ӨМIР

Жеке оқиға: қыздық пен өзіне-өзі қол жұмсау арасында қандай байланыс бар?

Мөлдірдің фейсбук парақшасында жариялаған постын көріп, біз одан өз басынан өткен оқиғасымен біздің оқырмандарымызбен #көңілбөліңіз: маған көмек керек! арнайы жобасының аясында бөлісуін өтіндік.
Молдир Албан

24 қантар 2020

Әлеуметтік желілер Қарақат Әбденнің «Сен қазақтың қызысың. Мақтан» атты кітабының жарық көруіне байланысты дүрліккені бәрімізге мәлім. Кітаптың шовинистик негіздемесін есепке алмай-ақ қояйық. Бұл кітапта автор бойжеткен қыздармен өзінің жеке тәжірибесіне негізделген лайфхактарымен бөліседі. Лайфхактардың бірінде былай делінген: «... 13 Лайфхак. Сенің қыз ретіндегі абыройың, тазалығың өмірде басыңды жоғары көтеріп жүруіңе көмектеседі...».

 Осындай көзқарасты қолдамайтын адамдардың сезімдері маған түсінікті
Осыдан үш жыл бұрын, 18 жасымда сыныптасымның мені зорлағаны жайлы ашық жариялап айтқан болатынмын.


Бұл зорлықтан кейін мен екі жылдай ер адамдарды қасыма жолатпадым.


Мен ол кезде келісім-шарт бойынша әскери қызметші болып жұмыс істеп жүрдім. Көп ұзамай бір жас офицер лейтенантпен таныстым, ол жігіт менің көңілімді табу үшін барынша тырысты. Үйлену, отбасын құру жайлы ойлана бастадық, ол мені өзінің жақын достары және жанұясымен таныстырды. Бірде саябақта серуендеп жүріп, бір сәкіге жайғасып отырдық. Ананы-мынаны айтып, әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Күтпеген жерден ол маған дейін ер кісілермен қатынасың болды ма деп шетін сұрақ қойды. Мен жауап қайтармайын деп едім, бірақ ол маған үйленем деген ниеті жайлы айтып, келешекте жануя құратын болсақ, арамызда айтылмаған нәрсе қалмауы тиіс деп, айтқызбай қоймады. Мен оған басымнан өткен зорлық жайлы бар шындықты айтып бердім. Бұны естіген ол төбесінен тас түскендей бір сөз айтпастан жым-жырт болып отырып қалды. Үндемеген күйі ұзақ отырдық. Кенет, ол бар күшімен сәкіні жұдырықпен ұрып, қолын жаралап алды. Мен шошып, не істерімді білмей, жылап жібердім. Ол болса, менің үрейге толы көздеріме қарап, мені құшақтап, бәрі жақсы, маған айтқаның дұрыс болды деп жұбатқан сияқты кейіп көрсетті.


Біраз уақыт өткен соң ол мені өзінің пәтеріне қонаққа шақырды. Сол жерде мен оған сеніп, екеуіміз жақындастық. Мен өзімді (мейлі аз уақыт болса да) бақытты жан болып сезіндім. Осындай «бұзылған» күйімде мен енді ешкімге керек емеспін, енді ешкім маған үйленбейді деген үрейлерім орынсыз болыпты деп ойладым. Өзімнің нағыз ерімді, шын жарымды тауып, енді екеуіміз бақытты боламыз деп сендім.

қыздық, өзіне-өзі, жасөспірімдер
Бірақ... бірақ ол сол күннен бастап өзгере бастады. Енді біз аз сөйлесетін болдық. Түрлі сылтауларды айтып, менен қашқақтайтынды шығарды. Мен оған сеніп, күтумен болдым. Сөйтіп сеніп жұргенімде ол еш нәрсе түсіндірместен, менің қоңырауларыма, смс-теріме жауап бермей жоқ болып кетті. «Мені іздеме, арамызда бәрі бітті» деп жазып, өмірімнен ғайып болды.


Алдымен зорланған, содан соң жан-тәнімен сенген сүйіктісі опасыздық жасап тастап кеткен жиырма жастағы талшындай қыздың бойын қандай сезімдер билейді?


Ол кеш әлі есімде. Жексенбі күні болатын. Әдеттегідей монша жақтық. Мен әкемнің «Рапира» ұстарасының жүзін тауып алып, күре тамырымды кестім.


Білегімді бойлай аққан қанға қарап отырып: «Осылай бәріне жақсы болады», «Мен ласпын», «Мен бұзылғанмын» деп ойладым. Көп уақыт бойы моншадан шықпаған мені іздеп, ата-аналарым есікті қаға бастады. Есімді сонда ғана жидым. Қолымды бір дәкемен қатты таңып алдым да, киініп, моншадан шықтым. Анам медик болған соң қанды қалай тоқтату керектігін жақсы білетінмін. Болған оқиға жайлы ешкімге айтпадым – мені есінен адасқан деп, емханаға жауып қоя ма деп қорықтым.

Келесі күні менің таңылған қолымды ротаның саяси жұмыс жөніндегі офицері көріп қалып, өзіне шақырып, қал-жағдайымды сұрастырды. Мен қолымды әйнекпен кесіп алдым деп өтірік айттым. Бірақ ол мені жігітім тастап кеткені жайлы білетін еді. Мен бұл офицерге бұл оқиға жайлы ешкімге тіс жарып айтпағаны үшін ризамын. Ол көмек керек болып жатса айтарсың деп қоя берді.


Әлі күнге дейін анда-санда телефонмен сөйлесіп тұрамыз.

Сол қолымның білегіндегі із - тамырымды бойлай өткен жіңішке сызық сол кешті және бойымда өрт болып тулаған сол кездегі сезімдерімнің естелігі сияқты.


Әлеуметтік жүйелерде бұл туралы айтқанымда дәл осындай шу шығады деп ойламаппын. Үш жүзден астам реакциялар, көптеген пікірлер, ондаған бөлісулер – қоғамның бұл мәселеге деген көзқарасының айғағы. Қоғам жасөспірімдер мен әйелдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау мәселесіне бей-жайлықпен қарай алмайды. Өткен жылдың өзінде ғана 1300-ден астам әйел өзін-өзі мерт қылған.


Көп адамдар маған жылы лебіз бен қолдау сөздерін жазып, тілектес екендерін білдіріп жатыр. Енді біреулері «жеке өмір жайлы осыншама ашық жазудың керегі не» деп түсінбеушілік танытып, бұл келеңсіз жайтты өтті-бітті деп қарап, осы шақта өмір сүріңіз: психологтарға қаралыңыз деп кеңес берді, кейбіреулері тіпті менің өзімді кінәлап– «киімің сондай болған шығар», «өзің көніп барған шығарсың, үйде ешкім зорлаған жоқ қой сені» деген пікірлер жазды.


Тағы бір жас жігіт: «Біреулер жас шағында әбден ойнап-күліп, содан соң түрлі аянышты ертегілерді ойлап шығарады» деп жазды.


Маған қолдау білдіргендер көбінесе әйел адамдар. Кинода екі адам небәрі сүйісіп жатқан кезде ұялғаннан балаларының көзін жабатын қоғамда өзі өсіп тәрбиеленген әйел түсінбегенде кім түсінеді?


Әйелдің бар қадір-қасиеті мен құндылығы - оның қыздығында, бір кесек тәнінде деп білетін ер адамдар ешқашан түсіне алмас. Бір кесек тәннің жаңа немесе ұсталған «тауар» екенін айқындайтын сапа белгісіне айналғаны – кішкентай қыздарды зорлаудың себебі шығар, бәлкім.

Менің хикаяма ұқсас хикаяларды өз басым көп естідім


Олардың кейбіреулері:


Шымкент жақтың бір қызын бір жігіт саған үйленемін деп сендіріп, төсектес болғаннан соң тастап кетіп, басқа қызға үйленеді. Енді ол қыз қыздығын қайта қалпына келтіру үшін ота (операция) жасату үшін ақша жинап жүр. «Қыздығымды қалпына келтірмей, жанұямды ұятқа қалдырғанымша, өз-өзіме қол жұмсағаным абзал» деп жазыпты.


Алғашқы түннен кейін менің құрбымды күйеуі ұрып-соқты. Ол адам құрбымды оның рұқсатынсыз алып қашып үйленген болатын. Бірақ бұл жайт оны «сен қыз болмай шықтың» деп айыптаудан тайдырған жоқ.


Көршіміздің қызын ұрып соғылған күйі құдалары құдалық өтіп қалыңдық ұзатылғаннан кейін келесі күні төркініне «қыздарыңыз «бұзылған» деп әкеліп тастады. Жігітсымақ күйеуі оны бірінші түннен кейін жыққыға соққан, ал қыздың әке-шешесі құдаларына бір сөз де айтпай, үндемеген күйі қызын қайта қабылдап алған.

Мен бұндай оқиғаларды естігенімде, жаным түршігеді
Бұл қалай болғаны?


Сіздер әлі де қыздық пен өзін-өзі мерт қылу арасындағы байланысты көріп отырған жоқсыздар ма?

Неліктен қыздар оларды біреу ренжіткені жайлы сіздерге - өздерінің ең жақын деген адамдарына айтудың орнына өзіне-өзі қол жұмсағанын жөн көреді?


Өйткені бізді – қыз балаларды – жастайымыздан пәктікке үйретеді. Кішкентайымыздан естігеніміз – алғашқы жақындық тек үйленгеннен кейін болуы тиіс. Олай болмаған күнде өзіңнің күйеуіңе және оның туыстарына қадірің болмайды. Қыздың абыройы - отбасының, тіпті бүкіл ұлттың мақтанышы деп үйретеді бізді. Бізді ең алдымен қыздығымызды сақтап қалуды үйретеді, ал зорлықшылардан қалай аман қалуымызды бізге ешкім айтпайды. Кіп-кішкентай нәзік қыздардың мойнына бүкіл ұлттың абыройы артылып отыр. Қыздар өздерінің тәнінің қалауы мен отбасының абыройы арасында таңдау жасау керек.


Таразыда өзінің жеке басы немесе жанұясы.


Әр қайсымыз үшін алғашқы секс – орасан стресс, өйткені біз жыныстық қатынасты абыроймыздан арылтатын, арымызға дақ түсіретін лас нәрсе деп қабылдап үйреніп қалғанбыз.

Егер менің әке-шешем менің құндылығым бір кесек тәнде емес, өзімде екенін айтса, өз-өзіңе сүйіспеншілікпен қарап, әрдайым дамуға тырыс деп айтса, қандай жағдай болмасын сені қолдап қол ұшын береміз деп айтса, сені әрқашан сүйеміз деп айтса -мейлі мен пәк қыз болайын, мейлі жігітіммен жақындасып махаббаттан басы кеткен ақымақ болайын, егер етеккір циклі жайлы түсіндіріп айтып берсе, ол ұят не лас емес, табиғи процесс екенін айтса, егер ұрықтандырудың не екенін, оның қалай болатынын түсіндірсе, қалаусыз жүктіліктен қалай сақтану керектігін түсіндірсе, тым жас шақта ана болудың денсаулыққа тигізетін әсері және қоғамдық тұрғыдан алғандағы келеңсіз жайттары жайлы айтса, мен екі мәрте өзіме-өзім қол жұмсамас едім. Жападан жалғыз қайғы-қасірет шегіп, азаптанбас едім. Оның орнына әке-шешеме жай ғана барып, мені осылайша біреу ренжітті деп айтып, қолдау әрі көмек сұрар едім, олар мені құшағына алып, қолдау көрсетіп, әлпештеп, өткен оқиғаны жаман түс сияқты жадымыздан өшіріп тастар едік.


Бірақ, өкінішке орай, өмірде бәрі басқаша. Қыздар бастарына түскен тауқыметпен жалғыздан жалғыз арпалысуға тура келеді. Біреулері қыздық пердесін қайта қалпына келтіріп, болашақ күйеуін алдап тұрмысқа шығады, енді біреулері бәрін ішіне тиып, қорыққанынан бірде-бір жанға тіс жармай, ер кісілерді өзіне жолата алмай өмір кешеді. Кейбіреулер ер кісілермен жасырын түрде кездесіп, өзінің «қыз емес» екенін бәрінен жасырып өмір сүреді. Ал енді біреулер, мен сияқты, өзінің тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдық пікірмен күресуде. Өйткені енді менде басқалар не айтады екен деген үрей жоқ. Бұндай жағдайға бірден келе салмадым, ұзақ уақыт бойы психологтардың көмегімен жан тәнімді ақтарып жұмыс жасадым, жақын адамдарымның тыйымдарымен күресіп, және ұят пен әдептілік аясынан тыс ойлауға қабілетті адамдардың қолдауы арқылы осындай деңгейге жеттім.

Қыздарымызды өз-өзіне сүйіспеншілікпен қарап, өз-өзіне қорғаныш болуын үйретіп өсіргеніміз жөн емес пе?!  
Құрметті ата-аналар, балаларыңызды бұндай шекке келтірмеңіздерші, өтінемін!


Балаңызға тек қиямет жасайсыз!


Қыздық перде бірде-бір әйел адамды сексуалды немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан аман сақтап қалған емес. Ол сіздің қызыңыздың келешегін еш айқындай алмайды. Тіпті оған қатысы жоқ!

Тек білім алу және өзінің хұқықтары мен мұмкіндіктерін білу ғана, әрқашан даму және өзіне-өзі деген сүйіспеншілікті арттыру ғана оған күш бере алады!


Тек таңдау жасасаңыз болғаны, сіз үшін не артық – бөгде адамдардың бір кесек тән жайлы пікірі ме әлде сіздің балаңыздың амандығы әрі бақыты ма?

Суреттер: Азиза Киреева
M

Читать также: