ӨМIР

«Солай да солай, қарағым, отыздан асып барамын»

Бізге hello@manshuq.com поштамызға осындай хат келіп түсті. Сондықтан біз ұл мен қыз тәрбиесіндегі айырмашылық туралы ойландық.
Ақнұр Алимбекова

19 тамыз 2020

Бұл жазбаға таныс қызбен әңгіме түрткі болды. Ғаламторда отбасылық тәжірибесімен бөлісіп, қыздарға күйеуінің алдында аздап «ақымақ» болуды үйрететін келіншектің кеңестерін тыңдап, «Шынымен де солай ма?» деп менен сұрады. Ол 33 жаста, тұрмыс құрмаған. Мен бір жас кішімін, тұрмыстамын, үш балам бар. Жақсы көретін адамымның көңіліне қарап үндемей қалған кездерім болды, әрине, бірақ кейпімді өзгертіп «дурочка» болмадым. Ондайыма алдана салатын ақылы аздау еркекті жарым деп таңдамас та едім. Әңгіме негізі басқада. Сол таныс арумен сөйлесіп болып ойланып отырсам, отыздың ортасындағы тұрмыс құрмаған замандастарым біршама. Бойына ойы жарасқан, жоғары білімдері бар, магистратура, марафон, тренингтен өткен. Сонда неге жалғыз? Өздерінен сұрадым, саналы түрде бойжеткен боп қала беретін ойлары жоқ. Демек, жан жарым дейтіндей азамат кездеспеді. Бойдақ атанған алыс-жақын таныстардың арасында жоғарыдағыдай сипатқа, өз сапасын жақсартып жүрген жігіттер жоқтың қасы екенін түсіндім. Бұл мәселенің себебі әріректе жатқан сияқты.


Қоғамдағы ұл мен қыздың тәрбиесі қандай? Ол кейінгі өмірге қалай әсер етеді? Мәселен, кәдімгі қарапайым қазақ отбасын алайық. Кішкентай қыздар ес білгелі өздеріне қойылатын талаптардан көз ашпайды: етегіңді жап, киіміңді таза ұста, сабағыңды жақсы оқы, анаңа көмектесіп үй жина, ыдыс жу, тамақ істе… тізімді шексіз жалғастыра беруге болады. Біз мектеп кезінен жоғары стандартқа сай болуға тырысамыз, себебі нашар оқитын қыз болу ұят, үсті-басы кір-қожалақ, шашы таралмаған қыз болу орынсыз, үйде анаңа көмектесудің орнына барып ойын ойнау дұрыс емес. Мектепті жақсы бітірген қыздар жоғарғы оқу орнында да белсенді. Кейін білімін тереңдетіп, оқуды жалғастырады, не жұмыс істеп ақша табады да ата-анасына көмектеседі. Әрине, бәрі бірдей емес, мен тек орташа есеппен жасалған портретті суреттеп отырмын.


Ал ұлдарда қалай? Сабақ оқымаса да, үйге алқам-салқам келсе де, бос уақытын компьютер ойнап өткізсе де, мусор шелегін он айтқызып бір шығаруға жараса да кешірімді. «Ол ұл ғой!» Бір жағынан еркіндік беріп, екінші жағынан әрекетін табиғатымен ақтап аламыз. Үйде әпке-бауыр, аға-сіңлі қалғанда да ыдыс жуып, үй жинау кімге бұйырады? Айтпаса да түсінікті.


Оның үстіне баланың «ұяда көріп, ұшқанда ілетін» үлкендердің үлгісі қандай? Әдетте әке жұмыстан шаршап келеді, тамақ ішеді, қалған уақытта теледидар көріп диванда жатады. Ана да көп жағдайда жұмыста, үйге кіре сала тікелей асүйге өтеді, демалыста шаң қағып үй жинау, кір жуу – көпфункциялы адам. Оның үстіне баланың қай сыныпта оқитыны, кіммен дос, кіммен қас екендігі, жақсы көретін мұғалімі, қиналатын сабағы – ақпараттың барлығы ананың миына тоқылған. Демек, әкемен не физикалық, не эмоционалды байланыс жоқ. Ұл да, қыз да кейін тура осы сүрлеумен жүріп, әрекеттерді қайталауға бейім тұрады. Отағасының еңбегін жоққа шығарғым келмейді. Шахтер, монтер, қаржыгер, мұғалім, кәсіпкер, бақташы – кім болса да, күні бойы еңбек етіп шаршап келетіні түсінікті. Үй шаруасына араласпайды, әрі балаларымен әңгімелесуге де зауқы жоқ. Дәл сондай қауырт қызметте жүрген әйел туралы не дейміз онда?

тәрбие, қыздар, отбасы
Жақсы, жоғарыдағы себептерге байланысты қыздар университет бітірген соң жұмысқа орналасып, ата-анасына қарайласады, кем дегенде өз нанын өзі тауып жейді. Әрдайым өзіңді дамытып отыру да әдетке айналған, сондықтан магистратура, екінші жоғарғы оқу орны, тренинг, марафон, арықтау, мэйк жасап үйрену, сәнді киім таңдау – бұл жолдағы еңбек толастамайды. Қатырдым, кереметпін дейтін қыздар сирек-ау! Жасы жиырма бестен асқан кезде отбасы, туысқан, әріптес, таныстар тарапынан «Күйеуге қашан шығасың?» деген сұрақ қарша жауып, әр туған күнде «әйел бақытын» тілейтіндер қатары ұлғая береді. Жалғыз болып қалғысы келетіндер аз, серігін тауып, шын махаббатын жолықтыруға ешкім қарсы емес. Бірақ айналасындағы бойдақ жігіттерге қараса... Осы жерде тұрмысқа шықпаған қыздардың өздеріне сөз берейік. Аттары өзгертілген, мамандықтары мен жастары рас.

Арай

әскери қызметкер,

33 жаста

«Менің жасымда үйленбеген жігіттің кездесуі өте сирек, басы бостар көбіне ажырасқандар. Қызға қырындап, көңілін аулауға аса қатты тырыспайды. Жастары ұлғайған сайын романтиканы ұят санайды. Сондықтан танысып, бір қыдырып келген соң бірден жақындасқылары келеді. Бас тартқан кезде қарым-қатынас ұзаққа бармайды. Әрине, осы уақытқа дейін керемет бойдақ жігіттерді кездестірдім, бірақ көзінде жалын жоқ, отбасын құруға, бала тәрбиелеуге құлшыныс жоқ. Араларында тіпті қыздың үйлі-күйлі екенін біліп, пайда көргісі келетіндер де болды. Отбасымнан тұрмысқа шықпадың деген қысым көрген жоқпын, бірақ сыныптастарыммен кездесуге барғанда балалы-шағалы адамдардың ортасында өзімді ыңғайсыздау сезінетінім рас. Жүрегінде иманы бар, намысшыл, адам сыйлайтын азаматпен отбасын құрып, ұрпақ сүйгім келеді».

Зере

заңгер,

30 жаста

«Қазіргі жігіттер... Меніңше олар өздерін көп қыздардың арасында жүрген еркелер сияқты сезінеді. Біреуі болмаса, біреуіне үйлене саламын деген сияқты. Бір жағынан қылмыңдап, жігітке жабысатын, өздерін тауар сияқты көрсететін қыздардың да кінәсі бар шығар. Қоғам да барлық жауапкершілікті қызға артып, болашақта жақсы ана, аяулы жар болатынымызды еске сала береді. Жігіттерге қатысты ондай талаптарды көп ести бермейсің. Тұрмыс құрмағанымның негізгі себебі өз адамымды кездестірмегенім. Бірақ мен жар болуға дайынмын, күйеуге шыққым келеді деген ой жоқ екен. Үйдегілер қысым жасамаса да, жандары ашып, мені қияға қондырғылары келеді, әрине. Қанша жерден жұмыс істеп, өз күнімді өзім көріп жүрсем де, ата-анам мені солар сияқты бағып-қағатын ер азаматтың қолына табыстағылары келеді. Болашақ жарымды өзіммен тең дәрежеде ойлап, бір бағытта қарай алатын адам етіп елестетемін. Менің бойымдағы адамдық қасиеттерімді бағалап, өзгерткісі келмесе екен деймін. Өз тарапымнан болашақ жарымды мен де бар болмысымен қабылдауға дайынмын. Қазақта «тең теңімен» деген сөз бар ғой. Ең бірінші екі адамның санасы, білімі, өмірге деген көзқарасы тең болу керек деп есептеймін».

Лейла

маркетолог,

29 жаста

«Соңғы кезде маған кездескен жігіттер қыздың көңілін аулап, өзіне қарату үшін еңбектенгісі келмейді. Көбінесе қыздардың өздерінен алғашқы қадам жасағанын, жігітке уақытын бөліп, хабарласқанын қалайды. Өзін өзі дамытуға, алға ұмтылуға тырыспайтын секілді. Ал қыздарға болашақта азаматым деп арқа сүйейтін адам керек. Кездескісі келетін қызды таң қалдырып, бір жерге шақырып, романтика жасау мүлдем жоғалып бара жатыр. Отызға тақап қалдым, тұрмыс құру туралы сұрақтарға етім үйреніп, назар аудармайтын болдым. Ал болашақ жарымнан нағыз ер адам болуын талап етер едім. Сөзі ісінен алшақтамайтын, мойнына жауапкершілік жүктей алатын нағыз жігіт болуы мен үшін өте маңызды».

Бұл қыздарға қарап, тым көп талап қояды, кинодағы махаббат пен ақ атты ханзаданы күтіп жүр деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ осы уақытқа дейін бұл қыздар өздеріне қойылған талаптарға сай болуға тырысты. Серігінен де соны сұрауға құқылы. Дегенмен, бұл тек бір тараптың пікірі, жігіттер жақтың ойын да білгіміз келеді. Жоғарыдағы ойлармен келісесіздер ме? Келесі мақалаға сұхбат беремін десеңіздер, мархабат.


Ал бәріне тілерім – махаббат!

Данная публикация произведена в рамках проекта MediaCAMP и стала возможной благодаря помощи американского народа, оказанной через Агентство США по международному развитию (USAID). Manshuq Media несет ответственность за его содержание, которое не обязательно отражает позицию USAID или Правительства США, или Internews.
M

Читать также: