Шекарасыз әлем: әртүрлі елдердің профессорлары заманауи білім беру туралы
25 қараша, 2021
Илана Хефец
Әрине, болашақта барлығы қалай дамитыны нақты салаға да байланысты. Менің саламда, мысалы, зерттеу мен эксперимент жүргізу үшін физикалық тұрғыда лабораторияда болу қажет.
Ғылым саласында жұмыс істейтін әйел ретінде мен кәсіби қызмет пен жеке өмірдің үйлесімін табамын. Бұл жағынан маған екеуін «қоса өру» тәсілі көмектеседі. Мысалы, мен кенже қызымды басқа қаладағы дәрігерге апарып, сол қалада жұмыс істейтін әріптесіммен кездесу мүмкіндігін пайдаландым. Іскерлік кездесуге немесе конференцияға балаларымды өзіммен бірге алып баруым да мүмкін еді. Иә, бала болғаннан кейін, олар кейде шулауы немесе қолайсыз уақытта ойнай бастауы мүмкін еді. Мені мінеп-шенеп, «кәсіпқой емес» деп санайтын адамдардың болғанына күмәнім жоқ. Бұл олай емес, мұның бәрі сіздің кәсіби деңгейіңізді төмендетпейді. Мұны білу маңызды және басқаша ойлайтындарға назар аудармау керек.
Сью Оллереншоу
Заманауи технологиялар студенттер мен мұғалімдерге цифрлық форматта жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Оқыту барысындағы жағдайда интерактивті технологиялар оқушылардың бірлесіп жұмыс істеуіне көмектеседі. Мысалы, Google құжаттары қатысушыларға нақты уақыт режимінде экранда түсініктеме жазуға және ортақ нәрсе жасауға мүмкіндік береді.
Соңғы он жылда білім беруде топтық жұмысқа көбірек көңіл бөлінеді – оқушылар топтарға бірігіп, ортақ мақсатқа жету немесе проблеманың шешімін табу үшін жұмыс жасайды. Жаттап алу азайды және problem-solving, яғни белгілі бір мәселенің шешімін табу көбейді.
Менің Қытай мен Жаңа Зеландиядағы колледж бен университеттерде сабақ беруден көп жылдық тәжірибем бар. Қытайда технологияларды пайдалану көп есе өскеніне қарамастан (әсіресе пандемия кезінде), онда дәстүрлі оқыту тәсілдері әлі кең тарағанын атап өткім келеді. Студенттері де жаңа зеландиялық студенттерден қатты ерекшеленеді. Олар өте енжар және өздері ой қорытудың орнына бүкіл ақпаратты мұғалімдерден аламыз деп күтеді. Мұндай жүйеде мұғалімдер – авторитарлық фигуралар, және студенттердің оқуы үшін жауапкершілік толығымен солардың мойнында деп саналады. Жаңа Зеландияда студенттер өз бетінше жұмыс істеуге дағдыланып, өздеріне көбірек жауапкершілік алады. Бұл елдің студенттері өз жұмысына көбірек қызығушылық танытады және өз идеяларын көбірек ұсынады.
Болашақта көзбе-көз семинарлармен қатар онлайн оқу көбірек болады деп ойлаймын. Білім беру саласындағы зерттеу көрсеткендей, дәріс оқу форматы оқыту үшін тиімсіз, өйткені студенттер енжар болып қалады. Видеоға жазылған дәрістердің артықшылығы бар, өйткені студенттер оларды өздеріне ыңғайлы қарқынмен қарай алады. Flipped learning моделі – төңкерілген оқу – яғни сабақтың мазмұны студенттерге цифрлық түрде жеткізілетін, содан кейін оқушылар мен мұғалім тапсырмаларды бірлесіп орындайтын бетпе-бет оқыту «семинары» өтетін модель қалады деп ойлаймын. Контент жеке адамдарға жазба түрінде жеткізіледі, ал семинарлар неғұрлым интерактивті болады.
Мәселенің шешімін таба және әзірлей білу керек болады. Сондай-ақ адамдардың бір ғана мамандықты ұстануының қажеті жоқ. Айталық, көптеген дизайн студенттері «дизайнерлік» жұмысқа бармайды, оның орнына ұйымның бір бөлігінде жұмыс істей алатын, сонымен қатар қажет болған жағдайда әртүрлі бөлімдер мен рөлдер арасында ауыса беруіне болатын «индустрияға» барады.
Болашағын ойлап мамандық таңдайтын жастарға өздерін ең көп қызықтыратын кәсіпті таңдауға кеңес беремін. Менің жасымдағы көп адамды білемін, олар ең тиімді деп санайтын мамандықты таңдап, бұл жұмыс ұнатпайтынын байқады, содан кейін олар мамандығын ауыстырып, ақырында жақсы көретін ісімен айналысатын болды.
Патрик Майкл Уитл
Онлайн оқытудың артықшылығы – оқушылар кез келген уақытта материалдарға қол жеткізе алады. Ал басты кемшілігі, менің ойымша, студенттердің басқа студенттермен және мұғалімдерімен әлеуметтік байланысын жоғалтатынында. Болашақта бізде негізінен өзіндік «бленд» – дәстүрлі бетпе-бет оқыту мен онлайн курстардың үйлесімі болады деп ойлаймын.
Соңғы жылдары университеттерде болып жатқан процестер дүние жүзіндегі офистік ортада болған жағдайға өте ұқсас. Яғни, жұмыс онлайн режимге көшті, ал офис қызметкерлері студенттер сияқты қашықтан жұмыс істеп жатыр. Бұл өзгерістердің қаншалықты түбегейлі және ұзақ мерзімді болатынын болжау қиын. Айта кететіні, білім алу процесін коронавирустық дағдарыс кезінде бастаған студенттердің алған тәжірибесі бұрынғы студенттерге қарағанда мүлдем басқаша. Атап айтқанда, олар университетте оқудың көптеген аса маңызды әлеуметтік аспектілерінен құр қалды. Бұның ұзақ мерзімді перспективада студенттерге қалай әсер ететінін айту әлі ерте. Әрине, офистерде істейтін адамдар, егер жұмыс толығымен қашықтан жасалса, қызметкерлер идеяларын бөлісу және бірлесіп жұмыс істеу мүмкінгін жіберіп алады деп алаңдап отыр. Бұл жағдай студенттерге де қатысты шығар.
Жаңа технологиялар әлемге қандай әсер ететінін және оның қаншалықты жылдам болатынын болжау әрқашан өте қиын. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын адамдар пилотсыз автомобильдер жақын арада жүргізушілерді жұмыссыз қалдырады деп болжам жасаған. Бірақ іс жүзінде болған нәрсе – технологиялар олар күткендей мүлдем қарапайым емес болып шықты. Сонымен қатар, онлайн-шопингтің дамуы және интернетте сатып алудың өсуі жүргізушілердің азаймай, қайта көбірек болғанын қажет етеді дегенді білдіреді. Десек те, қызмет көрсету және медициналық мамандықтар саласында істейтін адамдардың көбірек қажет болатыны даусыз сияқты.
Мұқаба: Азиза Киреева
Фотографии предоставлены героями материала
Данный проект реализуется с помощью гранта от Посольства США в Нур-Султане, Казахстан. Мнения, выраженные в материалах, принадлежат их авторам и не обязательно отражают точку зрения Правительства США или Дипломатической Миссии США в Казахстане.