МАНСАП

Онлайн немесе офлайн: екі оқыту форматының артықшылығы мен кемшілігін оқушылар мен мұғалімдер бағалайды

Кезекті оқу жылы аяқталуға жақын, сондықтан біз қазақстандық оқушыларға, студенттер мен оқытушыларға ең өзекті сұрақ қоюды жөн көрдік - онлайн немесе офлайн, қайсысы дұрыс? Сондай-ақ оқу процесі қалай өзгергенін сұрадық. Бұрынғы және жаңа форматтың артықшылығы мен кемшілігі қандай? Қашықтан оқу бізге нені үйретті?
Әлия Баботай 

7 желтоқсан, 2021

Аружан Ахметова,

Аружан Ахметова,

НЗМ оқушысы:
«Менің мектебім пандемия кезіндегі жаңа жағдайға орай айтарлықтай жылдам әрекет етті – барлық оқушылар Microsoft Teams платформасында қашықтан оқытуға ауыстырылды. Барлық офлайн іс-шаралар, соның ішінде жоспарланып отырған емтихан – 10-12 сыныптар үшін сыртқы суммативті бағалау, сондай-ақ он бірінші сынып оқушылары үшін IELTS болмайтын болды.


Бұл орайда ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Бірақ, менің ойымша, онлайн оқуға көшу алынатын білімнің сапасына өте қатты әсер етті. Мысалы, бізде ішкі суммативті бағалау тапсырмаларын орындаған кезде анықтамалық материалдарға қарау мүмкіндігі болды – веб-камера үстелдің жұмыс бетін толық қамтымайды. Көп жағдайда оқушының жеке жауапкершілігі маңызды рөл атқарды. 

Бүгінгі таңда академиялық адалдықты сақтау – барлығына қойылатын міндетті талаптан гөрі, әркімнің жеке таңдауы
Қазіргі кезде сабақтың ұзақтығы 40 минуттың орнына 20 минут болды және мен оқушы ретінде компьютермен оқыған соң бұл қисынды деп ойлаймын, өйткені үнемі компьютермен жұмыс істегенде көзге көп жүктеме түседі. Үшінші тоқсанның басында мектебімнің оқушыларына оқу форматын таңдауға мүмкіндік берілді: қиыстырылған (онлайн + офлайн) немесе толығымен қашықтан оқыту. Онлайн оқу материалдары толығымен Microsoft Teams платформасы арқылы беріледі. Кейбір мұғалімдер материалды игеру үшін Kahoot және басқа білім беру платформаларын да пайдаланады.


Мен онлайн да, қиыстырылған форматта да оқыдым. Пандемия кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталса, қиыстырылған нұсқаны ең тиімді деп санаймын. Бұрынғы үйреншікті офлайн форматқа тең келер ештеңе жоқ болып шықты, өйткені көптеген оқушылар тұрақты Желіге, технологиялық девайстарға (компьютер, планшет, смартфон) қол жеткізе алмайды. Сонымен қатар мектепке барудың өзі тәртіпке салады. Сабақ барысында бар эмоциямызды салып қызығамыз, ал егер оқушыларға оқу қиын болса, мұғалімнің мұны байқауға мүмкіндігі бар. Онлайн сабақ кезінде мұғалім мұндай нәрсені байқамайды, ал оқушы сұрақ қоюға ұялуы мүмкін. Сондай-ақ сыныптастармен бірге тапсырманы талдау пайдалы – олар саған көмектесе алады, ой салып, жөн сілтей алады. 

Ал онлайн форматта «әркім өзі үшін» қағидасы басым
Мен айтарлықтай тәртіпті оқушымын, сондықтан мен үшін таңғы сегізде тұрып, компьютерді қосып, сабаққа кірісу қиын емес. Бірақ бір жылға жуық уақыт қашықтан оқығаннан кейін сыныптастарыңның қасыңда болғаны әлдеқайда үлкен ынтамен оқуға күшті мотивация болатынын түсіндім.

Әдемі Қыдырова

Әдемі Қыдырова

№2 орта мектебі директордың ғылыми-әдістемелік бөлім жөніндегі орынбасары, математика пәнінің мұғалімі, Қарақат ауылы (Жамбыл облысы Рысқұлов ауданы):
«Біздің мектеп қашықтан оқыту жүйесіне өзгелердің бәрі сияқты өткен оқу жылының төртінші тоқсанында көшті. Бұл бір уақытта қиын да, қызықты да болды. Ауылдық жерде интернет байланысы нашар болған соң бұл қиынға соқты, өйткені оқушылар сабаққа уақытында қосыла алмай, үй тапсырмасын қабылдап, жібере алмай жүрді. Үй тапсырмасының бәрі кешігіп келетін. Біз бұған көз жұмып қарадық, өйткені қиындықтың себебі қосылыс ақауында еді, ал бұған олар кінәлі емес. Көп балалы отбасыларда төрт-бес балаға бір-ақ телефон болды. Компьютер мен ноутбук туралы айтпаса да болады. Мұның бәрі процесті айтарлықтай қиындата түсті.


Осыған қарамастан, біз мұндай жағдайда мүмкіндігінше көбірек білім беруге тырыстық. Интернет өте әлсіз болған кезде сабақты презентация, бейнеқоңырау түрінде немесе аудио бойынша ғана жүргіздік. Әртүрлі әдістерді таңдап, дұрысын табуға ұмтылдық. Материалды оқушыларға ұғыныңқы тілде түсіндіруге тырыстық, өйткені онлайн оқытуда қолайлы жағдай болмаса, материалды игеру қиынырақ. 

Ойлап көрсеңіздер, бес балаға бір-ақ телефон болған жағдайда, оның үстіне интернет нашар болғанда «телефонда» оқу оңай емес
Мектепте өтетін сабақта оқушылардың тақырыпты қалай меңгергенін бірден түсінуге, оларды бақылауға болады. Ал онлайн режимінде кері байланыс болған жоқ, балаларға тақырыптың қаншалықты түсінікті екенін анықтау қиын болды. Менің пәнім математика болғандықтан, барлық тапсырманы бүкіл сыныптың көзінше тақтада орындау оқушылар үшін әлдеқайда ыңғайлы, өйткені мен керек кезде оларға бірден көмектесемін, түсіндіремін. Олар есепті тақтаға жазып шығаратын оқушымен бірге материалды меңгереді.


Бірақ қашықтан білім берудің жақсы жағы да бар. Мысалы, біз әртүрлі оқу платформаларын – Zoom, Microsoft Teams пайдалануды үйрендік. Оның үстіне оқушылар ғана емес, мұғалімдер де үйренді.


Осы оқу жылын өзімізге үйреншікті офлайн режимінде бастадық. Әр сыныптағы оқушылар саны барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтағанда он бес адамнан аспайды. Әдеттегі форматқа оралғанымызға қуаныштымыз. Бірақ қашықтан оқытуға қайта ауысу керек болса, біздің мұғалімдер дайын. Өткен жылдың тәжірибесі әр түрлі жағдайда тез әрекет ете алатынымызды түсінуге мүмкіндік берді».

Мая Калиева,

Мая Калиева,

мектепте ағылшын тілі оқытушы, Нұр-Сұлтан қаласы:
«Бұл әңгімені өткен оқу жылының төртінші тоқсанынан бастау керек. Тура аласапыран болды. Ешкім де: балалар, ата-аналар, мұғалімдер, тіпті мектеп әкімшілігі не істерін білмеді. Бұған ешкімді жазғырудың қажеті жоқ деп ойлаймын, мұнда кінәлілер жоқ. Тәртіпсіздік бәрімізді – оқушылар мен мұғалімдерді қатты босаңсытты, өйткені мемлекеттік және сыртқы емтихан болмайтын болды. Төртінші тоқсан «Дем алыңдар!» деген ұранмен өтті. Жаз мезгілі Білім министрлігі мен мектеп әкімшілігінің не істеу керегін ойлануына тамаша уақыт болды.


Тағы бір мәселе – әдетте қырық минутта берілетін материалды жиырма минутта өтетін онлайн форматқа бейімдеу мұғалімдерге қиын болды. Балалардың компьютер алдында жиырма минуттан артық отыруына болмайды, өйткені олар тез шаршайды.


Биылғы оқу жылына дайындықпен келдік. Пандемияның әсерін екі бөлікке бөлуге болады – оң және теріс жағы бар. Үлкен кемшілігі – дәстүрлі үлгіде білім беру кезінде мектепте оқитын балалар әлдеқайда ұқыпты болды, өйткені олардың күнделікті тәртібі болды: тұру, дайындалу, таңғы ас ішу, сабаққа келу және кесте бойынша оқу. Оның үстіне, мұғалімдер оларды бақылай алатын. Тағы бір кемшілігі – онлайн оқыту кезінде балалардың білімі нашарлағаны сөзсіз. Балалар оқуға деген ынтасын жоғалтты, олар қазір өздерінің жайлы аймағында – үйінде, өз бөлмесінде отыр, ал бізді мұғалім ретінде қабылдауы өзгерді. Тағы бір кемшілігі – балалармен қарым-қатынас азайды. Көптеген оқушылар сабаққа қатыспайды, сұраққа жауап бермейді. Мұның себептері әртүрлі: біреу басқаның сөзін бөлуге қорқады, біреудің інілері немесе қарындастары шулап жатады, ал біреу жай ғана көзге түскісі келмейді.


Мектепте буллиңке ұшырағандар үшін онлайн формат өте ыңғайлы. Бұл, әрине, артықшылықтың бірі. Осыған қарамастан, әрбір бала, интроверт немесе экстраверт екеніне қарамастан, құрдастарымен қарым-қатынас жасауды қажет етеді. Онлайн оқыту отбасылық қарым-қатынасқа пайдасын тигізді: балалар ата-анасына, ал ата-ана балаларына жақынырақ болды. Ал ұстаздар өз туыстарымен жақын араласатын болды.


Өкінішке орай, біздегі бағалау жүйесі балаларды бақылауға мүмкіндік бермейді. Кейбір университеттерде бағалау бірнеше бөліктен тұрады: сабаққа келу, сұрақтарға жауап беру, ынтамен қатысу. Қазіргі таңдағы біздегі бағалау жүйесі суммативті-формативті. Бұл мұғалімнің балаларды сабаққа толығымен қатыстыруына мүмкіндік бермейді. Оқушы онсыз да күн сайын баға ала бермейді, ал онлайн жағдайында ол тіптен босаңсып кетті. Оның тоқсан бойы ештеңе істемеуі мүмкін.


Жалпы, мұғалімдердің де ынтасы төмендеді. Мұғалімдердің де балалар сияқты жата тұрғысы, сериал көргісі немесе үй шаруасымен айналысқысы келеді, бірақ олар тәртіп сақтайды. Өйткені, үйде отырып жұмыс істегенде тұрмыстық мәселеге көбірек араласасың. Оның үстіне сабаққа дайындалу керек. Меніңше, пандемияның салдары туралы айту әлі ерте, оны бірнеше жылдан кейін көреміз».

Айнұр Нұрмұхаметова,

Айнұр Нұрмұхаметова,

Шыңжаң педагогика университетінің студенті, Үрімші, Қытай:
«Пандемияға дейін мен күндізгі бөлімде, жылына екі рет – жазда және қыста оқыдым, ал демалысқа үйге келетінмін. Қалған уақытта университет кампусында тұрдым. 2020 жылдың ақпан айында менің демалыстан оқуға оралуым керек еді, бірақ пандемия басталды.


Университет өте жылдам әрекет етті, өйткені бәрі Қытайда басталды ғой. Алғашында карантинге байланысты уақытша онлайн оқимыз деп айтты. Бірақ наурыз айында Қытай тарапы шетелдік студенттердің қайтып келуіне тыйым салды, сондықтан күні бүгінге дейін студенттер қашықтан оқиды.


Сабақ Zoom платформасына ұқсас қытайдың ding ding платформасында өткізіледі. Мұғалімдер презентациялар дайындап, материалды бейнебайланыс арқылы түсіндіреді. Ал біз үй тапсырмасын орындаймыз және жұмысымыздың фотосуреттерін сол платформаға жүктейміз. Онлайн оқу өте ыңғайлы болғанымен, проблема да бар. Техникалық ақау, Желідегі ақау, әлсіз интернет – мұның бәрі сабақтың сапасына әсер етеді. Оның үстіне, кері байланыс жетіспейді. Сабақ барысында мұғалімдер үй тапсырмасын тексеру кезінде бірнеше сұрақ қойып, жазып алады. Осы семестрде біз тәжірибеден өтіп, диплом жұмысын қорғауымыз керек еді. Мұның барлығы онлайн режимде қалай жүргізілетіні маған әлі түсініксіз.


Мен үшін шетелде білім алудың негізгі мақсаты – тілдік ортада болудың халықаралық тәжірибесін алу. Бірақ пандемия халықаралық студенттерді дәл осы мүмкіндіктен айырып отыр. 

Өзінің ана тілінде сөйлейтіндермен тұрақты байланыс, басқа елдерден келген группаластармен қарым-қатынас жасау, университеттегі іс-шаралар, достармен кездесу және аудиториядағы сабақтың өзі – мен осының бәрін сағындым
Ұстаздармен және группаластармен жиі хат алысатынымызға қарамастан, интернет көзбе-көз қарым-қатынас жасауға жетпейді. Сондай-ақ, демалысқа кеткенде, заттарымыздың бір бөлігін жатақханада қалдырдық, бұл құжаттар мен техника. Жатақханада қазір ешкім жоқ болғандықтан, мұғалімдер бұл жөнінде ештеңе айта алмайды. Олар: «Шыдамдылық танытасыздар деген үміттеміз» дейді, бірақ бұдан көңіліміз жайланып отырған жоқ».

Болашақ мамандығын, білім, оқу
Алина Абдрахманова,

Алина Абдрахманова,

Қазақстандағы Geneva Business School өкілдігінің негізін қалаушы және директоры:
«Пандемияға байланысты оқыту үлгісін де, бағдарламаны да толығымен қайта қарауды шештік. Сондай-ақ серіктестер желісін кеңейтеміз және үміткерлерге көбірек таңдау береміз деп ұйғардық. Мысалы, қазір кейбір студенттер HealthCare Management бағытында оқып жүр. Бұрын қаржы саласындағы MBA, мұнай-газ менеджменті ғана көбірек сұранысқа ие болса, қазір пандемияға байланысты денсаулық сақтауды басқару (HealthCare Management) өзекті бола бастады. Өйткені, дәрігерлер тобын немесе бүкіл аурухананы тиімді басқару – бұл медициналық мекемелердегі барлық басшыларға қажетті машық.


Жаңа бағыттарға қоса, біз IN-VR стартапын жасадық. Бұл камера сыныпқа орнатылып, 360 градус түсірілім жасайтын нұсқа. Студент басқа елде болуы мүмкін, бірақ виртуалды шындықтың көмегімен ол өзін сыныпта отырғандай және талқылауға қатысқандай сезінеді. Камералар көздің деңгейінде орналасқан және виртуалды әлемге жүз пайыз енуге мүмкіндік береді. Осы стартаптың арқасында дәрісті дыбыссыз режимге қояйын және үй шаруасы сияқты басқа нәрселерді жасайын деген ниет болмайды. Жоба Geneva Business School базасында сынақтан өтті. Платформа толығымен ендіруге дайын.


Пандемияға байланысты шетелдік мұғалімдердің келуі тоқтатылды. Олар әдетте жоспар бойынша үш апта сайын екі күнге келетін. Бұл кездесулер студенттерге білімін нығайтуға, оқытушымен жақынырақ танысуға, курстастары арасында көбірек нетворкинг алуға көмектесетін еді, мұның бәрі оқуға жақсы әсер етті. Сондай-ақ жол жүру модульдері, іс-шаралар, жабық дәрістер мен шеберлік сабақтары тоқтатылды.


Қашықтан оқудың ең үлкен кемшілігі – қауымдастық элементінің, бейресми қарым-қатынастың, атмосфераның жоқтығы. Студенттердің кофе-брейк кезінде қарым-қатына жасауы көзге көрінгеннен де көп нәрсе бере алады, өйткені бұл ақпарат, инсайт алмасу».

Гүлбар Досмаилова,

Гүлбар Досмаилова,

DOS EDUCATION GROUP негізін қалаушы және директоры:
«Біз 39 елдің университеттерімен ынтымақтастық жасаймыз. Басымдықты бағыттар – АҚШ, Канада, Германия, Испания, Венгрия, Сингапур. Әр елдің серіктес университеттері бар. Пандемияның салдарынан білім беру саласының барлық спектрі - мектептерден бастап университеттерге дейін – зардап шекті, бірақ нұқсанның мөлшері елге байланысты. Еуропалық университеттер азырақ, ал американдық, канадалық, азиялық оқу ордалары көбірек зардап шекті.


2020-2021 оқу жылында университеттердің көпшілігі студенттерге жеңілдік жасады. Пандемияға байланысты көптеген шегерім жасалып, шәкіртақы мен жеңілдіктер берілді. Мысалы, егер үміткер IELTS сертификатын тапсырып немесе алып үлгермесе – университеттер сәйкесінше ішкі емтихан, SAT және TOEFL тапсыруды ұсынды.


Соңғы бір жылда шығармашылық мамандықтарға оқуға түскісі келетіндер көбейді, әсіресе бұл кино, гейм-дизайн мен иллюстрацияға қатысты. Пандемия кезінде көптеген жасөспірім медбике, жедел жәрдем дәрігері және хирург болғысы келді. Қазір аударма ісі, қонақүй менеджменті, бизнесті басқару сияқты мамандықтарға сұраныс аз. Жазғы және қысқа бағдарламаларға түсетіндер ағыны азайды.


Оқуға түскенде қажет етілетін құжаттар пакеті стандартты болып қалды, бірақ оған міндетті тармақ – вакцинация қосылды.


Пандемия – бұл уақытша нәрсе, сондықтан таңдаған мамандығың бойынша оқу керек. Сондай-ақ жеке сұранысыңызды: рейтинг, бюджет, климат, география, тұруға рұқсат алу мүмкіндігі немесе оқуды бітіргеннен кейін жылдық жалақының жоғары деңгейін ескеру қажет.

Менің ойымша, басқа елдердегі оқудың алуан түрлерінің мынадай артықшылығы бар:

Офлайн:
оқуға түсу және өзіңіз қалаған ұзақ мерзімді виза алу мүмкіндігі;
әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік студенттердің арасында оқу;
өзіңіз армандаған елде тұру және Еуропа, АҚШ, Канадаға және т.б. саяхаттау.
Онлайн:
білім сапасы күтпеген жерден жоғары;
уақыт және тұру мен тамақтану шығыны үнемделеді;
тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиеленесіз;
пандемия кезеңіндегі қауіпсіздік.
Алғашында көптеген ата-анада қорқыныш болды, бірақ оқуға түскен студенттер аман-есен оқуына кетті. Қазір біз басқа елде білім алғысы келетіндердің тұрақты легі бар екенін көріп отырмыз және 2022 жылы балалардан бастап ересектерге дейін әртүрлі курстарда біліктілігін арттыратын барлық жастағы студенттер санының күрт артатынына сенімдімін. Студенттерге биыл күзге, ал кешіккендерге 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы қысқы интейкке түсуге үлгеруге кеңес беремін».

Мұқаба: Азиза Киреева

Суреттерді материалдың эксперттері ұсынған

This project is supported by a grant provided by the U.S. Embassy in Nur-Sultan, Kazakhstan. All opinions expressed are those of the author and do not necessarily reflect those of the U.S. Government or the U.S. Mission to Kazakhstan.


Данный проект реализуется с помощью гранта от Посольства США в Нур-Султане, Казахстан. Мнения, выраженные в материалах, принадлежат их авторам и не обязательно отражают точку зрения Правительства США или Дипломатической Миссии США в Казахстане.

M

Читать также: