Он айдан аса уақыт бұрын Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шықты. 2024 жылы 13 мамырда қазылар алқасының қатысуымен өткен сот процесінің нәтижесінде ол азаматтық некеде тұрған жары Салтанат Нүкенованы азаптағаны және өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазақстанда бірде-бір іс мұндай қоғамдық резонанс тудырған емес. Бұл ел тарихындағы сот отырысы түгелдей онлайн көрсетілген алғашқы процесс болды. Оны күллі Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем жіті бақылады десек артық емес. Кейбір көрсеткіштерге сүйенсек, үкім жарияланған сәтте Жоғарғы соттың YouTube арнасындағы бұл сот трансляциялары үш миллионнан астам қаралым жинаған. Ал Tengrinews-тің YouTube арнасында бұл көрсеткіш 50 миллионнан асып түскен. Егер басқа платформалардағы видеожазбаларды, мәтін түріндегі материалдарды, жаңалық сюжеттерін, жергілікті және шетелдік блогерлер жасаған шолуларды есептесек…
Түрлі ел мен қалаларда Салтанатты еске алуға арналған митингтер өтті. Бұл іс-шаралармен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тануды талап ететін петиция жарияланып, оған 150 мыңнан астам адам қол қойды. Нәтижесінде бірнеше заң тармақтарына өзгеріс еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаза қатая түсті. Осы өзгерістермен қатар, көпшілік арасында Қазақстанда енді бәрі жаңаша болатыны, бұл оқиға халық санасына өзгеріс әкеліп, қоғам ретінде дамып жатқанымыз және енді әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамайтынымыз жайлы көп айтылды.
Бірақ жағдай шын мәнінде қаншалықты өзгерді? Шу мен ақпарат легі басылды, Бишімбаев ісі күн тәртібінен түсіп, жаңалықтар лентасы елдегі басқа да маңызды, қызықты, үрейлі оқиғалар жайлы ақпаратқа алмасты. Бір жылға жуық уақыт өткен соң, бұл мәселеге байыппен және объективті тұрғыда көз жүгіртсек болады.
Алдымен сандарға үңілген жөн болар. Бұл мәселеге қатысты статистиканы жариялап отыратын БАҚ деректеріне шолу жасайық. Мысалы, «Курсив» басылымы ҚР Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйене отырып, кейінгі жылдары полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша мынанша қоңырау түскенін жазады:
Өткен жыл бойынша нақты көрсеткіш журналистерге әлі берілмеген. Дегенмен primeminister.kz сайтында 2024 жылы 20 желтоқсанда жарияланған ақпаратқа сәйкес, «отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға 100 мыңға жуық шағым түскен». Бұл деректер кестеде нақты көрінеді:
Әрине, 2020 жылмен салыстырғанда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға жүгіну жағдайы айтарлықтай азайған. Бірақ пандемия болған жылы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде партнерінен зорлық-зомбылық көрген оқиғалар саны рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өткен жөн болар. Адамдардың үйден шыға алмауы абьюзерлер үшін қолайлы жағдайға айналды: жәбірленуші үнемі оның көз алдында, сыртқы әлеммен байланысуға мүмкіндігі жоқ, жақындарына немесе дағдарыс орталығына кетіп қала алмайды. Ал 2023 және 2024 жылдарды салыстыратын болсақ, айтарлықтай айырмашылықты байқамаймыз. Демек заңның қатаюуы және Бишімбаев ісіне қатысты қоғамдағы реакция тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендете алмаған.
Мұны ҚР Ішкі істер министрлігінің басқа дерегі – отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар (денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру) статистикасы да растайды.
2024 жылғы көрсеткіштер бұдан да қорқынышты. ranking.kz сайтының мәліметінше, өткен жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық салада 1,6 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген (ауыр дене жарақаттары мен кісі өлтіру ғана емес). Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,8 есе көп (ол кезде 578 жағдай тіркелген).
Тұрмыстық қылмыстардың ең үлкен үлесі (39,4%) – дене жарақаты (сегіз ай ішінде 628 оқиға тіркелген). Ал екінші, үшінші және төртінші орындарда денсаулыққа жеңіл дәрежеде (22,2% немесе 354 жағдай), орташа дәрежеде (13,4% немесе 213 жағдай) және ауыр дәрежеде (11,7%, 186 жағдай) қасақана зиян келтіру оқиғалары тұр. Сонымен қатар бестікке кісі өлтіру оқиғалары кіреді.
2024 жылғы сегіз ай ішінде 74 адам отбасы мүшелерінің, партнерлері немесе жақындарының қолынан қаза тапқан.
Өткен жылдың соңында «Настоящее время» басылымы мәселенің ауқымын ашып көрсететін терең аналитикалық материал жариялады.
Көп жағдайда әйелдер өз партнерінен жәбір көреді, тек 12%-і ғана басқа адамдар тарапынан зорлық көрген (Қарағанды медициналық университетінің зерттеуі).
Сауалнамаға қатысқан әр алтыншы қазақстандықтың ойынша, ер адам партнерін ұрып, зорлай алады. Бұл көзқарасты көбінесе ер адамдар қолдайды. Аталған сауалнаманы 2023 жылы БҰҰДБ жүргізген.
Әр санның артында адамдар — жәбір көрген жандардың трагедиясы мен зорлық көрсеткендердің адами болмыстан ада қатыгездігі тұр. «Настоящее время» басылымында жарық көрген материалдан мына үзіндіні келтіре кетсек:
«Астанада ер адам әйелін ұрып, кейін өзі 10-қабаттан секіріп, қайтыс болған. Шымкентте ер адам әйелін және үш айлық қызын аяусыз ұрып-соққан, сәби жансақтау бөліміне түскен. Таразда отбасылық жанжалдың арты өртке ұласып, ерлі-зайыптының екеуі де қаза тапқан. Петропавлда зейнеткер әйелін ұрып-соғып, артынан үйін жарып жіберген. Түркістан облысында ер адам жетінші баласын күтіп жүрген жүкті әйеліне шабуыл жасаған».
Шыны керек, зорлық-зомбылық оқиғаларын біз тек БАҚ-тан оқып білмейміз – ең жан түршігерлік оқиғалар ғана жаңалық бетінен көрініс табады. Жақында бір танысым сыбырлап қана бір оқиғаны баяндап берді: оған көршісі әйелін ұрып-соғып жатқандай көрінген. Сол қабаттағы пәтерден адамдардың ұрысқаны, соққы, айқай-шу, бірнәрсенің сынған дыбысы естілген. Бірақ танысым көршісі әйелін ұрғанына нақты сенімді емес, өйткені денесінен жарақат белгілері байқалмаған – мүмкін, жай ғана жиһазды қиратқан болар. Мұндай жағдайда не істеу керек? Әйелдің денесінде көгерген іздер пайда бола ма деп бақылап, содан кейін ғана арыз жазу керек пе? Көршілермен бұл туралы ашық сөйлескен жөн бе? Әлде бірден полиция шақыру керек пе?
Көп ұзамай осыған ұқсас тағы бір әңгіме естідім: бір әйелдің айтуынша, ол білетін бір отбасында үлкендер балаларын ұрып-соғатын сияқты. Бірақ тағы да нақты дәлел жоқ – тек күдік қана. Мұндайда не істеген дұрыс – дереу полицияға хабарлау керек пе? Ал балаларға не болмақ? Оларды балалар үйіне жібере ме, әлде қарт әжесіне тапсыра ма? Ал егер танысым қателескен болса, жалған айып таққаны үшін жазалануы мүмкін бе?
Бұл сұрақтарға нақты жауап жоқ.
Жағдайға бейжай қарамайтын адамдар мұндайда қалай әрекет етуі керегін түсіндіретін нақты нұсқаулық жоқ.
Зорлық-зомбылықпен күресудің практикасы жоқ
Полиция, билік органдары, психологтар түсіндірме жұмыстарын жүргізуі қажет. БАҚ-та осыған қатысты материалдар көптеп жарық көруі керек: егер тек күдік болса, не істеу керек, ал зорлық-зомбылыққа ұшырағанын білсең, әрекет ету алгоритмі қандай болуы тиіс.
Қазақстан қоғамы бұл мәселе бойынша күн сайын, табанды және бірлесе жұмыс істеуі керек. Өкінішке қарай, бір ғана оқиға төңірегіндегі резонанс жеткіліксіз.