ӨМІР

«Бұрынғы сыныптастарым мені толық емес отбасында өскенім үшін қорлады»: мектеп оқушылары арасындағы буллинг оқиғалары

Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген Manshuq оқырмандарының мектеп шағында басынан өткен әлімжеттік туралы әңгімелерімен бөлісуді жалғастырамыз. Олардың барлығы әр түрлі уақытта және әр түрлі жағдайда орын алды. Бірақ барлығына ортақ бір нәрсе-кейіпкерлердің әрқайсысы үшін бұл өмірлік жарақат.

Қымбат Мухамадиева

3 қыркүйек 2021

Буллинг – қазіргі қоғамда кездесетін өзекті мәселелердің бірі. Буллинг сөзі ағылшын тілінен аударғанда қорлау, қудалау, мазалау деген мағынаны білдіреді. Яғни, буллинг дегеніміз – бір немесе бірнеше адамнан құралған топтың екінші адамға психологиялық, физикалық, жыныстық қысым көрсетуі, оны қорқыту, ұрып-соғу, тонау.


Бүгінде буллинг жасөспірімдер арасында кеңінен таралып отыр. Өкінішке орай, елімізде әрбір бесінші оқушы буллингке ұшырайды. Арнайы сауалнама нәтижесінде 11-15 жасқа дейінгі оқушылардың 17%-ы қатарластарынан қысым көргені, ал 20%-ы буллинг жасауға қатысқаны туралы белгілі болды. Мұндай жағдай көбінесе қала мектептерінде және ұл балалар арасында орын алады екен.


Мен мектеп қабырғасында буллингті басынан кешкен адамдармен тілдестім. Кейіпкерлеріміздің әңгімелерін сіздерге де оқуға ұсынамын.

Дина, 29 жаста:
«Мен қарапайым орта мектепте білім алдым. Бірінші сыныптан бастап үздік оқушы едім. Сабақ оқу маған ешқандай қиындық туғызбайтын. Өйткені, аналитикалық ойлауым және есте сақтау қабілетім жоғары болатын. Сол үшін де мені сынып төрайымы етіп сайлады. Қысқасы, мен өз ортамда беделді және белсенді қыз ретінде танылдым.


Бірақ 7-8 сынып оқып жүрген кезімде буллингке ұшырадым. Сол уақытта біздің сыныпқа басқа жақтан жаңадан ұл бала ауысып келді. Уақыт өте келе ол мені ұнатып қалды. Бәлкім, бұл жай ғана балалық сезім шығар деп ойладым мен. Оның маған білдірген көңілін қайтарып тастадым. Кейін оның тарапынан маған қысым көрсетіле бастады. Ол өзінің жанына басқа да ұлдарды жинай бастады. Барлығы бірігіп менің мазамды алуды әдетке айналдырды. Мысалы, мен сабақ үстінде жауап беріп жатқан кезде кедергі жасайтын, «оқымысты» деп мазақтайтын. Отыратын орындығымды артымнан итеріп, заттарымды әр жаққа тығатын. Ең сорақы әрекеттерінің бірі – менің сөмкеме өздерінің түкіріктерін шашатын. Гардеробта ілулі тұратын сырт киімімді де былғап кететін. Менімен 1-2 жыл уақыт ешкім дұрыс араласпады. Бірақ мен оңай берілген жоқпын. Маған зәбір көрсеткен кезде мен де оларға жауап қайтаруға тырысатынмын.


Есейе келе менде ешқандай өкпе-реніш қалған жоқ. Тек сол балаға ғана жаным ашиды. Дәл сол сәтте оның отбасылық жағдайының қиын болғанын артынан ғана білдім. Менің де ата-анам менімен болған буллингке аса назар аударған жоқ. Барлық жайттан кейін 9-сыныптан соң колледжге оқуға түсіп кеттім.


Менің ойымша, буллингке сыртқы келбеті, әлеуметтік жағдайы, тәртібі басқалардан өзгеше балалар ұшырайды. Буллингке тап болған жағдайда бірден ата-анаға хабарлау керек. Жағдай күрделеніп бара жатса, баланы басқа мектепке ауыстыруға болады. Сонымен қатар мектеп психологіне де жүгіну керек. Біздегі психологтар осы мәселемен жан-жақты айналысуын қалаймын. Оқушылар арасындағы қатігез қарым-қатынастың пайда болуына олардың отбасындағы жағдай да әсер етеді. Буллинг көрсететін балаларға ерекше назар аудару керек, психологиялық көмек көрсету керек деп санаймын.


Болашақта балаларым болған кезде мен де оларды осындай оқиғалардан құтқара аламын ба, дұрыс кеңес бере аламын ба деп көп ойланамын. Қалай болса да, балалық шағымдағы буллинг менің алдағы өміріме де үлкен әсер етті».

Меруерт, 35 жаста:
«1-2 сыныпты арнайы мектеп-гимназиясында оқыдым. Қазақ мектебі болғандықтан, оқушылар да қазақы тәрбиеленген, сыпайы балалар болды. Бастауыш сыныпта дене бітімім толықтау болса да, мені ешкім «томпақ», «доп», «домалақ» деп мазақатаған емес.


Есесіне 2-сыныпқа көшкенде сынып жетекшімізден қатты қысым көрдік. Бала болған соң әртүрлі жағдайлар болады ғой. Ол сыныптағы барлық оқушыларды кішкентай ғана қателігі үшін ауыр жазалайтын. Бізді, қыздарды, кітаптар салынған ауыр сөмкемізімді қолымызбен жоғары көтеріп, ұстатқызып қоятын. Қолыңды сәл төмен түсірсең, ұзын сызғышпен ұратын. Ұлдарға одан да қатаң шаралар қолданатын. Олар темір аяқты ағаш орындықтарды қолдарымен созып көтеріп тұратын. Кішкентай баланың психикасы былай тұрсын, денсаулығына қаңдай зақым келді десеңізші. Бұл жағдай жарты жылға жуық уақыт жалғасқан еді. Барлық жағдайды бұған дейін үйдегілерге айтпаған едім. Жарты жылдан кейін менің қолдарым, буындарым қатты ауыра бастады. Бір күні түнде қолымның ауырсынғанына шыдамай, қатты жылап жібердім. Анам не болғанын түсінбей, сұрастырып бастады. Ішіме сақтай алмадым, барлығын айтып бердім. Ертеңіне анам мені ол мектептен алып кетті.


Осылай оқу жылының ортасында басқа мектептің орыс сыныбына ауысып келдім. Бұл жерде де буллинг жалғаса берді. Өйткені, мен сыныптағы жалғыз қазақ қызы едім. Сынып жетекшім мені ылғи да төмендетудің амалдарын жасайтын. Ата-анама үлегрімім жақсы болса да, менің орыс сыныбында оқи алмайтынымды, мектептен шығарып жіберетіндігін де жиі айтатын. Тіпті орыс тілі сабағынан ғана 4 деген баға алып қалғаным есімде. Мұғалімнен себебін сұрағанымда: «Сен қазақ емессің бе? Орыс тілінен 5 алуың мүмкін емес» дегенде не дерімді де білмей аң-таң болып қалдым. Осындай қысым өте көп болатын.


Екінші мектебімдегі балалар әлдеқайда қатыгез еді. Сыныптастарым көбіне толық емес, ажырасқан, нарко-тәуелді отбасыларында өскен. Олардың мұндай іс-әрекеттері ата-анадан алған тәрбиеден туындайды деп ойлаймын. Бала үйіндегі жағдайды көріп өседі, кейін сол модельді мектепке алып келеді. Өзіне қатыгездік жасалған соң, өзгеге де соны жасауды дұрыс деп санайды. Менің сыртқы келбетім үшін маған «сиыр», «толық», «мамбетка» деп тіл тигізетін.


Ең өкінішістісі – маған көрсеткен әлімжеттікті мен де басқаларға жасай бастадым. Өзіңіз ойлаңызшы, сабақты жақсы оқитын, беделді отбасынан шыққан оқушы ақыр соңында нағыз буллерге айналдым. Буллинг көрген балалар шыдамай сынып кетеді немесе өзі де солардың біріне айналады. Мен танитындардың 80%-ы шыдамады. Қазір оларда барлығы жақсы деген сенімдемін.

