Ресми дерек бойынша, Қазақстандағы жастардың 96 пайызы жұмыспен қамтылған. Алайда, бұл олардың әрқайсысы жалақысы жақсы және болашағы бар қызметте деген сөз емес. Өкінішке орай, жағдай көбіне керісінше. Manshuq авторы Меруерт Жолдыбай жұмыс іздеудегі өзінің тәжірибесін бөлісіп, әр түрлі қаладан келген студенттермен әңгімелесті. Сондай-ақ жұмыс тәжірибесі мүлдем болмаған жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіну үшін сарапшының кеңесін алды.
Мен 20-дамын және менің жасым үшін айтарлықтай алуан түрлі жұмыс тәжірибем бар – жастардың классикалық тәжірибесі саналатын промоутер болып қосымша ақша табудан бастап, фрилансер мен блогердің көмекшісі болдым. Алайда, төрт жұмысымның ешқайсысы ресми болмады, яғни мен алданып қалу қатері болса да, тәуекел етіп жұмыс істедім. Менің ойымша, осыған байланысты студенттердің көпшілігі кассир, курьер, кеңесші болып жұмыс істеуге мәжбүр – мамандығы бойынша болмаса да, бұл ресми жұмыс. Өйткені, барлығы бірдей оқуын бітіргенше ата-анасымен бір үйде тұрмайды, бірақ өзін қалай да қамтамасыз ету керек.
Жұмыс іздеу мен үшін әрқашан үлкен күйзеліс болатын, өйткені қанша талпынсам да, жұмысқа қабылдамай қойды. Мен HeadHunter қолданбасын инстаграм таспасынан гөрі жиі айналдырып, кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесін қажет етпейтін ең болмаса бір жұмысты табуға тырыстым. Күш-қуатым мен ынта-жігерім бар сияқты, бірақ ешкім жұмысқа алмайды.
Жұмыс тәжірибесі жоқ адамды барлық жерде елемейтін болса, бұл тәжірибені қайдан аламын? Тығырықты жағдай
Жұмысқа байланысты есімде қалған және мен үшін ең ауыр оқиға - бірінші жұмыс күнінде жұмыстан шығарылуым болды. Ол кезде мен дизайнмен айналысып жүрдім, ал бастық менің бұл салада білімім жоқ екенін білетін. Бірінші рет кішігірім қателік жібергенім үшін мені бірден жұмыстан шығару туралы шешім қабылдады. Яғни, менің тәжірибем болуға тиіс немесе мен бірінші күннен бастап тәжірибелі қызметкерлермен бірдей жұмыс істеуім керек болды. Менің бұл жағдайға байланысты әлі де көп сұрағым бар, бірақ жауабы жоқ.
Екінші қызықты оқиғаға келсек, мен ассистент болып жұмысқа орналастым, бірақ менен SMM маманы міндеттерін орындауымды сұрады: контент-жоспар құру, пост дизайнын жасау және сонымен бірге 24/7 байланыста болу міндеті жүктелді. Шындығында бұл бірнеше адамның міндеті. Жұмыс берушілер студенттердің босаңдығын пайдаланып, ашықтан-ашық қанаушылық жасайтын жағдай көп кездеседі.
Бір жағынан, мұның жастарға тигізетін пайдасы да бар – олар өздерін әртүрлі салада сынап көреді. Дегенмен, жұмысыңды тәжірибелі адамның көмегінсіз маман деңгейінде орындауыңды талап еткенде, қай салада болмасын қолымнан түк келмейді деп ойлай бастайсың. Әр нәрсенің басын бір шалып жүрген, білімі таяз әлдебір оркестр-адамға айналғандай боласың.