МАНСАП

ХХІ ғасырдағы адамның дағдылары: нені білу және істей алу керек

2021 жылдың басында әсіресе болашақ туралы ойланғың келеді. Ол қандай болады және ондағы біз қандай болуымыз керек? «Болашақ мамандықтары» арнайы жобасының жаңа материалында біз ХХІ ғасырда табысқа жету үшін қажетті дағдылар туралы әңгіме қозғаймыз.
Әся Әкімжанова

29 қазан 2021

Технологиялардың дамуымен IT саласына қатысуға мүмкіндік беретін дағдыларды меңгеру қажет деген пікір бар. Алайда, бұл онша дұрыс емес. Университеттегі өткен семестрде мен New Information Technologies курсын оқыдым, онда болашақта қажет болатын дағдылар және оларды меңгеру үшін оқу процесінде бізге не жетіспейтіні туралы айттық. Курс негізінен теориялық болды, ғылыми жарияланымдар мен баяндамаларды талдадық және оларды қалай да түсінуге тырыстық. Менің есімде жазушы, кәсіпкер және бұрын бес компанияда CEO болған Маргарет Хефернанмен жүргізілген, кеңінен таралған бір TED talk қалды. Онда ол қазіргі заманғы және болашақтағы болжауға болмайтын әлемде техникалық емес, адами дағдыларға көбірек көңіл бөлудің неліктен маңызды екені туралы айтты. 

Ол бизнестегі және үкімет деңгейіндегі мәселелерді шешудің негізі ретінде қиял мен батылдықты атап көрсетті
«Қазір әлемде болжауға болмайтын көп нәрсе бар, сондықтан бұдан былай рационалды шаблондарға сүйене алмаймыз», - дейді Маргарет және егер адами дағдылардан айырылсақ, онда ағынның ыңғайымен жүретін боламыз.


ХХ ғасырда барлығы базалық дағдыларға негізделді, әр оқу орнында осыны үйрететін, және шындығында оқудың мәнісі де осы еді. XXI ғасырда бейімделгіш болу, өмір бойы оқу, lifelong learning қағидасын іс жүзіне асыру қажет.

Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жұмыс орындарының болашағы» деген баяндамасында 2025 жылға қарай ең сұранысқа ие болатын мынадай 10 дағды көрсетілген:
Талдампаздық шешім мен инновация жасау қабілеті
Проблемалардың кешенді шешімдерін таба білу
Сыни тұрғыдан ойлау және талдау қабілеті
Шығармашылық, бірегейлік және бастамашылдық
Ойлау, проблемаларды шешу және өз идеяларын қалыптастыру қабілеті
Технологияларды қолдану дағдылары, мониторинг пен бақылау жасай білу
Дизайн әзірлеу мен технологиялық шешімдерді бағдарламалауды іске асыра білу
Белсенді оқуға қабілет және оқытудың әр түрлі стратегияларын қолдана білу
Психологиялық тұрақтылық, стреске төзімділік және икемділік
Көшбасшылық қасиеттері және айналадағы адамдарға әсер ету қабілеті.

Қазіргі заманғы басқару теориясында дағдылар «қатаң» (hard skills) және «икемді» дағдылар (soft skills) болып бөлінеді. «Қатаң» дағдыларды нәтижесін өлшеуге болатын нақты тапсырмаларға жатқызуға болады – бұрын білім беру бағдарламаларының көпшілігінде дәл соған ерекше көңіл аударылған. Алайда қазір «soft skills маңыздылығын атап өтсе жеткілікті ме, әдеттегі теория әлі де өзекті ме?» деген сұрақ талқыланып жатыр. Мысалы, Мәскеудегі «Сколково» басқару мектебінің «Болашақ дағдылары» атты зерттеуінің авторлары мынадай жаңа модель ұсынады:


· Контекстік/мамандандырылған дағдылар

Нақты контекстіде әзірленетін және қолданылатын дағдылар. Кәсіби дағдылар (нақты тілде бағдарламалау), физикалық дағдылар (мысалы, автокөлік жүргізу) немесе әлеуметтік дағдылар (мысалы, видеоблогинг).


 · Кроссконтекстік дағдылар

Әлеуметтік немесе жеке қызметтің неғұрлым кең салаларында қолдануға болатын дағдылар: оқу, жазу, тайм-менеджмент, командада жұмыс істеу дағдылары.


