ӨМІР

Куәгер травмасы: зорлыққа куә болғанда не істеу керек?

Біз оқырманымыз бен жазылушылардан зорлық-зомбылыққа куә болсаңыз не істер едіңіз деп сұрадық. Түрлі жауап келді. Бұдан соң психолог әрі гендер бойынша сарапшы Тынычтыкбек Бакытовтан зорлық-зомбылықты көргенде адам не істегені жөн деген сұраққа жауап алдық.
Manshuq

12 ақпан 2025

Біздің сұрағымызға келген жауаптарды үш топқа бөліп қарастыруға болады.


Бірінші топ – бұрын сондай жайтты көргенде араша түсуге, көмектесуге тырысқан, бірақ онысын адамдар түсінбей, келер жолы араласпаймын деп шешкендер. Мәселен, мынадай жауаптар болды: «Бір жолы осындай оқиғаға араласқаным бар. Еркекке «Кет ары! Полиция!» деп айқайладым. Әлгі еркек абдырап қалып, ары кетті. Қыз орнынан тұрғанымен, менімен барғысы келмеді. Еркек қайта келіп, мені оны ұрған жоқпын деп, ананы-мынаны айтты. Күйеуі екен».


Екінші топ – өзінің жәрдеміне әлдекім расымен мұқтаж екеніне көз жеткізіп барып қана көмек қолын созатын адамдар. Олар «Қасына барып, көмек керек пе деп сұрар едім», «Әйел көмек керек десе ғана араласар едім», «Әйел зардап шегіп жатқанын көрсем, полиция шақырар едім», «Менің көмегіме мұқтаж отбасым, жақын адамдарым онсыз да бар. Ал жанжалдан кейін ерінің үстінен тіпті арыз да жазбай, қол ұстасып кете баратын әйел үшін басыңды қатерге тігудің мәні жоқ сияқты» деген мазмұнда жауап берді.


Сауалнамамызға қатысқан әр адамның пікіріне құрметпен қарап, позициясын қабылдаймыз. Өз қауіпсіздігіңізді ойлағаныңыз да, оқиға сіз ойлағандай жалғаспағанда сеніміңіз құрығаны да — маңызды нәрсе. Оның үстіне, зорлыққа куә болған адам онсыз да процесс қатысушысына айналып, өзі де психологиялық жарақат алу қаупіне ұшырайды (бұл туралы мақаланың аяғында психолог әрі гендер бойынша сарапшы Тынычтыкбек Бакытов толығырақ айтып береді). Бірақ біз бұл материалда үшінші топқа кіретін адамдардың хикаясын толығырақ беруді жөн деп таптық. Бұл адамдар зәбір көрген адамды елеусіз қалдырмай, көмек қолын созған, араша түскен. Әрбірі айналаңа деген үмітті маздатады.

Бірінші хикая

Әдеттегі жұмыс күні еді. Құрбыларыммен таңертең ерте кеңсе жанындағы кафеде кофе ішіп отырғанбыз. Үшеуімізден және бариста қыздан басқа ешкім болған жоқ. Бір кезде кафеге бір жігіт кірді. Үстіне әскери камуфляж киіп алған екен. Құрбыларыммен сөйлесіп отырғанымда бариста қыз бен әлгі жігіт дауыс көтере сөйлесіп жатқанын естідік. Кофейня қызметкері әлгі еркектен шығып кетуін сұрап жатты, ал ол айқайлап, қоқан-лоқы көрсетіп, айналаның бәрін төңкеріп тастаймын деді. Бір кезде әлгі жігіт қызға төніп барып, жеки бастағанда зәрем қалмады. Аяғым ұйып қалып, бойымды қорқыныш билеп, не істерімді білмей, мелшиіп отырып қалдым. Құрбыма қарасам, ол да қорқып отыр екен. Бір кезде үшінші құрбым екеуіне барды да, телефонын әлгі жігітке қарата ұстап тұрып: «Мен сізді видеоға түсіріп тұрмын. Ашуыңызды басып, бұл жерден кетіңіз» деді. Құрбыма бірдеңе боп қалмас па екен деп қорқып кеттім. «Біз төртеуміз, ол жалғыз ғой!» деп ойладым сосын. Құрбымның сөзінен кейін әлгі жігіт сыртқа шығып кетті. Кафе сыртынан бізге біраз қарап тұрды.

Екінші хикая

Автобуста кетіп бара жатыр едім. Соңғы қатарда бір қыз екеуіміз отырдық. Бір аялдамада масаң еркек мінді (арақтан масаймаған сияқты). Ол жанымдағы қызға барынша жақындап келді де, барынша еңкейіп, тесіліп қарап тұрды. Әлгі қыз не істерін білмей абдырап, кірпідей жиырылды да қалды. Еркекті байқамағандай түр танытып, телефонына шұқшиып отыр. Мен шыдай алмай кеттім де, қолымды екеуінің арасына қойып, әлгі еркекке қарап тұрып, бар дауысымен: «Не керек саған? Кет ары!» деп автобусты басыма көтердім. Автобус бұл кезде келесі аялдамаға таяп қалған еді. Мас еркек автобустан жүгіріп шығып кетті. Қасымдағы қыз маған ештеңе деген жоқ. Бірдеңе айтар деп күткен де жоқпын. Шок боп тұрғанын білдім. Бірер аялдамадан соң түсіп бара жатып маған қарап басын изеді. Кейін не болғанын ұзақ ойландым. Мен қызға қауіп төніп тұр деп түсінген екенмін. Автобуста отырған басқа адамдар мұны көрсе де, түк болмағандай отыра берді. Мен араласпасам, мына еркек қыздың артына түсіп, ақырында өміріне қауіп төнеді деп ойладым. Өзім де мектепте оқып жүргенімде осындай жағдайға тап болып едім. Егде жастағы бір еркек қыр соңымнан қалмай қойған. Сол кезде ешкім көмектеспеп еді. Бұрындары отбасымда зорлық-зомбылық пен дөрекі қарым-қатынасқа көп куә болдым. Ауыр ойлар түнекке тартқанда ешкіммен сырласа алмай, іштен тынушы едім. Сондықтан басқа біреу менің көргенімді көрмесе екен деймін.

Үшінші хикая

Таңертең жүгіретінмін. Бір күні көлік тұрағының қасынан жүгіріп бара жатсам, бір еңгезердей еркек шүйкедей қыздың шашынан ұстап тұрып, басынан жұдырықпен ұрып жатыр екен. Әлгі әйел тізерлеп, жібер деп жалынып, еркектің қолынан босап шыға алмай отыр екен. Жүгірісімді аздап баяулаттым да, көмек сұрау үшін жан-жағыма қарадым. Ерегескендей айналада тірі жан жоқ. Әйел ана соққыларға көп шыдап тұра алмайтындай көрінді. Солардың тұсына тоқтадым да, алыста тұрып жібер, полицияға хабарласамын деп айқайладым. Мені көргенде ұрғанын қойды. Бірақ әйелді шашынан ұстап, жібермей тұр. Маған боқтап, шаруаң болмасын деді. Мен 102-ге хабарластым да, телефонның дауысын қатты шығарып қойып, көмек керек деп бар даусыммен сөйлей бастадым. Мекенжайды айта бастағанда әлгі еркек маған қарай жүгірді. Мен қаша жөнелдім де, тоқтамай жүгірдім. Ұстап ала ма деп зәрем қалмады. Бірақ ол көп жүгіре алмай, тоқтап қалды. Артыма қарасам, әлгі әйел басқа жаққа қашып бара жатыр екен. Оған қашып кетуге көмектескеніме қатты қуандым.

Төртінші хикая

Мә, осындай кездерде өзімді жаман сезінемін. Тіпті, даусым дірілдеп кетеді. Бір рет қасына барып, «Тиіспеңіз. Ұрмаңыз» дедім. Жігіт ұрып жатқан жоқпын деді. Меніңше, көмек керек болып жатса, қыз айтатын еді. Екінші жағдайда қыз жігітке «Жібер» деп айқайлап жатты, қасында бірнеше қыз тұрды, бірақ олар араласпады. Қолымда бөпем бар, шыдамай «Полиция шақырамын, жіберіңіз» деп едім, қасымдағы сіңлім «Араласпа, таста, агрессивный екенін көріп тұрсың» деп ұрсып берді. Сосын «Балаңды ойласаңшы, саған атылса ше?» деген соң қойдым.

Бесінші хикая

Бұл оқиға 17-ге толған туған күнімде болды. Құрбыларыммен The Spirit of Tengri фестиваліне бардық. Әншілер өнер көрсетіп жатқанда көп адаммен бірге топтасып тұрғанбыз. Біздің қасымызда бір қыз тұрған, менімен шамалас сияқты. Бір кезде оның жанына үлкен ағай келді. Оған дейін әлгі кісі қызға тесіліп қарап тұрған. Бір кезде қыздың қасына келді де, танысайық деп тиісіп жатты. Мазасын алды қыздың. Қызға бұл ұнамай тұрғаны көрініп тұр, танысқысы келмейтінін барынша білдіріп жатыр. Анау қоймайды. Мен қыздың қолынан шап беріп ұстап алдым да, әлгі ағай мен екеуінің арасына тұрып алдым. Қызға: «Қайда жүрсің? Таппай қалдым ғой!» дедім. Құрбыларым менің не істеп жатқанымды түсіне кетіп, әлгі қызбен бұрыннан таныс адамдай сөйлесіп жатыр. Ағайға қарасам, кетіп қалыпты. Әділетсіздікке шыдамағаннан солай еттім. Ойланбастан іске көшкенім рас енді. Әйтпесе әлгі ағай маған да бірдеңе қылмасына кім кепіл?
Тынчтыкбек Бакытов

психолог, гендер бойынша сарапшы

Шын мәнінде, адам басқаға жасалған зорлық-зомбылықтың куәсі болса, мысалы, бала не әйелге зәбір көрсетіліп жатқанын көрген отбасының басқа мүшелері сол процестің тікелей қатысушысына айналады. Адам әлдебір оқиғаға психологиялық не әлеуметтік деңгейде қатысуы мүмкін. Процестің өзіне кіріспесе де, зорлық-зомбылықтың куәсі болса, белгілі бір стресс, мазасыздық не қорқынышты басынан өткеріп, өзін кінәлі сезінуі мүмкін, көмектесе алмаса, дәрменсіз күй кешеді.


Ауыр бір жағдайға тап болған адам үш түрлі реакция танытуы мүмкін:


● «Ұр»

● «Қаш» 

● «Мелшиіп қал».


Адам ештеңе істей алмаса, мелшиіп қалады. Мұндайда міндетті түрде психологиялық жарақат алады. Мұны біз викариялық жарақат деп атаймыз. Яғни, адам зорлық-зомбылыққа куә болады, бірақ көмектесе алмай, абдырап қалады.


Одан бөлек, зорлық-зомбылыққа куә болған адам ешбір әрекет жасай алмағанда дұрыс емес нәрсе болып жатқанын білсе де, көмектеспегені үшін өзін жазғыруы мүмкін. Не көргеніне қарай адамда белгілі бір стресс болып, психологиялық күйі нашарлайды. 


Кейбір адамдарда ішкі конфликт болады. Бір жағынан көмектескісі-ақ келеді, бірақ қауіпсіздігіне қатты алаңдайды. 

Біреудің зәбір көріп жатқанына куә болсаңыз, не істеуге болады? 

Біріншіден, жағдайды бағамдап көріңіз: адамға расымен қауіп төніп тұр ма, сізге араласудың жөні бар ма? 


Мәселен, көшеде екі жас ұрысып тұрғанын жиі көремін. Ер адам әйелді жұлқылап, айқайлап тұрса, мен тоқтаймын да, әйелге қандай да бір қауіп бар-жоғына қараймын. Әйелден «Көмек керек пе?» деп сұраймын. Мұндай жағдайда әйел не қыз тез жауап бере алмай, агрессордың реакциясынан қорқып: «Жоқ, керек емес» деуі мүмкін. Мұндай жағдайда қастарынан кетпей, әйел жалғыз емес екенін еркекке ұқтыру керек. Әдетте агрессор сабырға келеді не сізге атыла бастайды. Екінші жағдайда бірден полиция шақыра беріңіз.

Мұндай сәтте әр адам өзі шешім қабылдауы керек. Бірақ көшеде әлдебір адамнан зәбір көріп жатқан кісі айналадағы адамдар араша түсуге тырыспайтынын көрсе, өзін ешкімге керексіз сезінуі мүмкін. Мұндай ой жапа шеккен адамға ауыр тиеді.


Сондықтан екінші маңызды нәрсе – мүмкіндігінше жанжал болып жатқан жерге барып, «Не болып жатыр? Қандай көмек керек?» деп сұрауға тырысыңыз.


Үшіншіден, біреуді көмекке шақырыңыз. Жағдайға араша түсетін адам тапсаңыз, жанжалды шешу жеңіл әрі тиімдірек болады. Мұның көпке қолжетімді бір жолы – болып жатқан жайтты видеоға түсіру. Кейін не болғанын дәлелдеу үшін айғақ керек болады. Мұндайды көргенде агрессор әрекетін тоқтатуы мүмкін.

Ал үй ішіндегі зорлық-зомбылыққа куә болсаңыз қайтпек керек? 

Мәселен, көрші пәтерден айқай-шу, қоқан-лоқы, тарс-гүрс еткен дыбыстар шығып, біреуді ұрып жатыр-ау дейсіз. Мұндайда құқық қорғау органдарына хабарласып, айқай-шу естіп жатқаныңызды, уайымдап отырғаныңызды айтсаңыз болады. Агрессор енді үйдегі адамға емес, зорлық куәгеріне күш көрсетпес үшін қоңырауым аноним болсын деп сұраңыз.


Үйдегі зорлық әр отбасының жеке шаруасы деген қағиданы ұмытуымыз керек. Зорлық – отбасының жеке шаруасы емес, қоғамның мәселесі.

M

Читать также: