ӨМІР

Қазақ(стан)ның ұлттық келбеті: біз кімбіз?

Еліміздің тұрғындарының ұлттық келбеті қалай анықталуға тиіс – қазақ па олар, қазақстандық па? Айзере Малайсарованың осы сұраққа жауап іздеуі нәтижесінде қазақстандықтардың ұлттық келбеті тақырыбына арналған өмірден алынған әңгімелер мен ой-толғамдардан тұратын материалдардың тұтас сериясы өмірге келген.
Айзере Малайсарова

12 сәуір 2023

Мен ұзақ уақыт бойы өзімнің шыққан тегімді мойындамай келдім. Қазақтығым кемшін сияқты еді: қазақша сөйлемеймін, қазақ әдебиеті мен салт-дәстүрін білмеймін, тіптен ет жемеймін. Жақында Book Kultura Lab-пен танысқанмын, ол тек менің ғана сондай еместігімді және мен секілді өздерін жоғалтып алғандардың бұл үшін тарихи негіздері болғанын көрсетіп берді.


Бұл өмірде мені ең алдымен қызықтыратын – адамдардың өмір тарихы, сондықтан «Қазақ(стан)ның  ұлттық келбеті: біз кімбіз?» деген атаумен мақалалар сериясын жазуға ұйғардым. Бұл атау Қазақстан халқының ұлттық келбеті қандай болуға тиіс – қазақ па, қазақстандық па деген әлі нүктесі қойылмаған пікірталасқа сілтеме де бола алады. Аталмыш еңбегімде аралас ортада қалыптасып, өзінің ұлттық келбеті туралы толғанып жүрген адамдарды сөйлетпекпін. Кім екенімізді өзіміз-ақ анықтаймыз. Ұлттық келбет сан түрлі болады әрі икемді және өмір сүру барысында өзгеріп отырады, бұл қалыпты жағдай.


Бұл орайда алғашқы сөйлескен адамым – Дәмира Тәжіғали, психолог, гештальт-терапевт ретінде енді ғана жұмысқа кірісіп жатыр, Таразда тұрады. Бойында татардың да, немістің де қаны бар, оның қазақша сөйлегенін көргендер таң қалады екен. Дәмира өзін кім ретінде сезінетінін, кім деп білетінін және өзінің ұлттық келбетін ұғынуға қалай келгенін айтып берді.

  
Дәмира Тәжіғали

Дәмира Тәжіғали

26 жаста:
«Мен Таразданмын. Төлқұжатта ұлтымды «қазақ» деп көрсетемін. Алайда үлкен әжем арқылы немістермен, атам жағынан татарлармен туыспын. Үлкен әжем Элеонора Ягода анасымен және ағасымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға жер ауып келген. Әкесі 1937 жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны. Соғыстан кейін ол менің арғы атам Рақымжанға, нағыз қазақ баласына тұрмысқа шығып, ислам дінін қабылдаған, өле-өлгенше намазын қаза қылған емес. Үлкен әжем мейірбике болып істепті. Колхоздағы талай әйелді сол әжем босандырып алған – сол кісінің арқасында екі жүзден астам сәби жарық дүниеге келіпті. Ұлттық келбетімді анықтағанда үлкен әжемнің тағдырын да ескеруім керек, бұл өте маңызды.


Өзімді ұнатамын мен, сыртқы кейпім де ұнайды, бірақ «таза» қазақ еместігім байқалып тұрады. Біреулер менің қазақ екеніме сенбейді, қазақша сөйлесем болды, сұрақ қарша борайды: «Сен қазақсың ба? Неге сөйлемейсің қазақша?» Ұлттық келбетіміз туралы мәселе үй-ішімізде де қозғалған – өз әжем де мен сияқты. Жұрт оның қай ұлтқа жататынын түсінбей дал болады екен. Ауылда туып, ауылда өскенімен орысша да, қазақша да судай ағып тұрғанына таңырқайтын болса керек. Бір жылдары шет елдерде болғанда бәрі оны өзіміздің адам деп ойлапты.

Қайда жүрсе де сол халықтың өкіліне ұқсайды, бірақ бөтен екені де байқалып тұрады. Бірақ өзіміз әрқашан этникалық қазақпыз дейміз
Біз – өз әулетімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын орыс тілді отбасымыз, соған қарамастан 90-шы жылдары көшіп кеткен неміс делегациясымен де өте татумыз. Әулет деп нағашыларымды айтып отырмын. Үлкен әжем алты бала туыпты, жақсы болсын, жаман болсын – әлдебір жағдай бола қалса әулеттің үлкендері кіші атамыздың үйіне жиналып, не істейтіндерін ақылдасады. Әулеттің бұл бөлігі екі тілде сөйлейді, бірақ қазақ тілі басымдау. Біз мұсылмандық салттарды ұстанамыз, бірақ дінді өмірлік философия деп танымаймыз. Ешкім намаз оқымайды, бірақ бас қосқан кезде Құран оқимыз, құрбанға қой немесе жылқы соямыз.


Мен әуелі қазақ сыныбында, кейін қазақ мектебінде оқыдым. Ол кезде қазақ тілінен білетінім «ақымақ» деген бір-ақ сөз болатын. Сабақта не айтылып жатқанын түсінбеймін. Төртінші сыныпқа дейін әжем оқытты. Мен түсінуім үшін қазақша сөздерді орысшаға аударатынбыз, сосын басымда бірдеңе қалуы үшін оны қайтадан кері аударамыз. Қазақша өлең жаттау үшін түнімен ұйықтамай шығатынмын. Соншама шыдамдылық танытып, мейірімділік көрсеткені үшін әжеме рахмет.


Қазақ сыныбына кірігіп кеткеніммен қазақ тілді ортада өзімді жайсыз сезінетінмін. Бұл қоғамда өзімнің кім екенімді ұқпаушы едім. Орыс тілді балалармен дос болатынмын, бірақ ауладағы немесе мектептегі балалар неге өйтесің деп сұрайтын. Жақын құрбым корей қызы болды, есімі Ирина, артық сұрақ туындамауы үшін оны Инара деп таныстыратынмын.

Кереғар сезімде болушы едім: сыныпта әдеби тілде оқимыз, ал нақты өмірде адамдар қазақша дөрекі сөйлеседі – балағат сөз бен сленг қана. Қазақтың әдеби тілін ешкім қолданбайды, Абай мен Әуезов, келер ұрпақтың қамы үшін құрбан болған алашордалықтар туралы айтпаса да болады. Алайда нақты қазақ тілінің көшедегі нұсқасын қабылдай алмайтынмын. Қазақшам қай деңгейде, қазақша сөйлегенде өзім қандаймын – әлі күнге дейін білмеймін. Өзімнің қазіргі жағдайымды және заманауи Қазақстанды дәл бейнелейтін тұрмыстық қазақ тілінің стилін енді ғана меңгере бастаған сияқтымын.


Мен өзімді сөз бен мәтін арқылы таныдым, жазуды бала кезімнен бері ұнатамын. 2022 жылы орыс тіліне көзқарасым қатты өзгеріп кетті. Наурыз айында орыс тілінен бас тартқым келмеген, онда өзімнің осы тілмен өмір сүретін бір бөлшегімнен бас тартар едім. Жаздың орта шенінен бастап орыс тілін әлі де қолданып жүргеніме бола өз-өзімнен жиреніп, ашына бастадым. Бұл тілді бір кезде күштеп енгізген, ол қазақ тілі мен Орталық Азия халықтарының тілдерін жұтып қойды. Ал мен әлі күнге дейін отаршылардың тілін қолданып жүрмін, өзімді сол тілмен шендестіремін және жақсы көремін. Тілге бейтарап қараудан безінер болсам бейне бір өз-өзімнен безінетін сияқтымын.

Осындай ашынумен, жиренумен бетпе-бет келген сайын өмір шындығы осы екенін мойындайсың, амалсыздан келісуге тура келеді
Қазір өзімді қазақстандықпын деп есептеймін. Яғни интернационалдық мәдениетті сіңіру арқылы қалыптасқан тұлғамын. Бойымызға әр алуандықты сіңіргенбіз, сонымен қатар әр ұлттың өкілдері өз тамырымен біте қайнасып кеткен, салт-дәстүрін, тағамын ұмытпаған.


Өз басым ұлттық келбет адамның өз бойынан шығуға тиіс деп есептеймін. Мен үшін бұл мемлекет, әлеуметтік институттар, баспасөз құралдары арқылы емес, өзіңнің достарыңмен, таныстарыңмен араласу нәтижесінде қалыптасатын қасиет. Өз-өзіңе адал болған кезде. Адамдармен тікелей араласқанда олар үшін маңызды жәйттер ортаға салынады, орасан зор қоғамдық қатпарлар қозғалады. «Мен кіммін? Не болып жатыр? Қазақстанда кіммін мен? Әлемде кіммін? Ресей Украинаға шабуыл жасағанда кім едім? Көрші үстелде отырған ресейлікті көргенде кіммін?» – деген сұрақтарға жауап іздеп толғанатын шағын аудитория, қазақстандықтардың сол бір бөлшегі ғана біледі мұны. Өз басым институттарға емес, осы күштерге көбірек сенемін.


Түркияда уақытша тұрған кезде өзімнің бар болмысым, тұла табиғатым Қазақстанға, Орталық Азияға, қазақ халқына тән екендігіне деген ішкі сенімім нығая түсті, сонымен қатар өзімді әлемнің, Жер шарының адамы ретінде сезінуім күшейе бастады. Нақты түркілік тамырдан таралғаныма сенімім орнығып келеді. Түркиядағы өмір сүру нормаларынан өзімізге тән көптеген жәйттарды аңғардым. Ол жақта түрік тілімен, мәдениетімен біте қайнасып кеткен, бірақ өздерін «жұтылып кеткен ұлт» ретінде сезінетін адамдарды, мәселен күрдтерді кездестірдім. Ана тілім орыс тілі болғандықтан біреулер мені орысқа балап жатса өзімнің қазақ екенімді батыл айтамын. Психотерапияны және әлдебір трансцендентті нәрселерді зерттегенде өзіміздің ұлттық дәстүрлеріміздің қаншалықты тереңдігін әрі даналығын ұғынамын.

Таяудағы бес-жеті жылдың ішінде бүкіл Қазақстан қоғамына түгел түсінікті болатындай тұжырым дүниеге келеді деп ойламаймын. Арамыз тым алшақ. Шынымен отыз жыл кетер ме екен, неге соншама ұзақ? Қиялға бой алдырғым келмейді, бірақ сол бір қарапайым ақиқат адамдардың жанына, жүрегіне жеткенше соншама көп уақыт өтеді дегенге келісе алмаймын. Бәрін түсінемін, бірақ келісе алмаймын және бұл мен үшін үлкен қасірет».

Ұлттық келбет деген не?

Ұлттық келбетті жеке тұлға ретінде және әлеуметтік топтардың мүшесі ретінде өзімізді кім деп сезінетінімізге және өзгелер бізді кім деп қабылдап, қалай белгілейтініне қатысты анықтаймыз. Ұлттық келбет гендерлік, азаматтық, этникалық, әлеуметтік, діни-өміртанымдық, кәсіби болып келеді. Яғни әйел, қазақстандық, казақ, атеист, фрилансерка тәрізді ұлттық келбеттің қырлары бір адамның бойынан табыла береді.


Бұрын ұлттық келбет адамның бойында өмірге келген сәттен бастап пайда болатын және өзгермейтін қасиет ретінде қарастырылатын. Қазір халықаралық зерттеушілердің көпшілігі оны ескірген көзқарас деп есептейді, дегенмен ол әлі де кең таралып отыр. Заманауи ғылымда ұлттық келбет – әлеуметтік орта, саясат және мәдениет арқылы қалыптасқан бірлестік және меншіктік сезімі, ол өмір сүру барысында немесе әр түрлі күштердің әсерімен өзгеруі мүмкін деген пікір басым болып отыр.


Өз материалдарымда мен де осы пікірді ұстанамын. Ұлттық келбет мәселесі академиктер мен саясатшылардың аз ғана тобымен шектелмеуге тиіс. «Біз кімбіз? Біз болу деген не?» сияқты сұрақтар қаншама қорқынышты әрі күрделі болып көрінгеніне қарамастан оларға әркім де жауап бере алатынына нық сенімдімін.

Орыс тілінің басымдығы туралы

Кеңес дәуіріндегі Орталық Азия тарихын зерттеп жүрген Мехмет Волкан Кашыкчы түсіндіргендей, қазақтардың өзге ұлттарға қарағанда көбірек орыстанып кетуінің себебі өзгелер ұлтшыл, ал қазақтар ондай болмауында жатқан жоқ. Қазақстан ашаршылық, соғыс, басқа халықтарды көшіріп әкелу және еңбек көші-қоны салдарынан келімсектермен салыстырғанда байырғы жергілікті ұлт азшылыққа айналған жалғыз-ақ одақтас республика. Зерттеушілер қазақ халқының жағдайын науқастың ауыр жарақаттан кейінгі жағдайымен шендестіре қарау керек деп есептейді.


Ауқымы орасан зор әрі көп тілді елді тиімділікпен басқару және бақылауда ұстау тек ортақ тіл мен ортақ жазу енгізу арқылы ғана мүмкін болатын. Білім беру саласына толып жатқан реформалар енгізу нәтижесінде барлық жерде орыс тілі міндетті пән ретінде енгізілді. 1989 жылы ҚазССР-ының астанасы Алматыда қазақ тілінде оқытатын бір ғана мектеп болды. Орыс тілі тіршілік ету тіліне айналып кетті.


Қазақстанда тіл мәселесі әлі күнге дейін өткір күйінде қалып отыр. Конституция бойынша мемлекеттік тіл қазақ тілі, бірақ 2021 жылғы халық санағының алдын-ала қорытындысына сәйкес Қазақстан халқының 20%-ы тілді білмейді. Азаматтардың тең жартысы ғана күнделікті өмірде қазақ тілін қолданады.

Безендірген: Жаңыл Мұхтарқызы
M

Читать также: