеуметтік желілерде, негізінен инстаграмда жеке немесе коммерциялық брендке арналған визуалды контент жүргізу стратегиясын әзірлейді. Ол продюсер, стилист, имиджмейкер, фотограф және ішінара digital-маман сияқты мамандықтарды қатар атқарады.
Айым Өсербаева

Айым Өсербаева

Мен «мейрамхана бизнесі және қонақ үй бизнесі» мамандығы бойынша оқыдым. Алған мамандығым бойынша Алматыдағы ірі қонақ үйлердің бірінде небары екі жыл ғана жұмыс істедім. Қазақстандық біліммен бұл салада қаржы жағынан өсу болмайтынын түсініп, басқа нәрсе іздей бастадым. Нәтижесінде алты жылға жуық уақыт салон бизнесінде жұмыс істедім. Осы алты жыл бойы әлеуметтік желілердегі салон парақшасын өзім жүргіздім, контент құрдым, SMM және видео бойынша курстардан өттім. Маған Мәскеудің брендтері мен салондары өте ұнайтын, сондықтан олардың мұны қалай жасайтынын үнемі бақылап отырдым. Бренд визуализациясына деген қызығушылық осылай пайда болды. 

Мен болашақ мамандығын игердім: сити-фермер, бренд визуализаторы және сәулеттік орта дизайнері әңгімелейді
Мен болашақ мамандығын игердім: сити-фермер, бренд визуализаторы және сәулеттік орта дизайнері әңгімелейді
2020 жылы жігітіммен айырылысудан және карантинге байланысты табысым төмендегеннен қатты күйзеліске ұшырадым. Екінші локдаун кезінде 42 500 теңгем қашан түседі деп күтіп отырғанымда құрбымның қашықтан ақша табатынын білдім. Мен де онлайн режимге ауысқым келді және бұдан былай ешкімге тәуелді болмауды тіледім.


Дәл сол кезде ойламаған жерден бренд визуализаторы оқуына адам жинап жатқаны туралы жарнаманы көрдім, онда бұл мамандық «сән-салтанатты фондағы гүл мен шампан құйылған бокалдарды ғана емес», әр брендтің құндылықтары мен бірегейлігін көрсететін кәсіп екені айтылды. Ол кезде мен әпкемнің аккаунтына видео түсіруге көмектесіп жүргенмін, сөйтіп одан екі айға аванс беруін сұрап, оқудың ақысын төледім. Курстан кейін менің алғашқы клиенттерім достарым мен туыстарым болды, сол үшін мен оларға өте ризамын.


Сонымен қатар сұлулық шеберлеріне арналған фото және видео контент бойынша алғашқы онлайн курсымды бастадым. Бір жыл ішінде елуден астам адамды оқыттым, біліктілігімді арттырдым және қазір компаниялардың, жеке блогтардың визуалды көрінісін жасаумен айналысып жүрмін. Алматы мен Нұр-Сұлтанда визуал бойынша алғашқы офлайн оқу өткіземін.


Бренд визуализаторының негізгі дағдылары – көп нәрсені көріп байқау және талғамның болуы, адамдармен қарым-қатынас жасай білу, жинақтылық.

Өкінішке орай, біздің елімізде онлайн-мамандықтар әзірге тиісті деңгейде бағаланбай отыр

Мүмкін, бұл адамдардың көрсетілетін қызметті «ұстап көре алмайтынынан» шығар. Таргетологтар, визуализаторлар, SMM-менеджерлері ештеңе жасамайды: тек күні бойы телефонда отырады және сол үшін ақша алады деп есептеледі. Сондықтан клиенттер әдетте жеңілдік сұрайды, арзанырақ қызметті іздейді немесе қосымша қызмет көрсетілуін сұрайды.


Бірақ бұл мамандықтың болашағы бар екені сөзсіз! Бренд визуализациясы, шын мәнінде, әдемі көрініс жасау ғана емес, ол әлдеқайда терең нәрсе, мұнда психология мен маркетинг көп. ХХІ ғасырда адамдар орасан зор ақпарат ағынын қабылдайды, біз бейсаналы түрде, еш ойланбастан, әлеуметтік желілерді парақтап отырамыз. Егер суреті ұнаса ғана – материалға назар аударып, оқуымыз және қызығуымыз мүмкін. Қазір заттың өзінен гөрі оның қаптамасы маңыздырақ. Өте көп кәсіпкер мұны түсіне бастады, сондықтан визуализаторларға сұраныс арта түседі.

Жаңадан бастап келе жатқан бренд визуализаторларына кеңес: 
өз-өзіңізге сеніңіз, еңбегіңіздің қадірін түсірмеңіз және білім алуға ақшаңызды аямаңыз. Егер сіз оқыған курстан кем дегенде бір кішкене инсайт немесе жаңа ақпарат алсаңыз, мұның өзі ақшаңыз босқа кеткен жоқ деген сөз.

Сәулет визуализаторы

Анықтама үшін: Сәулет саласындағы 3D-визуализаторлар үй, пәтер, коммерциялық мекеме, мәдениет және сәулет ескерткіштерінің жасалған жобаларын шын өмірдегідей көрсетеді, бұл болашақ ғимараттың жобасын құрылыс басталмай тұрып көруге мүмкіндік береді.
Аделия Тоқтағанова

Аделия Тоқтағанова

сәулет ортасының дизайнері және 3D-визуализатор
Мен университетте «сәулет» мамандығы бойынша бес жыл оқыдым. Мектеп кезінен бастап барлық пәндердің ішінен маған сызу пәні ұнайтын. Бұл жолды таңдағаныма өкінбеймін, өйткені өзіме шынымен ұнайтын және шабыттандыратын нәрсені таптым.


Университетте оқып жүргенімде 3D-визуализациямен таныстым. Архвизбен (сәулеттік визуализация) тікелей айналысу бірден болған жоқ. Бірінші курстың соңында мен 3D’s MAX курсына жазылу туралы шешім қабылдадым, сөйтіп оның негіздері мен көптеген амалдарын үйрендім. 

Басында бұл бағдарлама емес, тозақ сияқты көрінді, бірақ бәрі де соншалықты қиын емес болып шықты
Сызбалар, әлбетте, керемет нәрсе, бірақ мұның бәрінің қалай шынайы көрініске айналатынын көру тіпті керемет. Жай ғана елестетіп көріңіз: сурет фотоға қатты ұқсайды, бірақ соңғысынан айырмашылығы, бұл көбінесе физикалық әлемнің мінсіз дәлдігімен және шынайылығымен жасалған, өмірде жоқ объектілер немесе кеңістіктер, ойдан шығарылған нәрсе.


Қазір мен декор дизайнын жасаумен айналысатын компанияда жұмыс істеймін. Бұл жерде визуализация өте маңызды рөл атқарады, өйткені тапсырыс берушілерге түпкі өнімнің өзін ғана емес, сонымен қатар оның айналаға қаншалықты үйлесімді болатынын да көрсету керек. Визуализациямен жұмыс істегенде біз барлық мүмкін құралдарды пайдаланамыз және бұған 3D-модельдеу кіреді.

Мен болашақ мамандығын игердім: сити-фермер, бренд визуализаторы және сәулеттік орта дизайнері әңгімелейді
Мен болашақ мамандығын игердім: сити-фермер, бренд визуализаторы және сәулеттік орта дизайнері әңгімелейді
Көбіне, барлық нәрсені қазіргі айналаға сәйкес келтіру үшін, жер бедері мен ғимараттарды түсінуге, әр түрлі ракурс жасауға және түпкі көріністерді бейнелеуге тура келеді. Ал уақыт мүлдем тығыз болған кезде Photoshop бағдарламасындағы мен жақсы көретін коллаждау техникасын пайдаланамыз. Онда аймақтың дайын фотосуреттерімен жұмыс істеу және осы немесе басқа декорды мүмкіндігінше шынайы етіп орналастыру керек.


Фотосуреттің шынайы көрінуіне жетуге ұмтылғанда түрлі қиындық туындайды, себебі материалдың фактурасын, қоршаған ортаның физикасын ескеру маңызды. Сондай-ақ, техникалық ақаулар да жиі пайда болады: бағдарламаның кемістігі, баг немесе компьютердің, ноутбук пен планшеттің белгілі бір бағдарламаны көтере алмайды. Көрініс еш сақталмай, өшіп кетуі мүмкін, сондықтан оны әр 5-10 минут сайын сақтамасаң, бәрін қайтадан бастауыңа тура келеді.

Кейде проблемалар тапсырыс берушілердің өздеріне байланысты болуы мүмкін
Егер қатаң ереже орнатпаса, олар жобаны бірнеше рет қайта жасауды талап етуі ықтимал. Көптеген адамдар визуализация жасау үшін көп уақыт пен күш қажет екенін білмейді, сондықтан олар көбіне-көп адамның күшіне сәйкес келмейтін мерзім береді. Сол негізде жанжал туады, үнемі дедлайн өзгерту және наразылық пайда болады. Ал дедлайнға жету үшін шамадан тыс күш-жігер салудан визуализатор титықтап кетеді және бұл оның денсаулығына қатты әсер етеді. Бұл да маңызды проблемалардың бірі.

болашақ, мамандығы, дизайнер
Біздің ісіміздегі негізгі дағдылар – арнайы бағдарламаларды білу (3D’s MAX, Sketchup, Rhino, Cinema 4D), жұмысты жылдамдату тәсілдерін үнемі іздеу, сондай-ақ талғамның болуы және көп нәрсені көріп байқау. Айтпақшы, бұл үшін бойыңда туа біткен дарын болуы міндетті емес, одан да маңыздысы – үнемі тәжірибе жинау және басқа адамдардың жұмысын бақылау.


Менің ойымша, енді 3D-визуализация әрқашан керек болады. Әсіресе, сәулет немесе дизайн саласында. Біздің уақытта сызбаларың өзі аздық етеді. Әрине, болашақта жұмыс қағидасы өзгеруі және барлық адамдар жобаларды көрсету үшін VR-визуализация, голограмма мен басқа да керемет заттарды жаппай пайдалануы мүмкін, бірақ өзгеріссіз қалатыны – біреудің модельдеу жұмысымен және бұл ортаны құрумен айналысуына тура келеді. Сондықтан бұл мамандық әлі ұзақ уақыт бойы өзекті болып қала береді.

Жаңадан бастап келе жатқан сәулеттік орта дизайнерлеріне кеңес:
тіпті бәрі тым күрделі және қиын болып көрінсе де, бастауға қорықпаңыз. Қыр-сырын меңгергеннен кейін, қалғанының бәрі әлдеқайда оңай болады. Жұмысыңызды назарға ұсынудың бір стилімен шектелмеу керек – жаңа шабыт көздері мен іске асыру тәсілдерін іздеңіз. Ал жұмысты жылдамдату үшін – басқа бағдарламаларды меңгеру қажет. Қазір жұмысты оңтайландыратын және тіпті оны жақсартатын көптеген жаңа софт шығып жатыр.
Мұқаба: Азиза Киреева

Суреттерді материалдың эксперттері ұсынған

This project is supported by a grant provided by the U.S. Embassy in Nur-Sultan, Kazakhstan. All opinions expressed are those of the author and do not necessarily reflect those of the U.S. Government or the U.S. Mission to Kazakhstan.


Данный проект реализуется с помощью гранта от Посольства США в Нур-Султане, Казахстан. Мнения, выраженные в материалах, принадлежат их авторам и не обязательно отражают точку зрения Правительства США или Дипломатической Миссии США в Казахстане.

M

Читать также: