10 маусым 2020
Мұны ай мен күннің аманында Қазақстан астанасында өзінің әйелі, ұлдарының анасына азаматтық күйеуінің жасағаны. Және бұл – оның бірнеше сағат бойы әйелін азаптағаны – монтировкамен аяғынан ұрып, тас лақтырып, басынан тепкендері жайлы баяндалған ұзақ посттан қысқаша үзінді ғана. Мұны өзінің фейсбук парақшасында құқық қорғаушы, «НеМолчиKZ» зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қордың басшысы Дина Таңсәрі (Смаилова) жариялады.
Олар үш жылға жуық бірге тұрған. Оның екі жылында, әйелдің айтуынша, ол оны тұрақты түрде соққыға жығып, ешқайда шағымданушы болма, дәулетті әкем мені ақтап алады, ал сені өлтіремін деп қорқытатын болған. Әйел шағымданбаған, себебі қатты қорқып қалған. Өлтіре салу қолынан келеді деп ойлапты. 2020 жылдың 28 сәуірінде орын алған оқиға бұған еш күмән қалдырмады – кісі өлтіру қолынан әсте келер еді.
Әйелдің сол күні басынан өткізгені зәреңді ұшырады. Бұл оқиғаға куәгерлердің саны одан да қорқынышты. Құқық қорғаушының постын мұқият оқысақ бұл сұмдықтың бәрі келесі адамдардың көз алдында болыпты:
– досы, күйеуі оған қоңырау шалып, әйелін қазір құрылыс алаңына әкелетінін айтқан. Досы балға мен жіп дайындап қойған. Құрылыс объектісіне келгенде күйеуі ізіне полицияның түскенін біледі де, дәл сол досын өзінің көлігімен әйелі екеуін алып кетуін сұрайды. Досы келіскен;
– құрылыстағы үш күзетші, әйелін досының көлігіне тыққыштап жатқанын, көлікте соққыға жыққанын жайбарақат бақылап тұрған;
– екінші досы, жол бойы ұрып-соғуын тоқтатпастан күйеуі осы досының көлігімен әйелін бөтен пәтерге алып барған;
– қайынатасы, әйелдің айтуынша, сұмдыққа толы түннен соң қайынатасы пәтерге келген, оның жағдайын көрген соң таныс полиция қызметкерін шақырыпты;
– полиция қызметкері – ол әйелді жалған айғақ беруге мәжбүрлеген: жарақаттың бәрін әйел өзі құлап қалғандықтан пайда болғандай жазғызған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстан үшін аса ауқымды мәселе. Мемлекет зардап шеккендерді не қорғамайды, не қорғауы өте әлсіз. Астаналық әйелдің оқиғасынан көзіміз жеткендей полиция мұндай істерді тергеуге тырыспайды, керісінше тирандарға болысады. Мұның бірнеше себебі бар:
– отбасылық жанжалдармен бас қатыруды қаламайды;
– солай етуге мүдделі.
Көктемде Қазақстанда енгізілген карантин жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. «Бізде коронавирус пандемиясы емес, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пандемиясы», - Кризистік орталықтар одағының басқарма төрайымын Зулфия Байсақова Informburo.kz-ке осылай мәлімдеді. Сәуір айының ортасына дейін ғана 150 сенім телефонына үй тирандары құрбандарынан 300-ден астам арыз түскен.
Бұдан басқа да сандар мен құқық қорғаушылардың үрей ұшыратын зерттеулері бар – зорлық-зомбылық үдемелі сипатқа ие: алдымен ол достарымен және туыстарымен араласуға тыйым салады; содан соң оның қозғалыстары мен телефонын бақылауға алады; бесбармақты дұрыс әзірлемедің деп сөгеді; ақша бермей «жазалайды»; содан кейін әйел қанша тырысқанмен де оның әр әрекетінен ілік табатын болады; әрі қарай – ол оны итеріп жіберуі немесе шапалақпен салып қалуы, сосын соққыға жығуы мүмкін. Мұндай әрекеттері үшін жазасын алмаған тиранды кейін тоқтату мүмкін емес: олар өздерінің әйелдерін жаралайды, тістерін түсіріп, аяқ-қолдарын сындырады, тұншықтырады. Осылайша, түбінде көптеген әйелдер қаза тауып жатады...
Жуырда Ресейде үлкен дау туды. Танымал тележүргізуші және блогер, ана, сұлу әйел Регина Тодоренко сұхбаттарының бірінде келесідей мәлімдеме жасады:
- Ол телефонын алады да: «Күйеуім мен ұрып-соғып жатыр!» – осы сәтте жұлдыз өзінің әлеуметтік желідегі оқырмандарына шағымданып жылап жатқан әйелді сомдайды. – Сенде ми бар ма өзі? ... Оның сені ұрмауы үшін сен өзің не істедің? Оның саған қол көтеруі үшін не істедің?
Интернетте жарылыс болды. Мыңдаған әйелдер мен еркектер (!) Регинаныкі дұрыс емес, ешкімді ешқашан ұрып-соғуға болмайды, ол жәбірлеушілерді ақтап отыр, әйелдерді жек көреді деп жазды. Адамдар оған жазасыз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нәтижесінде әйелдердің (көбіне балаларының көзінше) өмірмен қоштасқан немесе мүгедек болып қалған мысалдарын келтірумен болды. Келесі күні жұлдыз кешірім сұрады. Дегенмен комментаторлардың ашуы тарқаған жоқ. Glamour журналының редакциясы Тодоренконы өзі берген «Жыл әйелі» атағынан айырды. Бірнеше беделді компаниялар жұлдызбен келісімшарттарын бұзатынын хабарлады.
10 күннен соң Регина «Көмектесу үшін мен не істедім?» атты фильм шығарды. Ол түрлі эксперттермен кездесіп, олардан сұхбат алды және түбінде тұрмыстық абьюз мәселесін және оның қаншалықты күрделі екенін түсінді. Фильмнің сипаттамасында «бұл видеоның монетизациясынан түскен барлық қаражат тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес қорына жіберіледі» деп жазылған. Регина фильмде мойындайды: қателесіпті. Оның бұл жұмысын айыбын өтеп, бұрынғы өзі секілді ойлайтын адамдардың бұл мәселеге қатынасын өзгерту әрекеті деп қабылдауымызға болар. Ал бұл – қандай да болсын қадам.
– Шыда!
– Сен жаман әйелсің!
– Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын!
– Ұят болады!
Мұндайды тіпті кейбір мемлекетті кризистік орталықтардың – зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында арнайы құрылған мекеменің - қызметкерлері де айтады7 Онда көршілерге өкпелеу тіпті орынсыз. Human Rights Watch Орталық Азиядағы өкілдері 2019 жылдың желтоқсанында Vlast.kz-ке Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы берген мақаласында былай дейді:
«Кей мемлекеттік орталықтарда қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анық байқалады, сондай-ақ олардың жұмыстарында екі тарапты татуластыру мен отбасын сақтап қалуға аса мән беріледі, тіпті кейде қызметкерлер әйелді айыптап, агрессорды панаға шақырып, татуласуға үгіттейді. Бір әйел естеліктерімен бөліскенде кризистік орталықтағы психологтың оған «Балаларды жетім етпе. Әйелдердің өзі кінәлі» дегенін айтты».
Ресейлік құқық қорғаушылар мен түсінігі бар қарапайым адамдар тым болмаса Регина Тодоренконы өз ойынан бас тартқыза алса, Қазақстанда жәбірлеушілерге деген төзімділік деңгейі тым жоғары. Оған көз жеткізу үшін «Тальго» пойызындағы жолаушы қыздың зорлыққа ұшырауы туралы немесе жуырда Қостанайда қызды ұрып-соғу әрекетіне қатысты материалдың комментарийлерін оқу жеткілікті: әдеттегі «өзі кінәлі», тәлімгерлік «ұяңдау болу керек», тәкаппарлықпен «әдепті әйелді ұрмайды да, зорламайды да», ұят тұрғысынан «мұндайды айтудың қажеті не, мұндай атақ неге керек, үндемеу керек» және тұрпайы «тана көзін сүзбесе» мәніндегі сөздер.
Шындыққа тура қарасақ, кез-келген әйелдің зорлануы не соққыға жығылуы мүмкін.
Қалай киінгеніне қарамастан. Қаншалықты жақсы адам болса да.
Регина Тодоренконың жоғарыда аталған фильмінде эксперт төбеңнен су құйғандай сөздер айтты: «Егер әйел зорлық-зомбылыққа ұшырамаса, ол оның еңбегі емес. Жай ғана жолы болған».
Бір күні кез-келген әйелдің жолы болмауы мүмкін. Және де агрессорларды жазасыз қалдыру мұның ықтималдығын арттырады.
Дегенмен хейтерлердің құлағына бұл жетпейді. Олар естігісі келмейді. Райынан қайтару мүмкін емес. Қателесу оңайырақ – біреулер солай өзін зорлықтан алыстатады, екіншілері кенеттен әйелі «өзін теріс ұстай бастаса» ақтап алатындай үнсіз қалады.
Сондықтан Manshuq редакциясы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен немесе қазір басынан өткеріп жатқан әйелдерге үндеу жолдайды:
Зорлық-зомбылықта әрқашан ТЕК ҚАНА агрессор кінәлі.
Сіздің ар-ожданыңызға ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Бұған сізге Қазақстан Республикасы Конституциясының 17 бабы кепілдік береді: «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» .
Сізді ұрғаны үшін арыздану ҰЯТ ЕМЕС. Әйелге қол көтеру – ұят.
Үндемей қалмаңыз. Сіздің үнсіздігіңіз азаптаушының жолын ашады. Сіздің қорғаныс құқығыңыз бар және сіз қажетті қорғаныш аласыз.
Сіз жаңа өмір бастай аласыз. Сіз бақытты болуға лайықсыз.
Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ашық арыздана алмайтын болсаңыз, Нұр-Сұлтан қаласының полициясы «маскалар мен антисептиктер келді ме?» деген құпиясөзді ойлап тапқанын біліңіз. 102 нөміріне хабарласып осы сұрақты қойсаңыз диспетчер сізге көмек керегін түсініп, мекен-жайды айтып беруіңізді сұрайды.
Қоңырау соғатын мүмкіндігіңіз болмаса тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы qamqor.gov.kz сайтында арыз қалдыра аласыз.
Сонымен қатар біздің редакциямызға хабарлассаңыз болады, біз сіз барынша көмектесуге тырысамыз, агрессордан қорғайтын пананың мекен-жайын береміз, қолдау көрсетеміз.