 · Экзистенциалды дағдылар

Өмір бойы және тұлғаның әр түрлі өмірлік контекстінде әмбебап қолдануға болатын дағдылар. Оларға мақсат қою және оған жету қабілеті (ерік күші), өзін-өзі тану/өзіндік рефлексия (зерделілік, метатаным), үйрену/ұмыта алу/қайта үйрену қабілеті (өзін-өзі дамыту) кіреді.

«Сколково» жүргізген зерттеуде, сонымен қатар, білім беру – білімнің ескі жүйесін бұзбайтын, бірақ одан түрленіп шығатын және қолданыстағы институттарға жаңа тауашаларды ұсынатын қисынды экожүйе болуға тиіс екеніне назар аударылады.


Болашақта табысқа жетудің кепілі – үздіксіз оқу немесе lifelong learning екендігі туралы көп айтылды. Енді оқу тек мектеппен немесе университетпен шектелмейді. Дегенмен, қазіргі заманғы балалардың ата-аналары өз балаларының табысқа жетуі үшін оларды қалай үйретіп, қалай бағыт беру керегін ойлап, алаңдайды

Болашақ мамандығын, білім, дағдылары
Біз High Tech Academy директоры Татьяна Магамбетовамен мектептің балаларды шынайы әлемге қалай дайындайтыны және оқу процесі қандай болу керегі жайында әңгімелестік.

High Tech Academy құру идеясы қалай келді?

Бізде балаларды шынайы өмірге дайындайтын және қызығушылығы мен қабілетіне қарамастан кез келген балаға оқуда жетістікке жетуге мүмкіндік беретін мектеп құру туралы ой болды. High Tech Academy құру – Еркін Тәтішевтің идеясы. Біздің балалар бір сыныпта оқыды, сөйтіп біз әңгімелескенде білім беру мәселелерін жиі көтердік, көріп-байқағанымызды бөлістік. Еркінге мектеп құру идеясы келгенде, ол маған бұл жобаны дамытуды ұсынды. Ең алдымен, білім беру әлеміндегі чемпиондарға бет қойдық – Сингапур мен Финляндияның білім беру жүйелері бір-біріне айтарлықтай ұқсас екенін, бірақ көп нәрсе бір мектептің бағытына емес, ел ішіндегі жүйеге байланысты екенін байқадық. Сондықтан Қазақстанның білім беру жүйесінің ерекшелігін ескере отырып, біз тек бұл елдердің тәжірибесіне ғана негізделе алмадық – басқа шешім іздеу керек болды. Мен АҚШ-қа барып, онда «Корда әдісі» деп аталатын өзінің әдістемесін әзірлеген Дорис Кордамен таныстым. Әдістеменің мәні мынада: оқу процесінде балалар шынайы әлемдегі проблемаларды шешеді. Қазір Дорис – мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы, біздің стратегиялық кеңесшіміз.

Біз жобалық әдіснама – адамның оқып-үйренуінің ең табиғи тәсілі деген қорытындыға келдік, өйткені біздің өмірде жасайтын барлық ісіміз – бұл жоба
Кез келген іс-шара немесе проблема жобалық қызмет заңдарына бағынады – мәселе бар, ресурстар бар, шектеулі уақыт бар. Әрқашан басқалардың тәжірибесіне қарап, оны зерттеп, проблеманы шешу үшін қолданып көруге болады.


Қазір біздің бастауыш мектебіміз финдік жүйеге негізделген, ол lifelong learning үшін жақсы негіз қалайды – егер балалардың ерте жастан оқу процесі қуаныш сезімімен және позитивті эмоциялармен байланысты болса, олар үшін бүкіл алған білімін өмір бойы қолдану әлдеқайда жеңіл болады. Орта және жоғары мектепте біз жобалық әдістеме бойынша жұмыс істейміз.

Мектеп балаларды қазіргі әлемге дәл қалай дайындайды?

Менің ойымша, біздің балалардың болашаққа дайын болуына мүдделі барлық адамдар өз-өзіне осындай сұрақ қоюға тиіс. Қазір бәрі болашақтың дағдылары туралы айтады – бұл күн тәртібі халықаралық экономикалық форумда да, Қазақстанда білім беруді дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да ерекше атап көрсетілген. Сыни тұрғыдан ойлау, командада жұмыс істей білу, тиімді қарым-қатынас жасау, зерттеу, проблемаларды шешу – бірақ егер мұғалімдердің өздерінде мұндай дағды болмаса, мұны біздің балаларға кім үйретуге тиіс?

Иә, мектеп – балаларды ғана емес, оған қатысы бар барлық ересек ададмарды – мұғалімдерді, қызметкерлерді, ата-аналарды қалыптастыратын, оларға бағыт беретін орын. Мүмкін, олардың барлығы осы дағдыларды бірге үйренуге тиіс шығар?

Өте дұрыс. Егер біз ата-анамыздың көзіне тура қарап, балаларға бұл дағдыларды үйретіп жүрміз деп айтқымыз келсе, мұның бәрін өзіміз үйренуіміз керек. Алғашқы мұғалімдерді мектеп ашылғанға 12 ай қалғанда қабылдадық, сөйтіп олар тоғыз ай ішінде қарқынды тренингтен өтті. Содан кейін біз лагерьдің екі маусымын өткіздік, онда мұғалімдер өз жобаларын жүзеге асырды және содан кейін ғана мектеп бағдарламасы шеңберінде онымен айналысуын жалғастырды. Жаңа мектептер жиі пайда болады және олардың көпшілігі балаларды болашаққа дайындап жатқандарын мәлімдейді, бірақ ондағы мұғалімдер қайта оқудан өтпейді, жаңа нәрсені үйренбейді. Біз өзімізді learning organization ретінде көрсетеміз – бәріміз үнемі оқып-үйренеміз. Біз өзіміз қателесуден қорықпаймыз және балалардың қателік жасауына мүмкіндік береміз. Жобалық жұмыс шеңберінде оқушылар іс жүзіндегі ұйымдардың проблемаларын шешкенде, алғашқыда оларда үнемі түрлі сұрақ туындайды, олар мұғалімге келіп, жауабын сұрайды, бірақ мұғалім де оны білмейді – дайын шешім жоқ. 

Балаларды шынайы өмірге дайындаудың бірден-бір тиімді тәсілі – осы шынайы өмірді мектепте құру
Бізбен бірге жұмыс істейтін ұйымдарға қоятын белгілі бір талаптарымыз бар: ұйым миссиясының болуы, оның қандай да бір әлеуметтік проблеманы шешуі маңызды, жетекшісінің харизмасы болуы және балалардың қызығушылығын туғызуы маңызды. Әрине, балаларда ұйымдардың пайдасына асатын креативті идеялар болады деп үміттенеміз, бірақ бастапқы мақсат – балаларға үйрететін тәжірибе қалыптастыру, егер бізге қолдау көрсетуге дайын болса, біз қуаныштымыз. Бір жылда балалар Корда әдістемесі бойынша кемінде төрт ірі жобамен айналысады. Бір жобадан кейін басқа жобаны іске асыру арқылы олар болашақта өздеріне қажет болатын барлық дағдыларды жетілдіреді. Олар құрамы үнемі өзгеріп отыратын командаларда жобаларды орындайды. Өмірде болуы мүмкін мәселелер, түсініспеушіліктер мен олқылықтар орын алады. Бұл кезде бір-бірімен келісімге келу керек, мәселені шешу керек. Алайда оқулықтың соңында мәселенің дұрыс шешімі жоқ.  

Әлбетте, біз айтып отырған дағдылар – бұл біртұтас кешен, бірақ қандай негізгі дағдыларды ерекше атайтын едіңіз?

Біздің мектептің жүйесі негізгі екі мақсатқа құрылған. Біріншіден, оқушыларымыздың белсенді азаматтық позициясы болуы үшін барлық нәрсені жасаймыз – мектепте оқып жүрген кезден бастап өз қоғамындағы ұйымдардың мәселелерін шеше отырып, олар оның проблемаларына эмпатиямен қарайды деп үміттенеміз. Екіншіден, біздің балалар бұл проблемаларды жасампаздықпен шеше алады. Біз үшін олардың дағдыларын әр түрлі мәселелерді шешуде қолдана білуі маңызды.


Әр жобаның соңында балаларды шешімнің креативтілігі, командалық жұмыс, әр оқушының ұжымдық жұмысқа қосқан жеке үлесі және жеке өсуі сияқты өлшемшарттар бойынша бағалаймыз. Біздің мектептің дәстүрлі мектептерден басты айырмашылықтарының бірі – біз барлық балаларды бір стандартқа келтірудің мүмкін емес екенін түсінеміз. Әр баланың өзінше өсетінін түсінеміз және де ол мұны істеуге тиіс. Әр баланың жеке қажеттіліктері бар. Балалар міндетті түрде кері байланыс алады, оны біз де талқылап, рефлексиялаймыз. Рефлексия – бұл оқытудың маңызды құрамдас бөлігі, бірақ көпшілік бұл тұсты жиі елемейді.

Бұрын біздің оқуымыздың негізінде жатқан әдістемелердің кемшін тұсы неде?

Біріншіден, нашар баға қоямын деп қорқыту проблемасы – ол әлі де кең таралған. Психологиядан шамалы хабары бар кез келген адам екіге оқитын оқушыны қорқыту арқылы одан оқу үздігін жасай алмайтынын біледі. Егер оған өзіне сенуге көмектесіп, қолдау көрсетсеңіз, бұл мүмкін болады. Мысалы, финдік жүйе қолдаудың үш деңгейіне құрылған, олар барлық балалар әр түрлі екенін және бір балаға басқа бала ойнай отырып меңгере алатын бағдарламаны игеру үшін күніне екі қосымша сабақ қажет екенін ескереді. Финляндияда реформа осыдан 40 жыл бұрын басталды, және тәжірибе мұның нәтижелі екенін көрсетіп отыр – балаға көбірек қолдау көрсетілсе, көбірек уақыт бөлінсе, ол содан кейін еш қиналмай сыныпқа оралады да басқалармен бірдей қарқынмен жұмыс істейді. 

Менің ойымша, мәселе біздің бірдеңені дұрыс істемегенімізде де емес – айналамыздағы әлемнің түбегейлі өзгергенінде
Бұл өзгерістердің қарқыны артуда, ал дәстүрлі білім беру жүйесі соңғы 130 жылда өзгерген жоқ. Менің ойымша, проблема осында. Турасын айтсақ, мұғалімнің рөлі өзгеруге тиіс. Мұғалімнің білім беруші болудан қалғанына көп болды, қазір балалар қолындағы мобильді құрылғылары мен компьютерлері арқылы барлық дереккөзге қол жеткізе алады. Біздің мектептегі мұғалімнің рөлі – оқу тәжірибесі дизайнерінің рөлі. Сабақ балалар бір-бірімен белсенді жұмыс істеуге оқу тәжірибесі ретінде жоспарлануға тиіс. Әрине, мұғалім қандай да бір тұжырымдамаларды түсіндіруі, сұрақтарға жауап беруі мүмкін, бірақ оның негізгі міндеті – оқушылардың қажеттіліктерін, неге қызығатындарын білу үшін сабақта мүмкіндігінше белсенді жұмыс жасату. Мысалы, біздегі химия пәнінің мұғалімі өз сабағын анимэмен жиі байланыстырады, мен жақында бізге келген оқушылар «химияны ақыры түсіндік» деп айтқанын бірнеше рет естідім.


Біз сондай-ақ мұғалімдерді оқытуға да көп уақыт бөлеміз – аптасына үш рет бізде кәсіби даму сессиялары (professional development) өтеді және аптасына бір сессия student life – оқушыларға арналған: біз оқушыларды, олардың оқуда ілгерілеуін, проблемалық жағдайларды талқылаймыз. Сондай-ақ жылына екі рет Дорис Корда біліктілікті арттыру бойынша үлкен тренинг өткізеді.

Жаңа дағдыларды үйренгісі келетін ересек адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

Менің ойымша, кез келген тиімді оқытудың негізінде қызығушылық пен ішкі мотивация жатыр. Адам жасына қарамастан, өзін жақсырақ тану, бала кезінде қандай нәрсені жасау ол үшін қызықты және жағымды болғанын еске түсіруге уақыт бөлген жөн. Эмоционалды құштарлық, шынайы қызығушылық өзіңе жаңа бағытты немесе мамандықты таңдауға негіз болуы мүмкін.

Мұқаба: Азиза Киреева
This project is supported by a grant provided by the U.S. Embassy in Nur-Sultan, Kazakhstan. All opinions expressed are those of the author and do not necessarily reflect those of the U.S. Government or the U.S. Mission to Kazakhstan.


Данный проект реализуется с помощью гранта от Посольства США в Нур-Султане, Казахстан. Мнения, выраженные в материалах, принадлежат их авторам и не обязательно отражают точку зрения Правительства США или Дипломатической Миссии США в Казахстане.

M

Читать также: