ӨМІР

Жан айқайы: мені ешбір жан елемеді

Өзін жапанда қалған жалғыз адам болып сезінетін жасөспірімнің басына қандай ойлар келеді? Жақын адамдары түсіністік танытпаса, еш елемесе, көңіл бөлмесе, бұл қандай салдарға әкеліп соғуы мүмкін? Manshuq оқырманы бізбен #көңілбөліңіз: маған көмек керек! арнайы жобасының аясында өзінің әңгімесімен бөлісті. Ол жасөспірім кезінде өзіне-өзі екі рет қол жұмсап, өмірін қимақшы болған.
Яна Каримова

Қараша 4, 2019

Мектепте оқып жүргенімде мені сыныпта жиі күлкі қылып, келемеждейтін. Неліктен? Сыныптағы ең кенжесі мен болатынмын (мектепке бес жасымнан бардым), әрі көзілдірік тағатынмын, оның үстіне жасым кішкентай болса да, денем толықша болатын. Өз сыныптастарыммен қарым-қатынастарым нашар болатын. Ол аз болғандай, құрбыларым деп санап жүрген қыздармен келіспеушіліктер туа бастады. Жастайымнан менің қиыншылықтарым - тек менің ғана қиыншылықтарым деген ұстаныммен өстім. Басқалардың онда еш шаруасы жоқ. Тіпті ата-аналарымның да.

өзіне-өзі, жасөспірімдер
Өзіме-өзім қол жұмсау жайлы ең алғаш жетінші сыныпта оқып жүргенімде ойлана бастадым. Мен ол кездері тәтеммен тұратынмын, әке-шешеммен сирек көрісетінбіз. Мен екінші сыныпта оқып жүргенімде, анам егіз туып, мен Астанада тұратын тәтеме көшіп кетуіме тура келді. Бір күні мектептен келгенімде, тәтем еш себепсіз ұрсып қоя берді. Тәтем мен үшін ең жақын адам болатын. Оның сөздері маған өте ауыр тиді. Дәл осы мезетте соңғы шешім қабылдадым. Маған сол кезде керегі тек бір болмашы нәрсе болатын – мені біреу елеп, көңіл бөліп, бар-жоғымды керек қылса. Тек бойжеткен қыз бала ғана ретінде емес, туған қызындай мейірленіп қараса екен деп тілейтінмін. Мені мақтан тұтып, жанұяда әңгіме құрып отырғанымызда мен туралы да сөз қозғаса екен деп армандайтынмын. Білесіз ғой, «анау қыз сондай, мынау қыз осындай..», «ал пәленшенің қызы сөйтіпті..», «құрбымның жиені болса..» деген сияқты әңгімелер ғана. Ал мен туралы сөз қозғалғанда, жақындарым мені тек жазғырып, жамандап, не кінәлап қана сөйлейтін: «сен бұны дұрыс істемейсің, аналарға қарашы, мыналарға қарашы...» Мені әрдайым біреулермен салыстыратын. Салыстырған сайын демім тарылып, бұндай әңгімелерді сабырлықпен қабылдауға не шыдамым, не күшім қалмады. Өйткені бала болғандықтан, мен ішімді кернеп, демімді булықтырып бара жатқан ашудан қалай босанатынымды білмейтінмін. Сол сезімдер мені билеп әкететін. Алдымен долданып ашуланатынмын. Одан соң амалсыздан бұл ашу мен агрессия көз жасына айналатын, ал содан кейін енжарлыққа бой алдыратынмын – мен үшін барлық нәрсе маңызын жоғалтқандай болатын.


Сондықтан, мен енді бұлай өмір сүргім келмейді деп шештім. Мен бұрын да өзіме-өзім қол жұмсау туралы ойлайтынмын, бірақ сол күні мен мектептеп келдім де, ең дұрысы - бәрін тоқтату керек деп шештім. Мен күре тамырымды кесуге бел будым. Өмірді үзудің ең тез жолы сол деп ойлайтынмын. 

Жастайымнан менің қиыншылықтарым - тек менің ғана қиыншылықтарым деген ұстаныммен өстім
Ішімнен былай деп ойладым: дәрі ішсем, мені құтқарып қала алады, уланып қиналып жатқанымда ақылдарын естіп жататын жәйім жоқ. Бұдан жаман еш нәрсе жоқ. Ал тамырымды кессем, бәрі белгісіз: тірі қаласың ба, жоқ па, тамырыма дәл түсе алар ма екенмін, жоқ па, өйткені кескен кезде сен еш ауырсынуды сезінбейсің. Тіпті ештеңе сезбейсіз. Тұла бойың ғана еріп, балқығандай болады. Демің тарылғанмен, денеңнің ауырсынғанын еш сезбейсің. Барлық сезімдерің ішіңде, кеуде жақта шоғырланады.


Бұл мезетте мен өзім туралы ойлаған жоқпын. Мен басқа адамдар не дейді екен деп ойладым, және ата-аналарым туралы ойладым. Оларды көп уақыттан бері көрмесем де, олар бұны қалай көтерер екен деп ойладым. Қайғырар ма екен, қайғырса, қанша уақыт қайғырады екен? Жоқ, мен өзім үшін еш қорықпадым. Мен жанұям мен тәтем үшін қорықтым. Жүрегі ұстап қала ма екен деп қорықтым, мамам қайғы мен құсадан көз жұма ма екен деп қорықтым. Дәл қазір не болып жатқаны мен үшін маңызды емес болатын, содан кейін не болатыны мазалап, қорқытатын.


Мен еш ауырсынуды сезбедім, өзімді кестім де, кесіп жатып жыладым. Содан соң төсекке жатып ұйықтап кетіппін. Таңертең тұрғанымда, тұла бойым отқа күйгендей қатты ауырсындым, денемнің бәрі тілім-тілім. Тек қолдарым ғана емес, белім, бөкселерім. Ал тәтем болса ше... Тәтем болса, мән де берген жоқ. Мен жараларымды көзден тасаладым деп те айта алмаймын. Әлі есімде, таңертең душқа кірдім де, ауырсынғаннан, өкпе мен реніштен ағыл-тегіл жыладым. Ал жасым тиылған соң, жанымда бірдеңе өшкендей болып, бөлмеден түк болмағандай шықтым. 

Бірнеше жылдан соң қайтадан сондай сезімдер билей бастады. Мен бастаған ісімді соңына жеткізуге бел будым. Бұл Жаңа жыл кезі еді. Ата-анам қайтадан басқа қалада болатын. Мен жалғыз тұратынмын. Ең жақын адамдарың, достарың, ата-аналарың: «Міне, біз қазір кетіп барамыз, бірақ міндетті түрде қайтып келеміз» - деп, опасыздық жасап, алдап кеткендегі сені қандай сезімдердің билейтінін айтып та керегі жоқ. Қасымда тірі жан жоқ. Ішімдегі үмітсіздік пен бостық үйде не шырша, не жайылған дастархан жоқ болғанынан емес, менің ішімде еш сезім қалмағандықтан, жанымды мағынасыздық жайлағаннан болды. Тек қуыс, бос тесік. Мен бұл жалғыздықтан шаршағаным соншалықты, мен өмір сүремін бе, әлде өлемін бе – еш мағынасыз болатын.


Жасөспірім кезімдегі оқиға қайталанды. Мүмкін оғаш көрінсе де, ақтық қадам жасаудан мені бала кезімнен армандаған келешектегі өзімнің жанұям туралы, өзімнің болашақтағы балаларым туралы армандарым тоқтатып қалды. Мен болашақта өз баламды мені ешқашан тәрбиелемегендей, тәрбиелеп өсіргім келді. Өз балаларыма, болашақ жұбайыма барлық махаббатым мен мейірімімді сыйлағым келді. Осы бір ой ғана мені сол кезде құтқарып қалды. Маған өз борышымды орындамай, кетуге болмайтындай көрінді. 

Мен өзімді-өзім бұған дейін білмеппін
Содан бері, міне, бес жыл өтті. Мен өзімді-өзім қадағалап, жақсы нәрсе туралы ғана ойлап, аффирмациялар айтып, медитация жасауға тырысамын. Мен байсалдылық пен күш-қуатты өзімнің ішімнен іздей бастадым. Сондағы түсінгенім, жалғыздық – өзіңмен тереңірек таныса алатын, өзіңнің ішкі «меніңмен» достаса алатын кезең. Өйткені мен өзімді-өзім бұған дейін білмеппін. Әрдайым басқалар не дейді екен деп ойлаумен өтіппін. Өзім туралы ойламаппын, өзіме немқұрайлы қараппын. Бұл уақыт маған өмірден менің өзім үшін не керек екенін түсіну үшін берілген екен. Тағы бір түсінгенім: бақытыңды сезіну үшін, бақытсыздықтан өту керек екенсің. Бұл велосипед тепкендей ғой. Құлаған кезде сен не жылап-сықтап, отыра бересің, не құлаған жеріңнен тұрып, үстіңді қағып, тағы да бір рет тәуекел етіп көресің. Өйткені үйренудің басқа жолы жоқ.

Мен барлық жасөспірімдерге жақсы туралы ойлап, жақсыға сеніңдер деп ақыл айтар едім. Бұл барлығы қолдана бермейтін, бірақ барлығымыздың қолымызда бар өте пәрменді күш. Бұл мезет өткінші, бәрі де өтпелі екенін ойдан шығармаған абзал. Басымдылықтарды дұрыс орналастырып, өзіңді өзің бірінші орынға қой. Өз басыңды алдымен ойласаң, артық етпейді. Өзіңді өзің бағаласаң, өміріңді қадірлесең, ағзаңа сүйіспеншілікпен қарасаң, басқа адамдар да саған мейірімділік пен құрметпен қарайтынын есіңнен шығарма.

Аудармашы: Гаухар Есимханова

Суреттер: Роман Захаро

M

Читать также: