ӨМІР

Өзіңнің кім екеніңді білмей, бақытты бола алмайсың: ұлттық келбет туралы жеке оқиға

Заманауи Қазақстанның этникалық алуандығы – көп жағдайда кеңес өкіметінің халықтарды күштеп қоныс аударуы бойынша озбыр саясатының жемісі. Шекараны қорғау және ҚазКСР-де тыңшылықтың алдын алу керек деген сылтаумен шекарадағы кеңестік республикалардан мыңдаған халықты олар қор қылып депортациялаған.


Бүгінде депортацияланған адамдардан туған ұрпақ – Отанынан басқа жерде өмірін елестете алмайтын Қазақстан азаматтары. Солардың бірі – кәсіпкер, «Қазақ(стан)ның ұлттық келбеті: біз кімбіз» атты мақалалар сериясының үшінші кейіпкері Рамиз Гаджиев. Book Kultura Lab аясында жасалған осы мақалаларда автор Айзере Малайсарова қазақстандықтардың ұлттық келбетін айқындау туралы ой-толғауын жинаған.

Айзере Малайсарова

14 маусым 2023

Рамиз Гаджиев

Рамиз Гаджиев

27 жаста:
«Мен Таразда тудым, ал алты жасқа толғанда отбасыммен бірге Алматыға көшіп кеттік. Жазда Тараздағы әжеме жиі барып тұратынмын. Тараз мен үшін сондай ыстық, бірақ Алматыда да өмірімнің ең жарқын сәттері өтті. Бұл тіл сияқты: билингвтердің отбасында дүниеге келсең, екі тілдің аражігін ажыратпайсың, сен үшін барлығы ортақ боп көрінеді.


Менің ойымша, ұлттық келбет – әркім жеке өзі ғана сезініп білетін нәрсе сияқты. Барлық туысқандарым үшін жауап бере алмаймын, тек өзімді ғана айтып отырмын. Өзімді қазақстандықпын деп білемін. Басқа елдің азаматы бола алмаймын, себебі басқа мемлекетте тұрып көрмегенмін. Мен осы мемлекеттің бір бөлшегімін. Қазақстан азаматының көк түсті паспортын ашқанда тек бір нәрсені сезінемін – бұл менің паспортым.


Ата-анам да Қазақстанда туған, бірақ әкемнің әкесі Гүржістанда туып-өскен. Біз этникалық месхетин түріктеріне жатамыз, себебі біздің ұлттың адамдары тұрған аудан Месхетия деп аталады. Атамның бүкіл әулеті сол ауданда Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тұрған. Оларды Қазақстанға 1944 жылы күштеп қоныс аудартқан. Ол кезде атам он жаста екен. Гүржістанда өткізген балалық шағы да, депортация уақыты да есінде қалған. Кейін қазақстандық қоғамға жақсы сіңіп кетіп, мансабында біршама үлкен жетістікке жетті. Математика мұғалімі ретінде бастады, кейін мектеп директоры болып, әкімшілік аудан басқармасында қызмет атқарды.

Атам мен әжем Қазақстанға қалай келгенін дастарқан басында айтып отырмаған сияқты. Мен есейген шағымда фотоальбомда арғы атамның ашықхатын көріп қалдым. Оны телефоныма суретке түсіріп алып, өзіммен бірге алып жүретін болдым – осылайша мен өткенді ұмытпаймын. Бір қызығы, бұл суреттің құпиясы бар. 1937 жылы арғы атам Кисловодсктан сәлем жолдаған. Ол жақта нақты немен айналысқанын білмеймін. Арғы атам үкіметте жұмыс істеген, өте білімді, зиялы қауымнан болатын. Барлық суреттерден байқағанымдай, атам қырынған, аппақ жейде мен пеңжек киіп алған – нағыз ақсүйек екені көрініп-ақ тұр. Білуімше, ол репрессияның құрбаны болды. Бәлкім, атылып кетті – нақтысы белгісіз. Туыстарына асқазан жарасымен ауырған деп хабар жеткізген. Бірақ олар бұның өтірік екенін онсыз да білген.

Осындай сұмдық жағдайлардың ешқашан қайталанбауы үшін адамдар туралы және олардың тағдыры туралы айтып, бөлісу маңызды деп ойлаймын

Ұлттық келбет туралы

Ата-анам мені интеллигент қылып тәрбиелеген. Отбасымызда өзін-өзі ұстау мен сөйлесудің белгілі бір нормалары бар. Мысалы, бізде балағат сөз айтуға мүлде болмайды. Келешекте өзімнің балаларыма да әдеп нормалары мен басқаларға құрметпен қарауды үйретіп, тәрбиелегім келеді. Бұл менің отбасымның және менің қайдан шыққанымды көрсетіп тұрады.


Қазақстанда тұратын месхетин түріктерінің әлі күнге дейін сақталып келе жатқан салт-дәстүрлері бар. Оны әр үйлену тойында көруге болады. Мәдениет ерекшеліктері сөйлеу мен қарым-қатынаста байқалады. Десе де отбасымыздың ешбір адамы оның тек бізге тән деп айтпайды, соның нәтижесінде екі ұлт арасындағы шекара да жойылады. Мультимәдениет міндетті түрде жейтін тамағымызда да бар. Мысалы, менің анам да, әжем де хинкали, ет, ірімшік, сүзбе қосылған хачапури, базлама күлшелері, кетемен қоса қазақ және өзбек тағамдарын әзірлейді. Тәттіден дастарқанда әрдайым құм пішінәй тұратын, оның дәмі балалық шағымнан бері есімде.


Түркияның бүгінгі тілі – модернизацияға ұшыраған, англицизм мен кірме сөздер көп қолданылатын тіл. Біз сөйлеп жүрген тіл – диалект. Ол ескілеу, сәл ғана өзгерген. Отбасымызда көп жағдайда біз орысша сөйлесеміз, алайда «әкеліп берші», «көмектесші» секілді аударылмайтын тіркестерді өз тілімізде айтамыз. Туған тілімде менімен біреу сөйлессе, оны еркін түсіне аламын. Десе де тек түрік тілінде сөйлейтін этникалық түрік отбасылары да өте көп.


Басқа елге көшу жайлы, әрине, ой болды. Атам біздің болашағымызды ойлап, Түркияға көз салатын. Заманауи түрік мәдениеті бізге жақын, мереке мен дәстүрлеріміз де бір. Бәлкім Түркиядағы өмір маған қарағанда ағама көбірек ұнайды деп ойлаймын. Қазіргі сәтте Түркияға көшіп кету құлшынысым да шамалы – саяси көзқарасым басқа. Көшіп кету үшін бірінші сол елде тұрып көрмей таңдай алмаймын. Сол себепті дәл қазір мынандай бір елде тұрғым келеді деп айта алмаймын.

Қазақстандық болу не демек?

Мен үшін қазақстандық болу – Қазақстан мәдениетінің бір бөлшегі болу. Қазақстан мәдениеті алуан түрлі, тіпті бейпропорционал тұрғыда әртүрлі. Алайда қазақстандықтарды біріктіретін үш құндылық бар деп ойлаймын, олар – отбасы, мәдениет және бір нәрсеге тиесілі болу. Өзінің ұлты, мәдениеті, қоғамы, елі мен дінінің бір бөлшегі болу – әркімді мазалайтын сұрақ.


Байқайтыным, қоғамда адамдардың бір-біріне шыдамдылық танытуы азайып бара жатқан секілді. Бұл тенденция адамдардың бұрынғыға қарағанда өздерін бақытсыз санайтынына байланысты ма? Менің ойымша, алдымен өз-өзіңді таппай, бақытыңды табу мүмкін емес. Қоғам бақытты болуы үшін оның әрбір мүшесі өз-өзін тауып, ұнаған ісімен айналысуы керек. Неғұрлым ертерек алға қадам басса, соғұрлым өзіне жақсы.


Қоғамның шыдамды болғанын қаласақ, онда бұл мектептен басталуы керек. Менің мектебімде оқушыны нәтижесіне қарап бағалайтын. Қандай баға алғаныңды іліп қоятын. Жақсы оқысаң – саған жақсы қарайтын, нашар оқысаң – сені шеттетуі мүмкін. Осындай жағдайлар қоғамның бөлінуіне әкеліп соғады. Мектептерде оқушыны әр адамға шыдамдылық танытып, ортақ мәмілеге келуді үйретсе екен деймін. Бұл адамда өзінен өзі пайда болатын қасиет емес. Мәмілеге келу – өзің қалаған нәрсеңді істеп қана қоймай, сондай-ақ біреудің көңілінен шығу үшін бір нәрсеңді құрбан ету, оның көзқарасын құрметтеудің бір түрі. Өзге біреу де саған солай қарайтын болады. Осындай жүйенің нәтижесі де жемісті болатын сияқты.

Безендірген: Жаңыл Мұхтарқызы
M

Читать также: