«Қайда барсам да, қазақстандық болып қала беремін»: ұлттық келбет туралы жеке хикая
26 мамыр 2023
Анастасия Гребенщикова
Отбасы жайлы
Отбасымның Ресейге қатысы жоқ. Ағам қазақша жақсы сөйлейді, апайым жақсы түсінеді әрі сөйлей алады, ал мен тіл білімімді дамытып жатырмын. Өзімді қазақстандықпын деп есептеймін. Ауылда өскендіктен қазақ достарым көп болды. Әркім өз тілінде сөйлегенмен, бәрі бір-бірін жақсы түсінетін – бала кезде мұның түк қиындығы жоқ. Әжемнің көршілері – Қарақалпақстаннан келген отбасы. Мереке күндері бізге әрдайым бауырсақ пен шелпек әкеліп беріп тұратын. Әжем де православ мерекесі күндері дайындаған асын бөлесетін. Бұл – көршілер арасындағы достық.
Қазақ сыныптарының балалары: «Ресейге қайт, сен орыссың» деп айтқан сәттер де болды. Мен болсам, «Неге? Мен осында тудым ғой!» деп түсінбейтінмін. Ойымда: «Мен кіммін?», «Мұнда не істеп жүрмін?» «Неге осындамын?» деген сұрақтар туындайтын. Әке-шешемнен сұрасам, олар: «Отаның – Қазақстан» деп жауап беретін.
Украинадағы өмір туралы
Киевте екі жыл, ал Мариупольде бес жыл тұрдым, сондықтан өзімді Мариуполь тұрғынымын деп айта аламын. Есеюдің негізгі кезеңін осы қалада өткіздім. Мариупольге Қазақстаннан адам сирек көшіп барады. Өзімді экзотика сияқты сезіндім. Айналамдағылар тұрмыс-тіршілігіміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз туралы сұрақ жаудыратын. Орысша таза сөйлеймін деп ойлап жүрсем, акцентім де өзгеше екен.
Ұлттық келбет жайлы
Менің ойымша, әрбір қазақстандық Ресей империясының мұндағы өмірге қаншалықты ықпал еткенін түсінуі керек. Жантүршігерлік қасіреттерді – ашаршылықты, соғыс жылдарын, халықтарды депортациялау, қазақ зиялы қауымын жою, ГУЛАГ, Степлаг және «АЛЖИР» лагерлері, Семей полигоны, орыс тілін күштеп енгізуді мойындау керек. Қазақстанның Ресейдің бөлігі ретінде қабылданғанын және әлі күнге дейін қабылданып келе жатқанын мойындау керек. Көп қазақстандықтар мұны ұмытқысы келетін сияқты.
Адамның ішкі хал-жағдайына байланысты оның бірнеше ұлттық келбеті болуы мүмкін деп ойлаймын. Украиндық ұлттық келбетім еркін әрі батыл. Тіпті «вільна» («еркін» сөзі) деген татуым бар, ол маған күш береді. Қазақстандық ұлттық келбетіме ауысқанда ішімде қайшылық туындамайды. Қонақжайлықтың әлсіз жағы болса да, бұл келбетім жылы, көпшіл. Инстаграмда орысша жазамын, арасына қазақша сөздерді қосып қоямын, анда-санда украин тіліне ауысып кетемін. Ұлттық келбеттерім қай елдің процестері жайлы жазып жатқаныма байланысты кезекпен қосылып, өшіп отырады.
Болашақ жайлы
Үкімет ұлттық келбетті қалыптастыруға үлес қосатынына күмәнім бар. Әр азамат өзінен бастаса болады. Жақсы курстар мен тегін материалдар көп, ең болмағанда қазақ тілінің негіздерін үйренуге мүмкіндік жеткілікті. Компаниялар қазақ тілін оқуға жағдай жасап, қызметкерлерді ынталандырып қойса болады. Көр соқыр сияқты жүрген кезім есімде: себеп-салдар байланысын түсінбейтінмін, саясатқа да араласпайтынмын. Ең бастысы – қызығушылық таныту, оқуды жалғастыру, теріс қарамау.