Буллинг мен оқыған мектепте ғана емес, тұрған ауданда да болатын. Мысалы, сұраған ақшасын алып келмесең, ертеңгі күні сені бір топ болып ұрып-соғуы ғажап емес. Буллинг көрген балалар өз-өзіне қол жұмсауы да мүмкін еді ғой, әлі қалыпастапаған балалық психика үшін бұл өте ауыр. Сол үшін әр ата-ана өз баласымен әңгімелесу керек, түсіндіру керек. Менің анам менің жағдайымды мектеп бітірген соң ғана білді. Мен өз мәселелемді өзім шешуге тырысатынмын, ата-анамды араластырғым келмейтін. Мен өз-өзімді сол бір ортадан құтқарып шыққаныма қуанамын. Жанымдағыларға қосылып жаман жолға түсіп кетпегеніме, өмірден түңіліп кетпегеніме қуанамын. Қазір мен екі жоғары білімім бар, отбасым, балаларым бар бақытты адаммын. Жолдасым екеуміз балаларымызды барынша жамандықтан сақтауға тырысамыз.


Буллингке ұшыраған мектеп оқушысына айтарым: Өтінемін, үнсіз қалма! Қазір түрлі сенім телефондары, қолдау орталықтары бар. Біздің кезімізде ондай болмаған. Ешқашан бұл мәселені өз бетінше шешуге тырыспа. Өйткені, соңы қайғылы аяқталуы әбден мүмкін. Буллинг үшін өмірді қиюға болмайды. Өмір деген керемет қой! Керісінше, өмірді сүю керексің, жақсы өмір сүру үшін барыңды салу керексің. Бұл тығырықтан шығар жолды ізде. Ата-анаңмен, үлкендермен ашық сөйлес, ақылдас. Спортпен айналыс, өз-өзіңді күт. Өзіңе деген сенімділікті арттыр.


Ата-аналарға да айтатыным: Балаларыңыз сіздермен мәселелерімен бөліспесе, оларда барлығы жақсы деген сөз емес. Әрқашан балаңызбен сөйлесуге уақыт табыңыз, оның өміріне қызығушылық танытыңыз. Араласып жүрген ортасына мән беріңіз. Қиындықтардан шығудың жолдарын үйретіңіз, ақыл-кеңестеріңізді айтыңыз. Балаңызды сіз тәрбиелемесеңіз, оны көше тәрбиелейтін болады. Балаңыздың жақын досы болыңыз!»

Буллинг, Қазақстан, мектеп
узор
узор
Сәуле, 23 жаста:
«Бастауыш сыныпты бітіріп, 5-сыныпқа көшкен сәтімде сыныптастарым мені келеке етіп, мазақтап, әрбір іс-әрекетімді жақтырмай, ортадан бөлектей бастады. Буллинг әлеуметтік жағдайға байланысты болады деп ойлаймын. Сыныптағы балалардан жәбір көрген кезде ешқандай іс-әрекет жасаған жоқпын, ұялдым. Мектепке барғым келмейтін, бар ашу-ызамды үйге келіп көрсететінмін. Ата-анама дауыс көтеріп сөйлейтінмін. Өйткені, сыныптастарымда бар зат менде болмағанына, олардың мені мазақ ететіндеріне ата-анам кінәлі деп ойлайтынмын. Олармен көп сөзге келіп қалатынмын. Балалар мені ұнатса екен, достасып кетсе екен деп олардың іс-әрекеттерін қайталайтынмын. Ата-анама көп нәрсе алып беруді талап ететінмін. Бірақ бәрібір мен ол ортаға сіңісе алмадым. Бәрінен бұрын ата-анама сол кездегі айтқан ауыр сөздерім үшін, жасаған қылықтарым үшін ұяламын.


Отбасымнан не достарымнан қолдау болмаған соң, кейде өмір сүруге себеп жоқ деп ойлайтынмын. Бұл жағдайда бірінші кезекте сынып жетекшіге немесе ата-анаға айту керек деп ойлаймын. Егер мен ата-анама айтқанда, мүмкін, бәрі басқаша болар ма еді?


Буллинг маған қатты әсер етті. Соның салдарынан мектеп ауыстырдым. Жаңа мектепке ауысып қана мен жаңа достар таптым, олар мені жылы қабылдады. Сабағымды да жақсы оқып, армандаған жоғары оқу орнына түстім. Ең қызықты сәттердің бәрі тек жаңа ауысқан мектепте ғана басталды.


Буллинг ауыр естілектер қалдырды. Бірақ мен барлығын жеңе алдым, оларды кешірдім. Мінез-құлқым да өзгерді. Қазір мен өзімді қорғай алатын жеке тұлғамын. Өзгені келеке ету, мазақ ету дұрыс еместігін біз балаларымызға айтып отырсақ екен деймін. Өйткені, мазақ еткеннен мен көзілдірік тағуды қойдым, семіздігіме байланысты тамақ жеуді доғардым, барлығы денсаулығыма кері әсерін тигізді. Бәлкім, олар мұны тек балалық деп қабылдар, бірақ бір адамның өмірінде ойып алар өкініш қалдырғанын сезбейді».

Аружан, 17 жаста:
«Өкінішке орай, буллинг тақырыбы менің де отбасымды айналып өтпеді. Зорлықтың құрбаны мен емес, менің сіңілім болды. Аты Айсұлу, 10 жаста, 6-сыныпқа көшті. Осы мәселеге байланысты бірнеше мектеп ауыстырды. Өзі кішкентай, дене бітімі толықтау келген өте тынышты қыз. Айсұлу сыныптастарынан 1-2 жас кіші. Олар оны «ақымақ», «семіз» деп келеке ететінді шығарды. Сіңіліме бүкіл сынып қысым жасағандықтан, оларға қарсы жауап беруге және ойын өзгертуге жалғыз күші жетпейді. Оның сыныбындағы қыздар WhatsApp желісінде өзара чат ашып, ол туралы: «Онымен не істейтін болдық? Өлтірейік пе? Мектептен қуып шығайық па? Әлде ұрып тастайық па?» деген неше түрлі хабарламалар жазған. Мұны қалай түсінуге болады? Балаларда соншама агрессия қайдан пайда болған?


Осының барлығынан кейін Айсұлу қатты күйзеліске түсті, мектепке барудан бас тартты, оларды жек көретінін айтты. Үнемі жылайды, бұрынғыдан да тұйықталып кетті. Ол өзін және бүкіл әлемді жек көре бастады. Әзіл-қалжынды мүлде қабылдамайды, бәрін жүрегіне жақын алып қалады. Мектепті де ауыстыра беру оған қатты әсер етті.


Оны үнемі бөлектейді. «Құрбылары» оған қалағандарын жасатып, керектілерін сатқызып та алады. Кейін қайтадан мазақтап, кемсітуді жалғастыра береді. Ақерке болса, айтқандарының бәрін олармен достасып кету үшін ғана жасайды. Жанында сенімді достары да жоқ.


Біз балалардың бұл қылығы үшін жауап алуға мектепке де бардық. Бірақ оқушылардың ата-аналары өз балаларына шаң да жолатпайды, бүкіл шындықты жоққа шығарды. Соңында біз балалардың жазған хабарламаларын көрсетіп, барлығын дәлелдеп бердік. Ата-аналары қаңдай босла, балалары да сондай деген рас екен. Ешқайсысының ойына кешірім сұрау келген де жоқ.


Ересектер мұндай оқиғаларға бей-жай қарайтыны қынжылтады. Олар балаларына қарапайым әдеп ережелерін түсіндірмейді. Осындай ата-аналардың кесірінен басқалардың психикасы мен өмірі зардап шегеді. Оның үстіне қазір олардың жасөспірім шағы өтіп жатыр. Жас балалар әлі ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін білмейді. Енді ғана басталып келе жатқан өмірлерін қор қылып алулары да мүмкін ғой.


Егер сіз ата-ана болсаңыз, мен сізден балаңызбен осындай тақырыптарда ашық сөйлесуді сұраймын. Оның буллингке қатысы болмаса да, олай жасауға болмайтынын түсіндіріңіз. Және буллингке тап болған жанды көрсе, көмек қолын созу керегін үйретсеңіз екен».

Мадина, 16 жаста:
«9-сынып бітірген кезде сыныппен арнайы фотоссесия жасалатыны белгілі. Сыныптастарыммен фотоссесияға барған кезде кейбір қыздар мен ұлдар менің бойым кішкентай болғаны үшін менімен суретке түскілері келмейтінін айтты. «Оның кесірінен сурет бұзылады» деген секілді әңгімелер айтты. Сынып жетекшіміз сол кемсітулерді естіді, бірақ мән берген жоқ. Одан басқа да сыртымнан айтылған әңгімелер болды. Бұл жайлы ешкімге айтқан жоқпын. Бірақ іштей қатты реніш болды. Досым деп сеніп жүрген адамның мені жамандауы ауыр тиді. Буллинг менің өз-өзіме деген сенімділігімді төмендетті.


Менің ойымша, буллинг кейбір балалардың дұрыс тәрбие алмауынан болады. Буллинг жасайтын балалар көбнесе бұзақы балалар болады немесе өзімшілдер, өзгені көре алмайтындар. Олардың сөздеріне мән бермеуге тырысу керек. Буллинг жайлы ата-анаға немесе мұғалімге айту қажет. Сені кемсітетін, саған күш көрсететін балалардан барынша аулақ жүруге тырысу керек».

Сұлтан, 21 жаста:
«НЗМ-ге дейін мен ауыл мектебінде оқыдым, ол жерде буллинг қалыпты жағдай еді. Мен тынышты, тұйық оқушы болдым. Көзімде көзілдірігім бар, дәптерге сурет салғанды ​​ұнататынмын. Былайша айтқанда, ұрып-соғу мен қорлаудың әдеттегі құрбаны едім.


Үш сыныптасымның мені жерге қалай лақтырып, аямай тепкені есімде. Бәрі дәл мектеп ауласында болды. Үстімдегі кір мен шаңды тазалап, үйге қайтатынмын. Қыс мезгілінде олар менің бас киімімді тартып алып, біреудің ауласына тастап кеткен. Дала болса, аяз. Үйге дейін тоңып, әзер жеттім. Осындай оқиғалардың толассыз тізімін жасай аламын, бірақ есіме түсіргім келмейді.


Мен өте тұйық бала едім. Егер олар мені ұрса, мен қайта тұрып, ештеңе болмағандай үйге қайтатынмын. Әрине, үлкендердің ешқайсысы бұған назар аудармайтын. Бірақ бір күні анам менің басымдағы жараны байқады. Байқаусызда құлап қалдым деген сылтауға сенбеді. Негізінде сыныптастарым мені аяғымнан шалып, еденге басыммен құлаған болатынмын. Анам мені бәрін айтып беруге мәжбүр етті. Әңгіме эмоционалды түрде қиын болды. Әлі күнге дейін мен үшін ауыр тақырыптардың бірі.


Ақырында анам мектеп психологіне шағымданды. Ол тәртіп сақшыларын ертіп, мені ұрған балаларды шақырды. Мен, анам, психолог, үш сыныптасым және екі полицей тар кабинетте отырдық. Сыныптастарым ескерту алды, ал мен болсам, апта сайын психологқа бәрі жақсы екенін хабарлап отыратынмын. Осыдан кейін жағдай сәл дұрысталғандай болды. Бірақ олар күш көрсетуді доғарып, сөзбен тисуді жалғастыра берді.


Мен бәрін жаңадан бастағым келді. Мектепті өзгертіп, жаңа достар табуды қаладым. НЗМ-ге қабылданғаныма шексіз ризамын. Онда мен өзімді қауіпсіз сезіндім. Дәл осы мектепте өз ойымды ашық айтуды үйреніп, бойыма батылдық жинадым.


Егер мен НЗМ-ге түспегенде не болар еді? Мүгедек болып қалар едім немесе тамырымды кесер едім. Күн сайын әлімжеттік орын алатын мектептерде оқып жатқан балалардың жағдайын елестетіп көріңізші. Тіпті ондай мектептерді «балалар баяу өлтірілетін концлагерьлер» деп атауға болады. Олар үшін қорқамын, аландаймын. Асылында, күн сайын өзгертіп жатқан реформалар, дамытып жатқан цифрландырулардың барлығы да маңызды емес. Маңыздысы басқада. Ең алдымен, ​​оқушылар үшін жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. «Балалар мектепке баруға қорқатын болса, елімізде мықты білім жүйесін қалыптастыру мүмкін бе?» деген сұрақ еріксіз ойға келеді».

Нұргүл, 15 жаста:
«10 жасымда сыныптағы бір бала мені «семіз» деп мазақтайтын. Мектеп асханасында тамақтанбауымды айтатын. Өйткені, онсыз да толықсың дейтін. Мен үшін бұл өте қиын жағдай болды және сыртқы келбетім туралы көптеген комплектердің пайда болуына алып келді. Бұл туралы ата -анама айттым, бірақ олар көңіліме алмауды ғана өтінді. Бірнешден жылдан кейін сыныптасым өзінің жасаған әрекеті туралы ойланып, менен кешірім сұрады.


Басқаларды кемсітіп, қорлайтын оқушылардың өздерінің жеке қиындықтары болады. Олар отбасындағы мәселелерді ойламау үшін назарын сыртқа аударады. Солай ұмытқысы келеді. Ал жәбір көрген балалар үлкендердің айыптауынан қорқып, бұл жайлы ешкімге тіс жармайды. Сол кезде маған айтқан кемсіту сөздерге мен сенетінмін. Өзімді шынымен де сондай деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе қателескенімді түсіндім. Бұл тек олардың өзіндік көрінісі, жеке пікірі екенін ұқтым. Оның мен үшін ешбір маңызы болмауы тиіс деп шештім. Соныдықтан ешкімнің ешкімді қорлауға құқысы жоқ дегім келеді».

Мөлдір, 16 жаста:
«Бұрынғы сыныптастарым мені толық емес отбасында өскенім үшін қорлады. Мен анаммен бірге тұрамын, әкем аурудан ерте қайтыс болған еді. 5-сыныпта оқып жүргенде сыныптасым маған: «Сен біз сияқты қарапайым бала бола алмайсың, өйткені сенің әкең жоқ» дегені есімде. Олар менің жеке басыма қатысты әртүрлі жаман сөздер айтатын. Сыртқы келбетіме де тиісетін. Сол сөздердің әсерінен арықтай бастадым. Ақыр соңында ас қорыту жүйем бұзылып, ұзақ уақыт емделуге тура келді.


Барлық жағдайдан кейін іштей сынып кеттім. Не істерімді мүлдем білмей, тұйықтала бастадым. Суицид туралы ойлар көп болды. Анаммен де көп сөзге келіп қалатынмын. Болған жағдайдың ешқайсысын анама айтқан жоқпын. Ол кісіні ренжітіп алуға қорқып, бәрін өзім шешуге тырыстым. Мұның бәрі жаңа мектепке ауысқанда аяқталды.


Қазір денсаулығымды қайта қалпына келтіріп, психолог-маманның көмегіне жүгінудемін. Ақылым толып, есейіп келемін. Өз-өзіме деген сенімділігім артуда. Мен олардың барлығын баяғыда кешірдім. Бірақ әлі күнге дейін мені не үшін және қандай мақсатта қорлағандарын түсіне алмай келемін.


Ата-анаңа және жақындарыңа буллинг құрбаны болғаныңды дер кезінде хабарла. Біреуден қысым көргенің туралы айту маңызды. Тек бұған сенің кәнәлі емес екеніңді есте сақта. Бұл үшін ешқашан өзіңді айыптама. Мүмкін болса, психолог, психотерапевт дәрігерлермен байланыс. Олар саған міндетті түрде көмектеседі».

Суреттер: Роман Захаров

«Шеврон» компаниясының қолдауымен жасалынған жоба
M

Читать также: