Өйткені бұл қызықты болды, оның үстіне ақша әкелді. Әлбетте, алатыным күлкілі тиын еді, бірақ мұның өзі жақсы болды. 18 жасқа толған күнімде мені штатқа қабылдау туралы бұйрыққа қол қойылды. Кеңседегі жұмыс кезеңі басталды – аптасына бес күн, күніне сегіз сағат. Жалақы, тұрақтылық, жеке үстелі бар офис. Мен өзімнің балалар газетімде жұмыс істедім, сонымен бірге теледидарға сюжет түсірдім, түрлі басылымға мақала жаздым, репортаж жасадым, мәтіндерді өңдедім. Барлық жерде аз жалақы төлейтін, бірақ бәрін қосқанда әжептәуір ақша жиналатын. Ең бастысы, ойланбай жүрсем де, тәжірибе жинап, адамдармен байланыс орнаттым, қарым-қатынас жасау машығын жетілдірдім. Сөйтіп жүргенде өмірге белсенді түрде Интернет еніп, жаңа мүмкіндіктер туғызды және жаңа білім мен дағдыға ие болуға көмектесті. 21 жасымда балалар журналистикасынан кетіп, ойын-сауық журналистикасына кірістім: біреулер үшін клубтық кештер, концерттер, салтанатты кештер мен сән көрсетілімдері dolce vita символдары болса, мен үшін бұл бір оқиға туралы әр түрлі форматтағы әр түрлі басылымдарға мәтін дайындау үшін бірнеше мың символ жазудың мүмкіндігі болды. Бұл кезде де айдың соңында қаламақы мен жалақының бәрін жинап, отбасы бюджетіндегі тесіктерді бітеп, шоттарды төлеу үшін әр түрлі кеңселерде жұмыс істеуіме тура келді. Ал одан артылса, секонд-хенд дүкенінен оңды жейде сатып алуға мүмкіндік болатын – қандай да бір іс-шараға бару үшін дресс-код сақтау керек қой, ал ақша әкелетін нәрсе дәл осы презентация мен премьералар еді. 24 жасымда мен халықаралық франшиза бойынша журнал шығаруға жұмысқа жалдандым, бұл өте қызықты, қиын және беделді жұмыс болды. Онда бес күндік жұмыс аптасы туралы ұмытуыма тура келді – алғашқы төрт айда небары алты күн демалдым. Бірақ ақшасы да айтарлықтай жақсы болды, және ақырында бірнеше басылымда қатар жұмыс істеуді қойдым. Онда төрт жылға жуық уақыт қызмет еттім.
Содан кейін үлкен депрессияға ұшырадым, жүйкемнің бұзылуы екі жылдам астам уақытқа жалғасып, кәсіби тұрғыда титықтау синдромымен ұштасты. Мектептің сегізінші сыныбында оқып жүрген кезімнен бастап көп жылға жалғасқан қарбалас тіршіліктен, үлкен жауапкершіліктен, отызға жуық адамнан тұратын ұжымды басқарудан, басқа да отбасылық және жеке мәселелерден біртіндеп діңкелеп қалдым. Ұзақ уақыт бойы мен не болып жатқанын түсінбей, ақысыз демалыс алып, басқа елдерге «демалысқа» қашып құтылуға тырыстым, энергия жұмсауды қажет ететін барлық әрекетті, соның ішінде жақындарыммен және туыстарыммен қарым-қатынас жасауды қысқарттым, бірақ ақыр аяғында жаңа өмір шындығын мойындап, психиатрдың нұсқауы бойынша антидепрессант дәрі ішуіме және психотерапиядан өтуіме тура келді. Емделу нәтижесінде қабылданған маңызды шешімдердің бірі дәл осы – офистегі жұмысты тастап, дөңгелекте айналған тиіндей кібіртіктеуді қою болды.