МАНСАП

Қазақ тілі үшін барын берген Рәбиға Сыздықова

Manshuq пен ЦентрКредит Банкіне ортақ «Қазақстан тарихындағы әйелдер бейнесі» атты жоба аясында сіздерді тағы бір талантты қазақ қызымен таныстырмақпыз. Рәбиға Сыздықова – көрнекті ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер және ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ғалымның өмір жолы, зерттеу жұмыстары мен орындалмай қалған армандары жайлы жаңа материалдан оқыңыз.

Гульзада Ксан

22 қаңтар 2025

Қазір қазақ тілі, қазақша сөйлеу немесе қазақ тілінің нормалары дегенде, есіме бірден аудармашы, филолог және тілші Назгүл Қожабек пен оның «Калькасыз қазақ тілі» атты telegram-каналы түседі. Ал Назгүл ханымға дейін ережелерді еске салып, қателерді түзеп отырған біреу болды ма деген сұраққа жауап іздеу барысында филолог, лингвист және профессор Рәбиға Сыздықовамен таныстым.


Бар өмірін қазақ тілі мен ғылымға арнаған Рәбиға Сәтіғалиқызы 1924 жылы 17 тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали Құтқожин өзі орысша оқығанына қарамастан, балаларын қазақ мектептеріне берген. Ғалымның әкесі Сәтіғали 1937 жылы жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Отбасының басына түскен қиындықтарға қарамастан, Рәбиға Сәтіғалиқызы 1940 жылы Темір қаласындағы педагогикалық училищені үздік дипломмен тәмамдап, сол кездегі «Алға» ауылына бастауыш мұғалімі болып орналасады. Соғыс жылдары Рәбиға Сәтіғалиқызы Темір және Ақтөбе қалаларындағы мектептерде ұстаздық етеді, Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер институтын үздік бітіріп шығады және білімімді толықтырсам ба деген оймен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің ІІІ курсына студент болып қабылданады. Оқуды 1947 жылы бітіріп шығады да, сол институттың аспирантурасына түседі.

Қазақ тілі үшін барын берген Рәбиға Сыздықова
Қазақ тілі үшін барын берген Рәбиға Сыздықова
1948 жылы түрік және француз тілдерінің маманы, халықаралық құқық саласында кандидаттық қорғаған тұңғыш қазақ және дипломат Мақаш Сыздықовпен шаңырақ көтереді. Бір жылдан кейін Рәбиға Сыздықова Әсет есімді ұлды дүниеге әкеледі. Бір өкініштісі – Сыздықовтар отбасының бақыты ұзаққа созылмағаны. Баласы беске толғанда, Рәбиға Сыздықованың күйеуі дүниеден өтеді. Күйеуінің өлімі Рәбиғаның басына түскен жалғыз қайғы емес еді. Ұстаздық жолда жүрген Рәбиға Сәтіғалиқызы елуінші жылдары «Халық жауының қызы» деген айыппен ұрпақ тәрбиелеу ісінен шеттетіледі. Араға біраз жыл салып Рәбиға Сыздықова 18 жыл халық жауы ретінде айдауда болған ақын және халық әртісі Шахан Мусинмен отау құрып, бірге білім мен ғылымды, мәдениет пен руханиятты дамытуға бел буады.
Рәбиға Сәтіғалиқызы 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институттың аспирантурасын бітіреді, ал 1957 жылы Ісмет Кеңесбаевтың шақыртуымен Ғылым Академиясына ауысып, зерттеуге ден қояды. Көп ұзамай қазақ тілі диалектология бөлімінің меңгерушісі, институттың партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істеді. 1959 жылы «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Тура сол жылы 15-19 шілде аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында «Әдеби мұра және оны зерттеу» деген тақырып бойынша ғылыми-теориялық конференция өткен болатын. Рәбиға Сыздықова оған да қатысады. Қатысып қана қоймай, сөз сөйлейді және конференциядан кейін Мұхтар Әуезовтен көп мақтау естиді.
«Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша риза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік – тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ой бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты», – дейді Мұхтар Әуезов.
Ал 1961 – 1967 жылдар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тілі тарихы мен диалектология бөлімнің меңгерушісі болды. 1964 жылы Қ.Жұбановқа арналған баяндама жасап, ал кейін «Ғалым-азамат» атты кітапша шығарды. Рәбиға Сәтіғалиқызы 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Өмірін ғылымға арнаған Рәбиға апай зейнетке шыққанға дейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Сонымен қатар, Рәбиға апай білім ордаларында дәріс беріп, білгенін өскелең ұрпақпен бөлісіп, талай шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттерінің бәрі Рәбиға Сыздықованы «Рәбиға апай» деп атайды екен. Ол туралы мен ғалым туралы түсірілген деректі фильмдерден білдім. Ғалымның шәкірттері, әріптестері мен замандастарының бәрі дерлік «Рәбиға апай» деген сөзді аузынан тастамайды екен. Содан мен де өз мақаламда Рәбиға Сәтіғалиқызын «Рәбиға апай» деп атайын деп шештім.
Рәбиға апай 1957 жылдан бастап 1971 жылға дейін Абай шығармаларының тілін зерттеді. Осы жерде Рәбиға Сыздықованың 1945 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойы мен дәстүрлі Тамыз конференциясына қатысуға делегат мүшесі боп барғаны еске түседі. Сол кездегі жас маман өмірінің он төрт жылын Абайдың тілін зерттеуге арнайтынын сезді ме екен деген сұрақ туындайды. Бәлкім бұл сұрақтың жауабы Рәбиға Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» (1968 жыл), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971 жыл), «Абайдың сөз өрнегі» (1995 жыл), «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиген» (1995 жыл) деген еңбектерінен табылып қалар.
Абай шығармаларының тілін зерттеу ғалымды үлкен арнаға алып келді – Рәбиға Сыздықова өмірінің тағы бір бөлігін қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуге арнады. Ғалымдардың бір тобы қазақ әдеби тілі кеңестік дәуірде құрылып, дамыды десе, тағы бір топ әдеби тілдің бастауы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы деп санайтын. Ал Рәбиға Сыздықова болса қазақ әдеби тілінің бастауы ХV ғасырдан ХІХ ғасырға дейін созылған жыраулық немесе ақындық поэзия екенін дәлелдеді. Сол зерттеу нәтижесінде Рәбиға Сыздықова ғылыми ортаға «ауызша әдеби тіл» деген жаңа ұғымды енгізіп, ақын-жыраулардың шығармашылығы мен фольклорлық мұрамызға дұрыс баға беру керек екенін түсіндірді.


Зерттеуден бөлек, Рәбиға Сыздықова орфография мен пунктуация жайлы анықтағыштар, жаңа сөздер мен тіркестертерді түсіндіретін кітап және қазақ тілінің орфографиялық сөздігін шығарумен айналысқан. Ғалым және әдебиетші Қайым Мұқаметқанов Рәбиға Сыздықованы ғылыми еңбектері туралы былай дейді:

«Басқа кітаптарыңызды білмеймін. Мына орфография мен пунктуация жайлы анықтағышыңыздың орны өте ерекше. Бұл кітап арқылы сіз бәрімізге де ұстаз болып отырсыз. Ұстаз бола бересіз».

Рәбиға Сыздықова жыл сайын бір еңбек шығарып отырған. Егер біздің заманымызда өмір сүрсе, Рәбиға апайдың ғылыми өнімділікті көрсететін h-индексі өте жоғары болатын еді. Рәбиға Сыздықованың маңызды еңбектері мынадай:

1954 жыл
«Қазақ тілі методикасының негізгі мәселелері»
1959 жыл
«Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш»
1960 жыл
«Қазақ тілі орфографиялық сөздігі»
1968 жыл
«Абай шығармаларының тілі»
1971 жыл
«Абай өлендерінің синтаксистік құрылысы»
1980 жыл
«Сөздер сөйлейді»
1983 жыл
 «Сөз сазы»
1984 жыл
«Қазақ әдеби тілінің тарихы»
1984 жыл
«Жаңа сөздер мен тіркестер»
Жиырма кітап шығарып, жүзден астам мақала жазған Рәбиға Сыздықованың да әттеген-айы болыпты. 2017 жылы Abai.kz порталына берген сұхбатында Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын зерттегісі келгенін айтып, өкінішімен бөліседі.


«Фариза Оңғар­сынованың шығармалары бойынша көп материал жинап, арнайы зерттеу еңбегін жазбақ болып едім, көзімнің көрмей қалуына байланысты ол ісім аяқсыз қалды. Алайда, Фариза поэзиясының көркемдігі туралы жекелеген мақалаларым жарық көрді. Онда сөз зергерінің шы­ғар­машылығын қай бағытта тал­дау қажеттігін біршама көрсетіп бердім».

Рәбиға Сыздықова 2020 жылы дүниеден өтті. Ұзақ оқыды, ұстаздық етті, зерттеу жұмысымен айналысты, қаншама кітап шығарды, талай шәкірт тәрбиеледі, ұл өсірді, тіл саласында академик атанған алғаш қазақ қызы болды, сіңірген еңбегі үшін көптеген мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды және сіз бен біз қазақ тілін оңай меңгерсін деп жылдар бойы талмай еңбек етті. Енді сол еңбек зая кетпесе екен дейміз. Рәбиға Сыздықованың есімі де, еңбектері де мәңгі есте сақталсын.
M

Обложка: Жания Фазылова

Читать также: